ОЛИМПИАДА АЛАУЫ

330
0

Жазғы Олимпиада! Сағындырып төрт жылда бір келетін бұл дүбірлі бәсеке спорт сүйер қауым үшін де, дүйім халық үшін де үлкен мереке. Тарихы ежелгі грек жерінен бастау алатын олимп ойындары 1894 жылы француздың спорт және қоғам қайраткері Пьер де Кубертеннің ой ұсынысы және қажырлы еңбегімен ұйымдастырылып екі жылдан кейін алғашқы спорт жарыстары өткізіле бастайды. Міне, осылайша олимпиада ойындары спорт төрінен орын алып, барлық жұрттың назарын өзіне аудартқан халықаралық деңгейдегі кешенді де ауқымды шараға айналды.
Мен алғаш олимпиада ойындарын мектепте оқып жүрген 1988 жылы Сеулде болған кезінен бастап қарай бастадым. Сол уақытта даңқты палуан Дәулет Тұрлыхановтың финалдық белдесуін әкеммен бірге отырып көргенім есімде. 1992 жылғы Барселона Олимпиадасынан кейін 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Олимпиадаға Қазақстан дербес мемлекет ретінде қатысты. 2000 жылы Сиднейде бокстан ұлтымыздан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың барлық кездесуін отбасымызбен көріп жеңіске жеткенде шын көңілмен қуанған едік. Ол кезде студентпіз, қазақтың атын асқақтатқан боксшылар Е.Ыбрайымов, Б.Жұмаділов, М.Ділдәбековтердің жұдырықтасуларын тікелей эфирден тамашалау үшін іс-тәжірибе жұмыстары аяқталу бойына асыға шығатынбыз. 2004 және 2008 жылдары Афина мен Бейжіңде өткен Олимпиадаларда да спортшыларымыз табысты жүлделермен оралды. Ал 2012 жылы Лондон Олимпиадасы қалай болғанда спорт тарихында өзіндік орын алатыны сөзсіз. Осы жылғы ХХХІ жазғы Рио Олимпиадасы еліміз үшін сәтті басталды. Күміс және қола жүлделермен бірге алтын медальдарға да қол жеткізудеміз. Қазақ қыздарының арасынан ауыр атлетика бойынша алғаш болып олимпиада тұғырының күміс сатысына көтерілген Жазира Жаппарқұлова университетіміз бен оңтүстік өңіріміз ғана емес, бүкіл елімізге үлкен мақтаныш. Алда әлі де бәсекелер бар. Үмітіміз мол, сеніміміз нық.
Алға, Қазақстан!

Алғабек ҚАБЫЛ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің
аға оқытушысы