Базар төңiрегiндегi «байбаламның» ақиқаты қандай?

d519f3d7d1ed21765dc3103aff05c69a

Талай жылдан бері бір Шымкент қаласы емес, бүткіл Оңтүстік Қазақстан облысын және көршілес Жамбыл облысына қызмет көрсетіп, көлік саудасын жүргізіп, елге танымал болып қалған қаланың Ташкентке шығар шетінде орналасқан «Жұманов» базары жақында жабылды. Бірақ, оның соңындағы дау-дамай, айқай-шу әлі саябырсыған жоқ. Бұл туралы бүкіл республикалық ақпарат құралдарында ірілі-уақты мақалалар жарық көріп, түсірілімдер берілді.

Белгісіз бір адамдардың базарды жабу жөнінде өтінішіне байланысты шыққан сот шешімі, базардың бір кездегі иесі, марқұм Рашид Жұмановтың төрт бірдей мұрагерлерінің қатысуынсыз өткізіліп, сот орындаушылары шешімді орындауға бел шешіп, білек сыбанып, шұғыл кірісіп кеткен. Әншейінде жекелеген азаматтар мен кәсіпкерлерге байланысты сот шешімдерінің орындалуы айлар түгілі жылдарға созылып жатқан кезде дәл осы базарға байланысты шешімнің орындалуын апай-топай жүзеге асыруға деген асқан қызығушылық шындығында да кімдерге соншама қажет болды екен? Бұл өз алдына бір әңгіме.
Екіншіден, сот шешімінің орындалуын жүзеге асыру жұмыс күні емес, демалысқа сәйкестендірілген. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ерте келген сот орындаушылары бұл жерде әрекет жасағанда адамдардың азаматтық құқықтарын аяққа таптаған. Еріксіз күш қолданып, қыздар мен әйелдердің қол-аяғын қайырып, заңнан тысқары әрекет жасаған. (Бұл жөнінде редакцияда түсірілген бейнематериял бар). Базар қызметкерлерін, ондағы саудагерлерді осылай еріксіз, күшпен шығару сәтінде қала әкімдігінің ешқандай өкілі ол жерде болмаған. Халықтың өзі сайлаған депутаттар да бой көрсетпеген. Сөйтіп, бір күнде «Жұманов» базары жабылып, кірер жолдары қазылып, шағал тастар үйіліп, баррикада жасалған.
Егер осы базардан күн көріп, кәсібін нәсіп етіп отырғандардың жанайқайына құлақ түрсек, базардың жабылуы, кәсіпкерлердің шығарылуы Қазақстан Республикасының ешбір заңының баптарына сай келмейді. Олар осылай деп мұң-зарын айтады. Базардың жабылуына басты себеп болған нәрсе – оның үстінен өткен жоғары кернеулі электр сымының болуы екен. Мақұл. Бұған бас шұлғып, айтқанына көнейін десе, дәл сол базардың іргесіндегі көлік сататын «Вираж» мекемесі мен үлкен жанармай бекеті неге сол жоғары кернеудің астынан аластатылып жабылмайды? Көлік базарының кәсіпкерлері осы сауалға не биліктен, не құқық қорғау органдарынан жауап ала алмай, дел-сал күй кешуде екен. Қайтыс болған Рашид Жұмановтың соңында қалған мұрагерлеріне заң талабына сай күні бүгінге дейін мұрагерлік иелік жөнінде құжаттар берілмеген. Сонда бұл кімнің, ненің мүддесін көздеп отыр? Сауал ауыр, тек жауабы жоқ.
Бұрын да, күні кешегі халыққа арнаған Жолдауында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев кәсіпкерлікке барынша қамқорлық пен қолдау көрсету, оның жолын кес-кестеуді, тексеруді тоқтату, жағдай жасау, жәрдем беру жөнінде айтып жатыр. Сонда Президент оны кімге, не үшін айтты? Әлде басқа айтатын сөз, жолдайтын Жолдау таппай қалды ма? Бұған жауапты кім береді және қалай береді? Дәл осы түйінді сауалға келгенде түйіліп қалатындар көп. Ал күш қолданғанда белгісіз адамдардың арызымен шешім шығарғанды білген заң орындары, кәсіпкерлікті тұқыртып алып, оған елдің алдында жауап беруге келгенде неліктен «бетін басады?»
Қазір көлік базарының мыңдаған азаматтары далада қалды. Олардың кей сөздерінің жаны бар. «Біз «Арғымақ» базарының ашылғанына қарсы емеспіз. Мейлі жұмыс істей берсін. Қайта бәсекелестік деген кәсіпкерліктің басты қағидасы жүзеге асады. Бұл базарда барлық жағдай жасалынған. Көлік сатуға ыңғайлы, оның үстіне алыс-жақын жердегі жұрт бұған үйреніп қалған. «Арғымақта» дәл мұндай көпшілікке қызмет ететін орындар жоқ. Жан-жағындағы батпаққа машина батып жатыр, ол жаққа бағыттық ешқандай көлік қатынамайды. Күні бүгінге дейін Сарыағаш, Жетісай, Ташкент бағытына қатынайтын бағыттық көліктер мен жеңіл көліктер жаңа базардың сыртындағы тұрақсыз жерге қойылған. Осының салдарынан үлкен кептеліске душар болғанына айдан асты. Ол ешкімді ойландырмайды. Сонда қала әкімдігі, оның кәсіпкерлік басқармасы қайда қарап, не істеп отыр? Халыққа жағдай жасамаса, мыңдаған кәсіпкерді тентіретіп жіберіп, түк болмағандай, ештеңе көрмегендей болып отырған ондай биліктің басшылары кім керек? Айтсын, ашығын ел білсін, нақтылы жауабын берсін, сөйтіп жұрттың жұқарған жүйкесін тыныштандырсын. Көптің талабы осылай екен, ендеше оны орындау керек.
Басқа бір кезде талай даудың бел ортасынгда болып, оған басу айтып басып жүретін «Нұр Отан» партиясы қазір қалтарыста бұғып отыр. Бұрынғы аты «халықтық» кезінде әжептеуір белсенді еді, енді ол атты алып тастаған соң, Президенттік партияның жергілікті өкілдері шынымен халықтан алыстап, оның сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдағаннан қашқаны ма? Қазақстанның үшінші қаласы дәрежесінде тұрған шырайлы шаһар Шымкент қазір шулы шаһарға айналып тұр. Барлық мәселеге нүкте қоятын елдің Бас прокуратурасы. Ендеше жауапты да сол жақтан күтейік.

Қ.ҚАЛИЕВ.

РЕДАКЦИЯДАН:

«Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөздің астарында үлкен мән бар. Бір базардың төңірегіндегі көпшілік арасында айтылып жүрген әңгімеге құлақ түрсеңіз біраз мағлұмат аласыз. Тіпті осы облысты басқарған және қазір Астананың төрінде отырған жоғары лауазымды азаматтарымыздың аты-жөндерінің базар төңірегіндегі байбаламға қатысты аталып қалуының өзі тегін емес секілді. Біз бүгін елдің Бас прокурорының назарына базарға байланысты түйіткілді мәселенің шағын ғана мәліметін жолдап отырмыз. Ал өзіміз журналистік зерттеуімізді, әсіресе базарға қатысты кімдердің аралас-құраластығы бар екендігін анықтау мақсатындағы ізденісімізді әрмен қарай тереңдете жүргізіп жатырмыз. Қолымызға түскен мәліметтер, айғақталған ақиқаттарды алдағы уақытта қалың жұртшылыққа ұсынуға тырысамыз.

ПІКІР ЖАЗУ