«ИННОВАЦИЯ – ИННОВАЦИЯ ҮШІН ЕМЕС, ОЛ – ӨМІРДІ ЖЕҢІЛДЕТУ ҮШІН КЕРЕК!»

Сапарбек Тұяқбаев, ОҚО әкімінің орынбасары:

Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ, ОҚО әкімінің орынбасары:

Расы керек, былтыр жыл басында облыс әкімінің орынбасары қызметіне Ол келген кезде, оның жауапкершілігі мол бұл қызметті алып кететініне күмәнмен қарағандар көп болды. «Жас келсе – іске»  дейді қазақ. Шетелден білім алып, мемлекеттік қызметте Ақорда жақтан ысылып келген жас маман жерлестерінің бұл пікірін аз ғана уақыттың ішінде жоққа шығарып тастады десек асыра сілтегендік болмас. Келе сала инновациялық жобалар арқылы индустрияны дамытуға білек сыбана кірісіп кетті. Ол – кейбіреулер секілді түк бітірмесе де жылтыңдап көзге түсіп қалатындардың қатарынан емес, Оның айқайы да жоқ, алақайы да жоқ. Үндемей жүріп Үлкен істер бітіріп жатады. Содан болар, Оның өзі де, еңбегі де өзгелердің ісінің көлеңкесінде қалып жатады. Солай екен деп өкпелеп не міндет етіп жүрген Ол жоқ. Ол өзгелерге көмектескенді, қуаныш сыйлағанды өзіне Бақыт санайды! Қазірше атын атамай, Ол деп отырғанымыз – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.  Облыс әкімінің индустрияландыру мәселесімен айналысатын орынбасарымен арадағы әңгімеміз өндіріске еніп жатқан инновациялық жаңалықтар төңірегінде өрбіді. Оның әрбір сөзінен қазаққа болсын деген жанашырлық, ұлтқа деген сүйіспеншілік есіп тұрды.

«Оңтүстік кәсіпкерлері – пысық»

– Оңтүстік Қазақстан секілді үлкен аймаққа Сіздің облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалуыңыз кезінде расында да үлкен резонанс туғызды. Бірі Сізді «жас бала» санаса, екіншілері «мемлекеттік қызметтің төменгі сатыларынан өтпеген, ысылмаған» деп  жатты. Әйтеуір, жерлестеріңіз Сізді жылы қабылдай қоймады. Сіз бұған ренжіген жоқсыз ба?
– Мұндай сөзді мен тұңғыш естіп жүрген жоқпын. Түркияда Таяу Шығыс техникалық университетінде, әрі қарай Канаданың Торонто университетінде білім алып, елге 2004 жылы оралдым да, мемлекеттік қызметтегі еңбек жолымды 2005 жылы бастадым. Ол кезде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы аз, ешкім қызықпайды. Мен қатарлы «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген жастардың көпшілігі мемлекеттік қызметтен болашақ көрген жоқ. Сол кезде менің жалақым небәрі 200 доллардың айналасында болды, Астанада бұл жалақыға өмір сүру мүмкін емес еді. «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастардың көбі жалақысы тәуір жұмыстарда істеп жатты. Мемлекет бізге мүмкіндік беріп, шетелде білім алып қайттық, ендеше неге мемлекетке қызмет етпеске деген ұстаным болды менде. Шетелде оқып жүріп ондағы халықтың қалай өмір сүріп жатқанын, экономикасының қалай дамып жатқанын көріп қайттық, сондай жақсылықтарды өзімізде енгізуге ат салыссам деп ойладым. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолым ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен басталды, сол жерде «экономист неге жүр?» деген сынды көп естідім. Шынымды айтсам, ол кезде маған табылған жұмыс осы болды. Бір жылдан соң Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жұмысқа шақырды. Ол жерде көбіне ұйымдастыру жұмыстарымен айналысасың, оған көңілім тола қоймады, менің нақты секторда – экономика саласының қайнап тұрған қазанында жұмыс істегім келді. Сөйттім де ҚР Индустрия және сауда министрлігіне жұмысқа келдім. Көп ұзамай ҚР Президенті әкімшілігіне шақырды. Экономика бөлімінде бір жарым жылдай кеңесші қызметін атқардым, әрі қарай ұйымдастыру бөліміне мемлекеттік инспектор етіп ауыстырды.
Сол жылдары ҚР Президенті әкімшілігі жанынан арнайы топ құрылып, өңірлерді дамыту бағдарламасының концепциясы жасалды. Осы концепцияның авторы өзіміз болдық. «Бизнестің жол картасын», «Индустрияны дамыту бағдарламасын» әзірледік. 2008-2009 жылдары әлем елдері экономикалық дағдарысқа ұшыраған кезде Қазақстанда осыған қарсы іс-шаралар бағдарламасын әзірлеуге қатыстым. Бағдарламаны жасау барысында біз америкалық экономист Джон Кейнстің теориясын негізге алдық. Оның теориясы бойынша, мемлекет инвестициялық жобаларды көбейтіп,  инфрақұрылымға қаржы құюы керек. Біз осындай ұсыныс жасадық, Елбасы мұны қолдады, сөйтіп тиісті бағдарламалар қабылданды. Сөйтіп жүргенде 2012 жылдың басында Елбасының халыққа арнаған кезекті Жолдауынан соң Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, сол жерде аталмыш бағдарламаларды өңірлерде жүзеге асыру үшін орталықтан кадрларды жіберу туралы сөз болды. Өңірлердегі индустрияландыру мәселелеріне жетекшілік ететін маманды облыс әкімдеріне орынбасар етіп жіберу жайы айтылып, Президент әкімшілігіне өңірлерге жіберетін кадрларды іріктеу туралы тапсырма берілді. Маған Оңтүстікке бару туралы ұсыныс жасалды. Оңтүстік –маған жат емес, туған елім. Қазығұрт ауданында туып-өскем, ата-анам, ағайын-туыс осы жақта. Оның үстіне Президент әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып жүрген кезде қызмет бабымен талай рет өңірлерге шығып,тығыз жұмыс жасаған болатынбыз. Бұл өңірдің де ахуалы, экономикалық мүмкіндігі маған жақсы таныс. Сондықтан да көп ойланған жоқпын, келістім. Әрине, осы қызметке келген кезде баласынғандар көп болды, ешкімге ренжіген де жоқпын, оған уақытым да болған жоқ.
– Бағдарламаның жасалуы бар да, оны жүзеге асыру бар. Алайда, бізде көптеген бағдарламаларды жүзеге асыруда науқаншылдық белең алып, кейіннен  түкке керегі болмай қалып жатады. Бүгінде Сіздер қолға алып жатқан Индустрияландыру бағдарламасы да солардың кебін киіп қалмай ма?
– Егер адамда құлшыныс, ниет болса, ол ешбір науқанға қарамай, ісін дөңгелетіп әкетеді. Оның үстіне өзге өңірлерден бір ерекшелігі, Оңтүстіктің кәсіпкерлері – өте алғыр, пысық, белсенді. Осы бағдарламаға сәйкес бәріне бірдей қаржы бөлуге мемлекеттің шамасы жете бермейді, біз тек оларға бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасап берсек дейміз.  Есептеп қарасақ, жаңа бағдарламаның көмегімен бір жылдың ішінде ғана (2013ж) банктерден кәсіпкерлерге 75 миллиард теңгенің несиесі беріліпті. Бұл бағдарламаның артықшылықтары көп, біріншіден, несиені төмен пайызбен алады, екіншіден, жер мәселесін, инфрақұрылымын шешіп беруіміз мүмкін.Мұндай несиелер «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға да беріліп жатыр. Оңтүстіктің бүгінгі көрсеткіштеріне басқа облыстар жақын үш жылдықта жете алмас. Соңғы екі жылда республика бойынша 330  жаңа жоба енгізілсе, соның 130-ы –Оңтүстікке тиесілі. Әрине, мұның бәрі – жаңа жобалар. Бұл жобалардың игілігін ел болашақта көре бастайды. Көбісі шағын және орта бизнес. Ірі жобалардың құрылысын енді бастаймыз.
– Ірі жоба демекші, жуырда Оңтүстікте тоқыма саласында кілем тоқып шығаратын фабриканың ашылатыны туралы хабар естідік. Сөз жоқ, бұл жақсы жоба, бірақ кілемдер шетелден үлкен партиямен келіп жатқанда, шымкенттік кілемдер бәсекеге төтеп бере алар ма екен?
–Біз бұл салада екі фабрика ашуды көздеп отырмыз, оның бірінің құрылысы басталып кетті, бірінші кезеңі таяуда аяқталып қалады. Екеуі толық қуатымен жұмыс істеген кезде 30 желі іске қосылады және республика тұтынушыларының 70-80 пайызын қамтамасыз етеді деп отырмыз. Бұл жобаларды Түркиядан кілем әкеліп сататын екі кәсіпкер қолға алып отыр. Олардың екеуінің де серіктестері – түріктің ірі өндірушілері екен. Баж салығы көтеріліп жатыр, қала берді Түркия Кедендік одаққа мүше емес, сондықтан ол жақтан тауар тасымалдау күн санап қиындай беретіні сөзсіз, кәсіпкерлер соны түсінді. Енді олар өз серіктестерін шақырып, келіссөз жасап, құрылысты бастап жіберді. Егер біздегі екі фабрика қосылса, жанынан жіп иіретін цех ашылады.
Одан басқа тоқыма саласында тағы екі ірі фабрика ашылмақ, ол жобалардың құны – 600 млн. доллар. Соңғы кездері тоқыма фабрикаларында жұмыс тоқтап тұр деген әңгіме көп айталды, бірақ, шындығында олай емес. Жұмыс жүріп жатыр.
–Шымкентте бұрынғы тоқыма фабрикасының өзі өз қуатында жұмыс істей алмай тұр, қолда барды игере алмай жүргенде, тіпті мақта алқабы жылдан-жылға қысқарып бара жатқан тұста жаңа фабрикаларды аша беру қаншалықты қажет? Бұған дейін де бірнеше тоқыма кәсіпорындары ашылды, бұлардың өзі аздық ете ме?
– Аздық етеді. Әрине, мұндай сұрақ толыққанды ақпарат жетіспегендіктен туындайды. Бізде қазір 360 мың тонна шамасында мақта өндіріледі. Мақта алқабының көлемі азайғанмен, мақта шаруашылығына соңғы жылдары енгізіліп жатқан жаңа технологиялардың әсерінен өнім көлемі артып отыр. Бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан барлық тоқыма фабрикалары жабылып 6-7 мың тонна мақтаны ғана өңдеп жатыр. 360 мың тонна мақта дегеніміз – 120 мың тонна мақта талшығы. 120 мың тоннаның тек 6-7 тоннасы ғана өңделіп жатса, бізде резерв үлкен. Сіздер айтқан фабрикалар шикізаттың жоқтығынан емес, айналымда қаржылары жоқтықтан тоқтаған. Олар мақта қабылдап алды ма, соның қаржысын қайтару үшін кем дегенде жарты жылдай уақыт кетеді. Оны тоқиды, бояйды, сатады – бәрі шығын. Олар үшін ұзақ мерзімді айналымға 100 млн. доллардай қаражат керек. Содан кейін мақта бағасы кейде түседі, кейде көтеріледі, сондай жағдайда да олар қаржы жоғалтып алған. Былтыр тұралап қалған осы фабрикаларды тығырықтан шығарудың жолдарын қарастырып, қазіргі таңда екеуі де іске қосылды. Біріншісі «Самұрық-Қазына» әлеуметтік қоры арқылы ұзақ мерзімді келісімге тұрды, екіншісі кәсіпкерлерге тікелей  қызмет көрсету арқылы қаржы табады. Мақта зауыты тоқыма фабрикасына мақтасын өткізіп, олар жіп иіріп береді. Кәсіпкер сол жіпті өзі сатып, фабрикаға мақтасын өңдеп бергені үшін ақысын алып отырады.
Егер бүгінгі жұмыс істеуге мүмкіндігі бар тоқыма фабрикаларының бәрі қатар іске қосылған күннің өзінде 20-25 мың тонна мақта өңделеді екен. Бәрі жабылып жиналған мақтаның жартысын өңдегеннің өзінде, бізге әлі бес-алты фабрика керек болады. Қазір тоқыма саласында жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
– Жіп иірейік, мата тоқиық, бірақ сол мата сұранысқа ие бола алмаса қайтеміз?
– Матаны тігін цехтары сатып алады. Бізде  тігін цехтары бүгінде түрлі сала жұмыскерлеріне арналған жұмыс киімін, мектеп формаларын тігумен шектеліп отыр. Тоқыма фабрикалары бар қуатында жұмыс істеп, мата тоқығанмен, оған сұраныстың үлкен болмайтыны анық. Сондықтан тоқылған маталар экспортқа кетеді. Біздің қазіргі мақсатымыз – тігін цехтарын дамыту. Текстиль бізге дайын күйінде жеткенше 37 деңгейден өтеді екен. Бізде жіп иіру, бояу, мата тоқу бар да, әрі қарай ештеңе жоқ. Ірі тігін цехтары жоқ, сондықтан бір инвестордың есебімен тігін цехы ашылмақ. Оның да жұмыс істеу аясы шектеулі, ол трикотаж киімдер шығарады. Ол  Ресейнарығында сұранысқа ие.
Пилоттық жоба ретінде шұлық фабрикасын аштық. Біз бұл салада қашан да өзімізді Өзбекстан трикотажымен салыстырамыз.  Ол жақта электр жарығы бізден бес есе, жұмыс күші үш есе арзан, мақтасы 15-20 % арзан. Өзбекстан Кедендік одаққа мүше емес, ал баж салығын есепке алсақ, баға теңеседі. Сол себепті біз трикотаж бойынша Ресей нарығын көздеп отырмыз.
«Ютекс» фабрикасының тігін цехынан сүлгі, халаттар шығып жатқанмен, оның бәрі Ресей нарығына кетіп жатыр. Базарға барсақ, өзіміз алдымен отандық емес, шетелдік тауарды сатып аламыз. Өз тауарларымыздың сапасы керемет болса дағы, бренд қуамыз. Ол үшін тұтынушыны кінәлауға болмайды.
– Бұл қазақтардың бойында отандық өнімге деген отаншылдық жетпейді дегенді білдіре ме?
– Егер цемент не металл шығарсақ, ірі келісімшартқа отырып, сата беретін едік, ол әлдеқайда оңай. Ал, тоқыма, азық-түлік саласында тұтынушы нарығына кіру өте қиын. Мәселен, Шымкенттен ыдыс-аяқ жуатын тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашылған. Алайда, жұрттың бәрі ыдысын Fairy-мен жуады, өйткені оның жарнамасы мықты. Күндіз-түні соны көрсете берген соң одан артық зат жоқтай көрінеді. Тіс пасталары да солай жарнамаланып жатады. Ал, біздегі кәсіпорындардың оған қалтасы көтермейді. Соларды қолдау ретінде біз облыстағы барша ауруханалар, балалар бақшасы мен түрлі интернаттарға осы тұрмыстық химияны пайдалануды міндеттедік, осылай біраз көмектессек, кәсіпорын айналым қаржысын жинап, аяққа тұрып кетеді. Сонан соң біздегі кәсіпкерлерде қатып қалған қасаң қағида бар: өзі өнім шығарды ма, өзіндік құнды жоғары етіп қояды да, дилерге түк қалдырмайды. Шетелде басқаша. Мәселен, олар тауар шығарды ма, қазақстандық дилерге 50%-ын береді. Ол жақта өндіруші тауарын шығарды ма, әрі қарай ештеңемен шаруасы жоқ. Олар дилерге мықтап ақы төлейді, жеңілдік жасайды, ал дилерлер көбірек табыс табу үшін өздері клиент іздейді.
Бүгінде біз өндірілген өнімді қалай өткізу туралы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы базасында түрлі семинарлар өткізіп жүрміз. Ол үшін арнайы логистикалық орталық та ашқалы жатырмыз. Облыстан шығатын бүкіл өнім, тауар осы орталыққа әкелінеді, мұнда дилерлер әр затқа бір теңгеден қойса да ұтылмайды. Мемлекеттің міндеті – кәсіпкерге қолдау таныту, оның мойнына ауыр қамытты кигізіп қоюға  болмайды. Кейде жаңа кәсіпорын ашылып еді, неге тоқтап қалды дейтіндер көп.
– Осыны біздің де білгіміз келіп отыр…
–Бұл – нарық заманы. Нарықта біреуі бәсекелестікке төтеп бере алмайды, екіншісі қателеседі, үшіншісінің бизнесте жолы болмайды. Қазір бізде сұйық май шығаратын кейбір заводтар қатты қиналып жатыр. Өйткені, оларға күнбағысты Шығыс Қазақстаннан немесе Ресейден әкелу керек. Біздегі  күнбағыстардың май құрамы төмен. Ал біздің міндетіміз – осыны бақылап, жағдай қиындап бара жатса шара қабылдау. Кейбір кәсіпкерде ұйымдастырушылық қасиет жетпейді, кейбірінде сол салада білімі жетпейді. Сондықтан бізге белсенді кәсіпкерлерді – жеңімпаздарды анықтауымыз керек. Кәсіпкерлікпен айналысуға сауаты жетпесе оқытамыз, үйретеміз, бірақ мемлекеттің қаржысын тиімсіз пайдалануына жол бермеуіміз керек. Бұл – экономиканың заңы. Жаратылыстың заңы сол, бүкіл адам кәсіпкер болып кетпейді, кәсіп ету тек халықтың 20 пайызының қол болар, олар басқаларын асырайды. Сондықтан біз сол  20 пайызды қолдауымыз керек.
Италиялық инвесторлар «ШымкентЦементке» 80 млн доллар инвестиция салып, 7 желтоқсаннан бастап  жаңа жоба іске асырыла бастады. Бұл өнім экологиялық тұрғыда таза, өзіндік құны төмен.

«Топырақтан – бетон көше»

– Сөз басында Сіз Шымкенттен ірі логистикалық орталық ашылатынын айтып өттіңіз. Орталық пайдалануға қашан берілмек?
– Бұл еуропалық талаптарға сай келетін еліміздегі бірден-бір кешен болмақ. Оның бірінші кезеңінің құрылысы басталған, екінші кезеңі келесі жылға қалды. Логистикалық орталық дегеніміз – бұрынғыша айтқанда, «заготконтора». Мұндай орталықты Сарыағаш және Түркістан қалаларынан да ашу көзделген. Бұл диқандардың немесе ірі сатып алушылардың жеміс-көкөністерді осында әкеліп сақтап, қыста қымбатқа өткізуіне мүмкіндік береді. Егер сатып алушы табылса, шаруалар да өнім көлемін ұлғайтуға ұмтылар еді. Орталық жанынан көкөністерді қайта өңдейтін цехтар ашу да жоспарда бар.
Біз қазір Оңтүстіктен инновациялық университет ашу жағын да қарастырып жатырмыз. Ол инвесторлардың есебінен салынады. Бұл бізге инновацияны дамыту үшін қажет. Оқу орны жаңа технологияны меңгерген мамандар даярлап беруі тиіс.
– Бүгінде әлем елдері үшін энергияны үнемдеу көкейтесті мәселеге айналып отыр.  Біз ауылдардағы ескі трансформаторларымызды ауыстыра алмай жүргенде, шетелдіктер баламалы энергия көздерін пайдалануға көшті. Жасыл энергетикамен айналысатын кез жеткенін Елбасының өзі жиі айтады. Оңтүстікте осы бағытта қандай да бір жобалар қолға алынды ма?
– Расында да, Оңтүстікте энергия тапшы.Жартысына жуығы сырттан тасымалданатындықтан бағасы да қымбат. Ендеше, бұл өңірде баламалы қуат көздерін ашу аса маңызды. Бұл үшін жел, күн электр стансаларын салу қажет. Біз үшін күн электр стансасы деген таңсық дүние. Экологиялық таза, кепілдігі жоғары. Көмір, газ сатып алудың қажеті жоқ, тек бетінің шаңын сүртіп тұрса жеткілікті.
– Расы керек, Сіздің есіміңіз атала қалса, көз алдымызға неше түрлі инновациялық жобалар елестейді. Облыста қандай тың жобалар қолға алынғалы жатыр?
– Өндіріс саласына келсек, қазір біз  облыста ірі металлургия заводын салуды жоспарлап жатырмыз. Жаңа технологияны пайдалана отырып жылына 500 мың тонна металл өңдейтін кәсіпорын республика бойынша ірі жоба болып отыр. Оңтүстікке келген соңғы сапарында Елбасы насос шығаратын кәсіпорынның лентасын қиып кеткен болатын, бұл да ТМД-дағы ең ірі технологияға ие.
Қазір біз шағын ғана өрт сөндіруші баллондар шығаратын кәсіпорын  ашу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазір бізде кез келген мекемеде өрт қауіпсіздігі бұрышында үлкен, ауыр баллон ілулі тұрады. Ал біз қолға алғалы отырған жоба бойынша оның көлемі граната секілді шағын болады. Өрт кезінде соны лақтырса жеткілікті.
Тағы бір жоба бұлт технологиясымен жұмыс істейтін «чип» өндіру. Бүгінде телефон, Айфон не фотоаппараттан, бейнекамерадан мәліметтерді компьютерге түсіру үшін кабель жалғайсыз. Ал, мына жоба бойынша қайда жүрмеңіз, телефонға немесе камераға түскен мәлімет бірден компьютерге түсе беретін болады. Мұны қазақ ғалымы ойлап тапқан. Бізде мұндай шағын жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік бар. Шетелде оқып келген жастар бүгінде осындай тың жобаларды іздеп табумен айналысып жатыр.
Біздің ұстанымымыз «Инновация – инновация үшін емес, ол – өмірді жеңілдету үшін!». Инновация, біріншіден, шығынды азайтады, екіншіден, тиімділікті арттырады.
Сайрамда бір жол салдық, оны көпшілікке жақында көрсетеміз. Бүгінде ауылдардағы барлық топырақ жолды асфальттап беруге мемлекеттің мүмкіндігі жетпей жатыр. Ал жаңа жоба бойынша сол топырақты илеп, өзінің химикаттарын қосса, ол бетонға айналып шыға келеді. Ол ыстыққа да, суыққа да төзімді, шыдамды. Мұны американдық ғалымдар 1991 жылы АҚШ Иракка шабуыл жасаған кезде  ойлап тапқан. Ирак – шөлейтті жер, ұшақ қондыратын жер жоқ, асфальтты Америкадан тасып әкеле алмайды. Сонда осы тәсілді қолданып, аэродром салған. Пилоттық жоба ретінде осыны салдық, енді жол салу талаптарынан өтсе, ауыл жолдары үшін осы тәсілді қолданамыз. Ол әрі арзан, әрі аз уақытта салынады.
Біз инновациялық жобалар үшін 90 млн. теңге бөліп, гранттар тағайындадық. Мәселен, бір жас ғалым ДНК-тест ойлап тапты. Қазір ДНК-тест тек Алматыда жасалады әрі қымбат. Ал жас ғалым ойлап тапқан тест түрі баршаға қол жетімді әрі арзанға түспек. Енді оның патент алғанын ғана күтіп отырмыз.
Ғылымға жақын бір кәсіпкер  Латын Америкасынан бір шөптің түрін әкеліп, егіп, өңдеп жатыр. Осы шөпті шаймен қосып демдесе, қанттың дәмін береді, бұл қант диабетінің  алдын алуға таптырмайтын ем. Мұны өсіруге Төлеби ауданының климаты қолайлы екен, грант бөлдік, жер бөлдік.

«Қазақ ешкімнен кем емес»

– Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы республикада алғаш рет Шымкенттен ашылған болатын. Бұл қаншалықты нәтиже берді?
– Мұндай орталық бізбен қатар Алматыдан да ашылған, бірақ екі жақ екі түрлі концепциямен жұмыс істеді. Біз бәріне кәсіпкердің көзімен қарауға тырыстық. Кәсіпкерге қай бағдарламамен несие алады, техникалық шартқа қай монополист немесе қай басқарма қол қояды – бәрібір. Бір терезеден қызмет алатын оның басқа нәрсеге басы ауырмауы тиіс. Біз құжаттарды рәсімдеуде арнайы регламент жасап, бүкіл басқармалармен келісім жасап, үш бағытта жұмыс істедік. Біріншіден, бүкіл рұқсат бір жерден берілуі тиіс.  Мәселен, құрылысқа рұқсат алу үшін шамамен 400 күн кетеді екен, біз мұны 35 күнге әкеп тіреп қойдық. Бастысы, заңнан аттаған жоқпыз.
Екіншіден, сіз, мәселен, түрлі гранттар мен бағдарламалар, банктер қызметі туралы  осы жерден біле аласыз. Бұл уақытыңызды үнемдейді, әрі бүкіл ақпаратты қатар қойып салыстыру да жеңіл. Үшіншіден белгілі бір кәсіппен айналысқыңыз келсе семинарларға қатысып, оқып-үйренуге де мүмкіндік береді.
Бүгінде біздің концепция тиімді болғанын орталықта да мойындап, басқа өңірлерге тәжірибеге енгізу тапсырылды. Бастысы, бұл Елбасы 22 жылдан бері айтып жүрген әкімшілік кедергілерді жойды. Бұл революциялық шешім еді!
Тағы бір инструмент – индустриалды аймақ бойынша. Осындай аймақтарды дамыту бойынша біздің ұсынысымызбен «Жол картасы» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп жатыр.
Басында бізді ешкім түсінбеді. Кейіннен бірінші  вице-премьер С.Сағынтаев келгенде индустриалды аймақты көрсеттік.  Сөйтіп,  «Бизнестің жол картасы» аясында бөлініп жатқан қаржының  70 пайызын индустриалдық аймақтарға бөлу туралы шешім қабылданды. Оның 30 пайызы  жеке кәсіпкерлерге бөлінеді.  Жалпы, кәсіпорындардың бір жерде болғаны өздері үшін тиімді. Шымкентте индустриалдық аймақ бұрынғы фосфор зауыты аумағынан  ашылған. Егер бүкіл жоба іске қосылса, 7000 жұмыс орны ашылады. Бұл жерге біз ұсақ бизнесті кіргізіп жатқан жоқпыз.
Таяу болашақта осы арадан шыны зауыты іске қосылмақ.Бұл  Қазақстандағы осы саладағы ең ірі завод болады. Әрине, өндіріс ошақтарын іске қосып, халықты 100 пайыз жұмыспен қамти алмаспыз, бірақ  өндіріс пайда болды ма, айналасынан мыңдаған жұмыс орны ашылады. Индустриялық бағдарламаның  мақсаты – Қазақстанның түкпір-түкпірінен әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, өндіріс орындарын ашу.
– Біз бағаналы бері «Жаңа технология» деп отырмыз. Сол технологияны, тіпті жабдықтардың өзін шетелден әкелеміз. Мәселен, жапонның титтей баласының  өзі тым құрыса бір робот ойлап тауып жатады. Қазақтың жаңа технология ойлап табуға ақылы жетпей ме? Әлде бұл ғылымның өндірістен алшақтап кеткенін білдіре ме?
 – Қазақ ешкімнен  кем емес, ғалымдар неше түрлі жаңалық тауып жатыр. Біз бір жылдың өзінде  22 ғалымға қолдау танытып, грант бөлдік. Мұның бәрі қаржының тапшылығына келіп тіреледі, әйтпесе оның санын жүзге жеткізуге болар еді. Ал  жабдықтарға келсек, әр мемлекет әр салаға маманданған, баяғыдай бәрін бір мемлекеттен шығару мүмкін емес.Мәселен, Сингапурды алайық. Ол инвистициялық ахуалы өте жақсы, бәсекелесу деңгейі өте жоғары, экономикалық бостандығы жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатардағы елдердің тізімінде тұратын мемлекет. Жергілікті халқы білікті, білімді. Халқы дәулетті. Дүние жүзі бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі ең жоғары мемлекет. Бірақ олар бірде-бір құрал-жабдық шығармайды. Олар ешқашан ұшақ, теледидар, машина шығарсақ деп бас қатырмайды. Бірақ, олардың әуе компаниясы дүние жүзінде ең табысты. Сонан соң олар логистикаға, маман даярлауға көңіл бөліп, ғылым мен білімді экспорттауға көшкен. Елбасы келесі бес жылдықта біздің де мамандандыруға көңіл бөлуіміз керектігін айтып жүр.
Біз қазір өзімізге керек заттарды аз болса да шығарып жатырмыз. Енді күшті мамандандыруға салуымыз керек. Мамандандыру деген не? Мәселен, Канада мұнай мен газға, ауылшаруашылық саласын дамытуға маманданған. Олар бір бұқасын бізге 10 мың долларға  сатып отыр, мұнай мен газға қатысты бүкіл  жабдықты шығарады. Осы салада барлау-бұрғылау жұмыстары үшін де мамандарды сол жақтан шақыртамыз, яғни олар өз қызметтерін экспорттап отыр.
Біз қазір құрылыс, тұтыну тауарлары, тамақ өнеркәсібі және ауылшаруашылығы салаларын біртіндеп дамытып келеміз. Келешекте ғарыш айлағын игеруге көшуіміз керек. Байқоңыр – қазақ жерінде тұр, соның игілігін өзге емес, өзіміз көретіндей жағдайға жетуіміз керек.
Шымкентте патша дәуірінде салынған «Химфарм» деген үлкен завод және  үш-төрт жоба бар. Фармацевтика академиясы маман даярлап жатыр, ендеше бізде фармацевтика саласын дамытуға да мүмкіндік мол.

«Қазір ізденіс үстіндеміз»

– Алда  «ЭКСПО-2017» көрмесі тұр. Оңтүстік көрмеге қандай жобалармен бармақ, бұл жағы ойластырылды ма?
– ЭКСПО-ның  бірнеше бағыты бар. Бірінші бағыт –  балама энергетика көздері. Баламалы энергия көздерін табу үшін біз арнайы топ құрып, қазір  ізденіп жатырмыз. Түрлі жобаларды қарап жатырмыз.  Мысалы  жел энергиясы десе сіздердің көз алдарыңызға баяғы желдеткіш секілді құрылғы елестейді. Бүгін ғана ғалым жігіттер менің телефоныма жаңа ұсыныстарын  жіберіпті, мұның  сырт келбеті де, дизайны да басқаша.  Оның қуаттылығы да әлдеқайда жоғары болып шықты. Баламалы энергияны келешектің энергиясы деп жүр ғой, ендеше ол қандай болуы керек? Бізде шетелде жұмыс істеп жүрген ғалымдар бар, солардың бәрін осы бағытта жұмыс істеуге тартып жатырмыз. Тың жобаларға қаржы бөлуге де әзірміз.
Қазірдің өзінде жалпы құны 630 млн. доллар инвестиция тартылып, 4 күн сәулесі электр станциясы (230 мвт), 1 жел электр станциясы (40 мвт), 2 шағын ГЭС жобаларын бастап отырмыз.
Біздің жігіттер шетелдерден осы ған қатысты неше түрлі жобалар тауып жатыр. Жуырда қызық өнертабысқа тап болдық, оны Испаниядан тауыпты. Кішкене ғана қондырғыны арықтағы суға саласыз, ол сіздің үйіңізді энергиямен толық қамтамасыз етуге жетеді.
Қолда бар жобалардың құрылысын келесі жылдан бастасақ деп отырмыз.
Жуырда «Шымкентқұс» фабрикасымен келісімге келіп, құстардың нәжісінен  биогаз өндіруді қолға алмақпыз. Бұл әрі сол маңдағы елді  электр энергиясымен қамтамасыз етер еді. Осындай шағын жобаларды қолға алуды кәсіпкерлерге ұсынып жатырмыз.
Жалпы, бізде ЭКСПО-да көрсететін жобалар көп, қазір ізденіс үстіндеміз.
ЭКСПО көрмесі ұйымдастырушыларының қойып отырған талаптарының негізгісі – ұсынылатын тауар экологиялық жағынан таза болуы керек. Осы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы «Шымкентцементтің» жаңа өнімін ұсынбақ. Италиялық компанияның инвестиция салуымен енгізілген технология бойынша алынған жаңа цемент түрі ЭКСПО талаптарына сай келеді. Экологиялық таза, оны құрылысқа пайдаланғанда ғимараттардың қабырғасы, бір сөзбен айтқанда, «демалады». Бұрынғы цементтер біраз жылдан соң сыртқа түрлі улы химикаттар шығарып, адам өміріне айрықша қауіп туғызып келсе, мына цемент түрі зиянсыз. Құрылыс материалдары бойынша бірнеше гранттар бөлдік, егер олар сол жаңалықтарын дәлелдеп шықса, өндіріске енгіземіз. Егер олар ЭКСПО-2017 көрмесі құрылысында пайдаланылса, оларға сертификат беріледі.
Бүгінде құрылыс саласында облыста алты бірдей инновациялық жоба дайын тұр. Оның екеуі биыл ашылды, төртеуі келесі жылы қолға алынбақ. Онда ұнтақ шығарудан бастап үйді қаптайтын плиткалар, кафельдер шығарылады. Содан кейін бұл жерде халықаралық талаптарға лайықты травертин де шығарылады. Бұл – жұмсақ мрамор. Экологиялық таза өнім.
Қолға алғалы отырған тың жобалардың бірі – киіз шығару. Бұл жоба бойынша киіз  құрылыс материалы ретінде пайдаланылмақ. Соңғы кездері көбісі үй құрылысына шыны мақтаны қолданып жүр. Алайда он жылдан соң аталмыш материал үгітіліп,  дуалдың іші кәуек болып қалады. Үгітілген шынымақтадан келер зиян көп. Ал киіз – табиғи таза материалдан жасалады, сондықтан экологиялық таза өнім. Құрылысқа қажетті киіз  от тисе жанбайтын,  күйе жемейтін етіп өңделмек. Мұндай киіз ең кемі елу жылға дейін тұра береді. Үгітілмейді де,  шірімейді де.
Қазір осы жоба бойынша Германиямен  келісімшартқа отырдық. Жоба құны – 17 млн. евро.  Қытай ЭКСПО-ны өткізген кезде осы киізді құрылыс материалы ретінде  қолданған. Олар өздері ойлап тапқан материалды бүгінде Еуропаға экспортқа шығарып жатыр. Бүгінде бізде қой жүні ешқандай кәдеге жарап жатқан жоқ. Ауылдарда оны өртеп тастайды не Қытайға су тегінге кетіп жатыр. Бір шетінен біз осылайша ауыл шаруашылығының бір мәселесін шешіп тастайтын едік.
– Сіз жетекшілік ететін саланың бірі – туризм. ЭКСПО-ға келген қонақтардың Шымкентке соқпай кетуі мүмкін емес. Оңтүстік шетелдік туристерді қабылдауға дайын ба?
– Біз дамытуға тиіс тағы бір сала – туризм. Әлемде тек туризмді дамыту арқылы шаш-етек пайда тауып отырған елдер бар. Туризмді дамытсақ  шағын және орта бизнес дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Оңтүстікте шипалы сулар да, тарихи орындар да, әсем табиғат та жеткілікті. Бірақ, шетелдік туристер келу үшін оларды орналастыратын сапалы қонақ үйлер керек, сервис те еуропалық стандартқа сай болуы керек.
Бізде туристерді қызықтыратын орындар өте көп, тек соны тиімді пайдана білсек болғаны. Мәселен,  Түркістан –тарихи орталық. Біз жақында болғаннан кейін оның қадірін біле бермейміз. Экотуризм дегенде дүниежүзіне әйгілі Ақсу-Жабағылы қорығы еске түседі. Сайрам-Өгем ұлттық паркі бар. Туристерді тарту үшін алдымен инфрақұрылымды түзетуіміз керек. Алдымен әуежайды жөндеуіміз керек. Транспорттық қарым-қатынасты түзетпесек болмайды. Ең бастысы осы саланың білікті кадрларын даярлауға тиіспіз. Расы керек, бізде еуропалық стандарттарға лайық қызмет көрсету жағы кемшін.
Сонан кейін келетін қонақ алдымен өзіне қауіпсіз, ыңғайлы қонақ үйге орналасқысы келеді, алайда Шымкентте олардың талабынан шығатын қонақ үй аз. Ол үшін бізге әлемдік брендтерді шақыртуға тура келді. Бүгінде Rixosқонақ үйінің құрылысы салынып жатыр. Осы секілді Канзас, Хилтон секілді брендті қонақ үйлер желісімен жұмыс істеп жатырмыз.  Егер осы брендтер болса, шетелдік туристер алдын-ала бронь жасап келетін болады.
Келген қонақ Сарыағаш, Түркістан, Шымкент неТөлебиге бармасын, барлық  жерде жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі шарт. Сондықтан біз бүгінде осы бағыттарда жұмыс жүргізіп жатырмыз.
–Сапарбек Құрақбайұлы, біз Сізбен Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кездесіп отырмыз. Бұл мерекенің Сіз үшін орны қандай? «Уақыт» газетінің оқырмандарына деген тілегіңізді де ести отырсақ…
– Бастауы болған нәрсенің аяғы да болуы шарт. Екі Жаңа жылдың арасы – бір жыл. Өткен жылы не істедің, қандай жетістікке жеттің, нендей кемшіліктерге жол бердің – Жаңа жылда өз-өзіңе іштей есеп беретін кез бұл. Осы арқылы келесі Жаңа жылға қадам басып, жаңа жоспарлар жасайсың, бір сөзбен айтқанда, жан дүниең де жаңарғандай болады. Сол себептен бұл мерекенің орны ерекше. Тек мен ғана емес, бүкіл елдің Жаңа жылды асыға күтетіні де сондықтан болса керек.
Жалпы, біз ел болып 2013 жылды табыспен аяқтап отырмыз десем асыра сілтегендік болмас. Елде  үлкен өзгерістер, бастамалар көп болды. Осы өңірдің өзінде қай саланы алмаңыз, жетістіктерге жетіп жатыр. Кәсіпкерлік саласын алып қараңыздаршы, қаншама адам жаңа жоба бастап, қаншама отбасының өмірінде жаңа өмір есігі ашылды. Бұл – оларда келешекке деген сенім пайда бола бастады деген сөз.
Мынадай бір аңыз бар екен. Бір кісі жағалауда жүріп, су шетіне шығып қалған миллиондаған балықтардың ішінен қолына түскенін ұстап, суға лақтырып жүреді. Сонда кейбіреулер оған: «Олар миллион ғой, жалғыз-жарым балықты суға жібергеннен олар азайып жатқан жоқ қой. Уақытыңды текке өткізіп жатырсың» десе керек. Сонда әлгі кісі: «Жалпылама алғанда ештеңе өзгеріп жатқан жоқ, бірақ мен бір балыққа болса да өмір сыйладым» десе керек.
Сол сияқты өзім де алдымызға келген әрбір азаматқа көмектескен кезде оған, оның отбасына және бала-шағасына пайдам тиді ғой деп қуанамын. Біреуге кішкене де болса пайдам тиіп жатса, мен үшін содан артық бақыт жоқ!
Кейде жұртшылық шенеуніктердің қолында билігі бар, құдіретті деп қарайды. Шенеунік болу – біреуге көмектесу, сөз жәрдем беру, бағыт-бағдар беру арқылы ісіне көмектесу. Бірақ, біз қаншалықты осыны сезініп жүрміз, мәселе сонда. Адамдарға көмектесіп қалған адамның қолынан билікті тартып алса да, ол елге жақсылық жасауын тоқтатпайды. Бүгінде бізге жетпейтіні – мейірім! Сондықтан алдағы уақытта бәріміз бір-бірімізге мейірімді болайық дегім келеді.
«Уақыт» газетінің барша оқырмандарын Жаңа жылдарымен құттықтай отырып, қазақтың әрбір шаңырағынан қуаныштың күлкісі естіліп тұрсын дегім келеді.
–Сапарбек Құрақбайұлы, жұмысыңыз қаншалықты қауырт бола тұра, «Уақыт» газетіне сұхбат беруге уақыт таптыңыз, бұл үшін Сізге көп рахмет! Еңбегіңізге тек сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Гүлжамал МҰСАЕВА

ПІКІР ЖАЗУ