БОЛТ БҰРАЙТЫН МАМАН ҚОЛЫНА ҚАЛАҚ АЛДЫ. Әлиевті «адастырып» әкелген кім?

Тұманбек Әлиев

Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың сәуір айы кадрлар сапырылыстырылып ауыстырылған дүрмегімен тарихта қалатын болды. Өткен айда апталдай азаматтардың бірін алып, бірін салған облыстың әкімі де сол тарих парағының бір шетінен ойып тұрып болмаса да, осал емес тұсынан орын алары сөзсіз. Кадрлар орнығып, жан-жақтарына қарап, алда атқаратын тірліктеріне қолдарын көлегейлеп көз салып жатыр. Ауданды басқарғандарға жұмыстың жүйесін табу онша қиын болмас. Ал енді салалық басқармаларға барғандар жөнінде біздің күптігей көңіліміздегі күдігіміз сейілу орнына, өткен бір ай ішінде қоюлана түсті.

Атына қардай бораған каншама арыз жазылып, баспасөздің бетіндегі сыннан көзін ашпаған облыстық құрылыс басқармасының бастығы Альмира Орманчина ақыры арызын жазып, астындағы тағын босатып берді. Оның орнына ғайыптан тайып, адам айтса онша сене қоймайтын, құрылысқа үш емес, жүз қайнаса да сорпасы мүлдем қосылмайтын жаңа бастық – Тұманбек Әлиев келді. Көзіміз қарақты, көзіміз ояу, сауатымыз сапалылау болған соң дәл осы тағайындауға келгенде май ішкендей болып қалғанымыздың несін жасырайық. Тұлғалы азамат Тұманбек мырзадан бұл қызметті ішіміз тарылып, қызғанышымыздың қызыл оты жалындағаннан айтып отырғанымыз жоқ. Ерт еңгі облыстың қыруар құрылысының қал-ахуалы қандай болады деген күмәні сейілмей тұрған күдікпен «зарлап» отырмыз. Бұл орынға облыстағы екі миллион халықтың арасынан жөні түзу, істің көзін білетін, мамандығына әбден ысылған ел танитын, қадірі артқан бір құрылыс инженері табылмағаны таң қалдырады. Облыс әкімі мұндай маман басшыны таба алмады ма, тапқысы келмеді ме, оны іші біледі. Әнеу бір жылы да Әлиев тағайындалып, Мырзахметов тағайындаған да да осылайша ішімізді бір жиырып қалған едік. Оның себебі – ауылда әкім болып жүрген азаматты жүз мың халқы бар, сан-салалы ауыр-ауыр шаруашылықтары бар Қазығұрт ауданына топ дегізіп әкім етіп тағайындағаны болатын. Жұрттар айтып еді «облыстың басшысының Тұманбекпен туыстығы бар екен» деп. Дегендерге ден қоймаған болатынбыз. Енді міне инженер механик мамандығы бар, қолына кірпіш ұстап, тауық там соғып көрмеген Тұманбек тұтас бір облыстың құрылысының №1 прорабы болып шыға келді.
Рас баяғы да Қазақстанның денсаулық саласын біреулер басқарған, оның ақыры опық жегізді. Елбасының өзі тағайындауының дұрыс болмағандығын байқап дер кезінде шешім қабылдады. Асқар Исабекұлы сондай-сондай оқиғаларды білмейтін болуы керек немесе ұмытып қалған болуы әбден мүмкін. Әйтпесе болт бұрайтындардың қолына, цемент қаритын қалақ ұстатпаған болар еді. Әй, бірақ басшыға не деп болады, дәуренінде оның айтқаны да, істегені де заңды әрі дұрыс. Сондықтан тіліміздің қышуын басып алғанымыз жетер, бәрібір ештеңе шықпайтындықтан жағымызды «қарыстырайық».
Бірақ… Бірақ биыл Президенттің бастамасымен жасалынған кең көлемді құрылыс жұмысының мемлекеттік бағдарламасына сай Оңтүстік Қазақстан облысында да талай-талай ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Оның басы-қасында болатын да, басшылық жасайтын да облыстық басқарманың су жаңа бастығы Тұманбек Әлиев болмақ. Бірақ  (осы «бірақ» деген неме көбейіп кетті-ау) мұрнына иіс бармайтын салаға «түк білмейтін бастық» кәйтіп басшылық жасайды екен, а? Мүмкін ол кісіге өзін тағайындаған бастық бұл жолы да «көмек берер…»

Б.БАЙТӨРЕЕВ, Шымкент.

ПІКІР ЖАЗУ