«Тақтан ауып түскен тақсырет емес»


Шаруасы шаш етектен асатын кәсіпкер әйелмен сыр-сұхбат жүргізудің сәті оңайға соқпады. Дегенмен, медицина-профилактикалық ісі, медициналық құрал-жабдықтарды жеткізу жұмысы, құрылысты жүргізу, жеңіл өнеркәсіп және туризм сынды бірнеше саланы өрге сүйреп, 500-ден астам жанға жұмыс беріп отырған азаматшаның арқа-жарқа болып әңгіме-дүкен құруға ниеті бар болғанмен, уақыты бола бермейтінін біз жақсы түсінеміз. Мұның өзі оның сөзі аз, ісі саз екенінің нақты дәлелі болса керек. Ол өзі жүріп келе жатқан өмір жолында ақ желеңді абзал жан, фармацевтика ғылымдарының кандидаты, доцент, кәсіпкер, іскер басшы, мәслихат депутаты (2011-2016) сынды атаққа ие болып, оны абыройлы орындай білді. Болмысы нәзік болғанмен, қайсарлығы керемет Төреайым Жолдыбайқызымен тілдесу кезінде оның еліміздің қоғамдық-саяси өміріне бей-жай қарамайтынын, орын алып жатқан әрбір оқиғаға айтар өзіндік пікірі барын және көпшілікке үлгі болар ісі де көп екенін біліп қайтқан едік.

—Төреайым Жолдыбайқызы, осы жылдың басында Мәжіліс тарап, кезектен тыс мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өткізіледі деген жорамалдар жұрт арасында желдей есіп жүрді. Және бұл шындыққа айналды. Соған сәйкес саяси науқанға дайындық қыз-қыз қайнап кетті. Бірақ, депутаттық тәжірибеңіз қалыптасқан Сіздің кандидатураңыз тіркеу сынақтарынан өтпей қалды. Өкінішті әрине. Бірақ айтыңызшы, бұл жағдай сәтсіздік пе әлде қысастық па?

—Сіздің нені меңзеп отырғаныңызды түсіндім. Бірақ мына жәйтті баса айтқым келеді. Өкініш – бұл мен үшін орны толмас жағдай емес. Ал сол сайлаудың алдында үміткер ретінде өтпей қалуымды қолдан жасалған қастандық, немесе әлдебіреулердің маған ор қазуы деп емес, жәй әншейін сәтсіздік деп түсіндім. Біле білсеңіз, сол кезде «Нұр Отан» партиясы атынан бағымды сынаған болатынмын. Ал ол Елбасының саясатын насихаттайтын, бұқараны бірлікке бастайтын, әрдайым татулықты көздеп, ынтымақты ұрандатып, әділдікті ту ететін саяси ұйым. Сондықтан да жетекші партия көшбасшыларының өз үміткерлеріне қысастық жасайды деген ойға жол беру қате түсінік болар еді. Билік партиясы болғандықтан оның да өзіндік ережелері мен тәртіптері бар. Ереже – көпке ортақ дүние. Тек мен емес, көптеген үміткерлер партия талаптарынан мүлт кетіп жатты. Бұл маған әрбір іске мұқияттылықпен қарауды әрдайым есте ұстау қажеттігін үйретті. «Аттан ауып түскен ақырет емес, тақтан ауып түскен тақсырет емес» деген. Бұған дейін де айтқанымдай, халыққа қызмет ету – сүйікті ісім. Бірақ оны орындау үшін міндетті түрде депутаттық мандат болу қажет деген қатып қалған қағида жоқ. Кәсіпкер ретінде де елге қамқорлық көрсетуді жалғастырып келемін. Депутат бола алмай қалдым деп сан соғып, салым суға кеткен жайым жоқ. Қызмет келеді, кетеді. Бұйыртса көпшілік сенім артып, халық қалаулысы болуым да ғажап емес. Болмауым да бек мүмкін. Ол үшін таласып, тартыспаймын. Бәрі де алдағы уақыттың еншісіндегі жағдай.

—Дұрыс айтасыз. «Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады». Депутат болып жатсаңыз өз тарапымыздан қатты қуанатынымызды да біліп жүргейсіз. Өйткені сіз шынында да халық қалаулысы болып жүргеніңізде шымкенттіктер үшін көптеген көзайым жаңалық болар істердің басы-қасында жүрдіңіз. Өз қаражатыңызбен өзіңіз сайланған округтегі жүздеген аулаларды абаттандырғаныңыз ел есінде. Бұдан бөлек қаншама «атымтай жомарттығыңыз» тағы бар. Осы ретте қазіргі таңда атқарып жүрген жұмысыңыз жайында айтып өтсеңіз…

—Қазіргі таңда өзім бастаған кәсіпкерлік жұмыстарымды жан-жақты дамыту, оларға жаңашылдық енгізуге екпін беріп жүрмін. Өздеріңізге белгілі Сайрам ауданында «А-дем» атты демалыс аймағы орын тепкен. «А-дем» табиғаты көз тартар, ауасы тұнық мекенде орналасқан. Бізде туризм саласы өзге елдермен салыстырғанда сәл-пәл кенже дамуда. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін барлық іскерлігімді жұмсаудамын. Төрткүл дүниемен түгел таныспасам да, әлемнің бірқатар елдерінде болғанмын. «Жақсыдан үйрен» деген. Сол мемлекеттерден көргенімді, өзімнің де қиялымдағы түрлі ойлардың барлығын сүзгіден өткізіп, арнайы жоспар құрдым. Соның негізінде демалыс аймағында үлкен аквасаябақ пен фитнес-клуб құруды қолға алдым. Сонымен қатар онда келушілердің керемет демалысты бастан өткізіп, денсаулықтарына да күтім жасауы үшін барлық жағдайлар мен түрлі емдік курстар жолға қойылғаны белгілі. Минералды сумен, лаймен және физио емдеу курстары көрсетілетін онда келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта «А-дем»-ді алдыңғы қатарлы демалыс аймағы ету – негізгі мақсаттарымның бірі.
Ең алғаш отбасылық ырыздығымды тапқан медицина саласы болғандықтан, бұл бағыттағы жұмысыма да көп көңіл бөлемін. «Ай нұры» медициналық орталығындағы сапа қызметін заман ағымына сай жақсартуды әрдайым бақылауда ұстаймын.

—Әңгіме арнасын осы «Ай нұры» медициналық орталығына бұрсақ. Бұл жекеменшік медициналық орталық ретінде негізі қаланғаны белгілі. Бүгінде ол науқастарға сапалы қызмет, дәл нақтама қоюымен бәсекелестік ортада өзіндік орны бар мекемеге айналды. Жыл өткен сайын ондағы мамандарға сенім артып жатқан жандардың қарасы да қалыңдай түсуде. Елбасының Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» жоспарында жекеменшік медицинаның дамуына ерекше мән берілген. Бұл да орталық жұмысының жандануына тағы бір рет жол ашты деп ойлаймыз. Осы тұрғыда не айтасыз?

—Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының жарияланғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Сол мерзім ішінде бұл жоспардың қазіргі заман талабына сай, әбден елеп-екшелген құжат екені дәлелденді. Бүгінде ол бағдарлама өзінің нәтижелі жемісін беруде. Сол арқылы кәсіби мемлекет болып қалыптасудамыз. «100 нақты қадамның» үшінші тарауындағы 80, 81, 82 қадамдары медициналық қызметті жақсартуды көздейді. Өз кезегінде бұл халықтың сапалы медициналық қызметке қол жеткізіп, әлеуметтік жағынан әлдеқайда әлді болуына үлкен септігін тигізері анық.
Шыны керек, осы күнге дейін халықтың басым бөлігі басы ауырып, балтыры сыздаса ең әуелі мемлекеттік медициналық қызмет көрсететін емхана, ауруханаға барып бас сұғатын. Өйткені, жекеменшік емханаларда қызмет түрінің басым бөлігі ақылы негізде болғандықтан, қарапайым халықтың қалтасы оны көтере бермейтін еді. Ал мемлекеттік емханаларда көрсетіліп жатқан қызметтердің барлығы да халықтың көңілінен шыға бермейтін. Бірі кезек күтуден жалықтым десе, енді бірі іздеген дәрігер-маман жоқ екен дейді. Кейбірі дұрыс диагноз қоймады деп шағым айтады. Ұлт жоспарының 81-қадамы көп жылдан бері айтыла-айтыла жауыр болған осы жәйтке нақты шешім бола білді.

—Бұл жайында ұғынықты тілмен оқырманға түсіндіріп өтсеңіз…

—81-қадамда жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу жағы айтылған. Онда «Бәсекелестік есебінен қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайындағы бастапқы медициналық әлеуметтік көмекті қаржыландыру – бәсеке есебінен медициналық ұйымдардың корпоративтік басқару қағидаттарына көшуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін кеңейту» деп көрсетілген. Біле білсек бұл жекеменшік медицина орталықтары үшін үлкен алғы шартты негіздер тудырды. Халыққа қызмет көрсетуде оларға да мемлекеттік медициналық қызмет көрсетушімен бірдей жағдай қарастырылатын болады. Бұл дер кезінде қолға алынған қадам дер едім. Себебі, кез келген салада бәсекелестік орта болмаса, алға қарай ілгерілеу төмендей береді. Жекеменшік медицинаны дамыту бағыты арқылы денсаулық сақтау саласында бәсекелестік орта қалыптасады. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жүзеге асыру мақсатында да тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуде жекеменшік емханалардың саны да өседі. Сәйкесінше, өзгелерден асып түсіп, дұрыс диагноз, сапалы ем көрсетуге талпынатын дәрігерлер саны артады. Дертіне дауа іздеген науқастар үшін ең керегі де сол емес пе? Жалпы «100 нақты қадамның» жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу бағыты қаншама мамандардың бойындағы енжарлық пен селқостықты сілкіп тастап, өз ісіне әрдайым сергек қарауға сеп болды.

—Төреайым Жолдыбайқызы, көпшілік ішінде «100 нақты қадамда» айтылған денсаулық сақтау саласында жекеменшіктікті ынталандыру жағына келіспейтіндер бар. Мемлекет меншігіндегі медициналық ұйымды түгел-тұтас жекенің қолына беру, «қазаннан қақпақ кетсе иттен ұят кетедінің керін келтірмей ме?» деп алаңдаушылық білдіріп жатқандар да бар.


—Халықтың ортасында жүргендіктен, мен де мұндай пікірлерді естіп, біліп жүрмін. Бірақ біз мына жәйтті ұмытпауымыз қажет. Елді мекендегі аймағына қарай қаладағы, аудандардағы жалғыз мемлекеттік денсаулық сақтау нысандары атап айтсақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін кез келген денсаулық сақтау нысандары, мамандандырылған көмек түрін көрсететін қан орталығы, ана мен бала денсаулығы, сәулелік медицина, онкология, туберкулез диспансерлері, СПИД орталықтары, жұқпалы аурулар ауруханасы, әлеуметтік мекемелер жекешелендіруге жатпайды. Сондықтан да алаңдауға негіз жоқ. Материалдық техникалық базасы төмен және тиімсіз, халықаралық талаптарға сай келмейді деп табылған нысандар ғана жекешелендіруге жатқызылады. Ал мұндай жағдайдағы нысандар жәй тұрғаннан гөрі, жекенің қолына өтіп, халық игілігі үшін қызмет еткені әлдеқайда тиімді емес пе?!

—Жуырда Шымкент шаһары қала күнін тойлады. Үшінші мегаполис болуға әбден лайық деп танылған қалада соңғы кездері көптеген өзгерістер орын алып жатыр. Соңғы өзгерістерге қандай баға берер едіңіз?

—Әрине, халықты басқарған соң оған айтылатын пікір ала-құла болады. Шымкент еліміз үшін үлкен мәнге ие мекен. Ел арасындағы «адамға өмір бір-ақ рет беріледі, оны Шымкентте өткізу керек» деген пікірдің өзі көп жәйтті аңғартса керек. Сондықтан да республикадан, облыстан оның қарқынды дамуы үшін барлық қолдау мен қамқорлықтар көрсетілуде. Соларды жүзеге асыруда әкімнің рөлі өте үлкен. Ғабидолла Рахматоллаұлы өзіне артылған сол міндетті орындауда барын салып, талмай, тынбай еңбектеніп жүргенін халық көріп жүр. Қазіргі әкімнің қаланы көркейту жұмыстарын ерекше ықыласпен орындайтыны мені қуантады. Көзқарасым оң деп білген жөн. Ғ.Әбдірахымов шымкенттіктердің есінде қалаға веломәдениетті қалыптастырып кетуімен есте қалатынын баса айтқым келеді.

—Сіз осыдан бірнеше уақыт бұрын «шетелде жүргенімде жалдамалы жұмысшы болып жүрген гастарбайтерлер арасынан қазақ азаматын кездестірмеймін» дегенсіз. Жалпы бұл қуанарлық жағдай. Бірақ біздің қоғамда көңілге қаяу түсіретін жақтарымыз да бар. Мәселен, жастарымыздың батыс мәдениетіне қызығып, өз болмысына жат дүниелерді серік етуін, кейбір қыздарымыздың түрлі теріс қылық шығарып жатқанын айтуға болады. Өзіңіз бұл тұрғыда не ойлайсыз?

—Қазақта «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар. Кейбір жастар солай істеді екен деп дүйім елге топырақ шашу дұрыс емес. Бірақ оған атүсті қарауға тағы болмайды. Балаларының болашағына алаңдаған ана, немере бағып отырған әже болғандықтан сондай келеңсіздіктерге қатты алаңдаймын. «Жаман жаңалық жерде жатпайды». Қазір ғаламтор арқылы минут сайын мыңдаған жаңалықтар тарап жатыр. Сонда кейбір сұмдықтарды оқып, жағамызды ұстаймыз. Мысалы, қыздарымыздың өзгенің арбауына түсіп, тура жолдан тайғаны, қатыгез біреулердің қолынан зардап шегіп, құрбан болып, қыршыннан қиылғаны, базбір ер балалардың қыз болуды армандап, сол үшін ота жасатқаны, тұлымы желбіреген қыздарымыздың ай күннің аманында төбелеске баруы, бесіктен белі шықпай жатып ана болған арулардың сәбиін белгісіз босағаға тастап кеткені… Иә, тізе берсең тізім түгесілмейді. Көресің, естисің. Шошынарлық жағдай. Бірақ «айқайлағаннан ағаш құламайды». Ең әуелі үйдегі тәрбие дұрыс болмай, қоғамдағы мұндай жағдайларды біз айтқанмен, қоғам күрескенмен, ол нәтижесін бермейді. Көп жағдайда әсіресе, ауылдағы ата-аналардың бейқамдығына қарным ашады. Бәріміз де ауылдан өніп-өстік. Бірақ қазіргі ата-аналар көп уақытын бала тәрбиесіне емес, түріктің, индияның сериалына арнайды. Салдарынан сондай жастар қалыптаса ма деп қорқамын. Осы бағытта идеологиялық жұмыстарды әлі де күшейту керек деген ой айтқым келеді.

—Ал сіз отбасыңызға көп уақыт бөлесіз бе?

—Жас бала жас шыбық секілді қалай қарай исең, солай өседі деген ғой. Балаларым жас кезінде бірнеше жыл үйде солардың тәрбиесімен шұғылданып, қарапайым үй бикесі болып отырдым. Мен үшін бастысы – балаларым мен отбасым. Жалпы жолдасым екеуміз оларға дұрыс бағыт-бағдар бердік деп ойлаймын. Қазірдің өзінде немерелеріме қарап, бір сәт олармен уақыт өткіземін. Осы орайда мына жәйтті айтып өткім келеді. Отбасы болған соң түрлі қиындықтар болады. Жолдасым шығармашылықтың адамы болғандықтан, мінезі үнемі бір сыдырғы емес, санқилы күйде болады. Сондықтан да арада түсініспеушіліктер көп кездесті. Еркелік пе, әлде терең ойламағандықтан ба, сондай сәттердің бірінде онымен ажырасамын деп бірнеше рет оқталғаным бар. Соны айтып, анама бұлданып келгенімде, ол кісі «қызым, жетімнің көзі жасты келеді, балаларыңды әкесінен тірідей айырып қалай бейғам өмір кешесің? Жолдасың ішпейді, шекпейді. Ендеше бұл қылығыңа жол болсын… Өрескел мінез көрсетсе бір сәрі. Әйел кішірейгенде ғана отбасының берекесі келеді» деп қатты айтып, райымнан қайтарып отыратын. Соған қазір шексіз алғысымды білдіремін. Сол анам сияқты мен де қазір балаларыма ақылымды айтып, дұрыс жол сілтеп отырамын. Мұны жолдасым Жорабектің мысын басу үшін емес, көп отбасыларға, әсіресе жастарға үлгі болсын деп айтып отырған жайым бар. Жолдасым екеуміз 2 ұл, бір қыз өсіріп, солардан немере сүйіп отырмыз. Тәубе деймін.

—Сіз жеке өмірде де, қызметте де жолы болған әйелсіз. Сырт көзге өзіңіз арманы жоқ жан сияқты болып көрінесіз. Бірақ армансыз адам қанатсыз құспен тең деген. Арманыңыз қандай?

—Ілтипатыңызға рахмет. Дұрыс айтасыз армансыз адам болмайды. Халыққа қазмет етіп жүргеннен кейін көпшілік орталарда жиі боламын. Депутат болған кезімде жеке өтінішпен түрлі жағдайға тап болған азаматтар көмек сұрап келетін. Қазір де олардың қарасы аз емес. Сондай азаматтардың ішінде сәбиінің сырқат екенін айтып, жабырқаған ата-ананы көрсем өзімді қоярға жер таппаймын. Кез келген балақай сырқат болмаса да еңсесі түсіп, көңілсіз күй кешкенін білсем көңілім босайды. Сонда бұл өмірде барлық сәби дүние есігін сау болып ашып, балғын балалық шағында шуақты өмір сүрсе екен деп қиялданып кететінімді жасырмаймын. «Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» деген өлең шумақтарындағы сөз дөп басып айтылған ғой. Ал сол бақытты ең алдымен балаға ата-ана беретінін мына жастарымыз терең түсініп, соны ұмытпаса дегім келеді.
– «Уақытқа» уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет.
– Сізге де рахмет.
Сұхбаттасқан
Қазыбек НЫШАН

ПІКІР ЖАЗУ