АДАМДАР ТАҒДЫРЫ МАХАНОВТЫ НЕГЕ АЛАҢДАТПАЙДЫ?


Иә, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бас­шысы Мұрат Махановтың «көтере алмас шоқпарды беліне байлағанын» көрсетіп алған соң, «кресломен» қоштасудан басқа не қалды? «Даудың басы» М.Махановтың өткен оқу жылы қорытындысында ҰБТ-да төменгі көрсеткіште болған 15 мектептің директорын босатамын деп, оның орынбасарларына қатаң жаза көргенімен басталады. «Завучтар» тиісті жазаларын алады.

Мұқаң бастық директорларды шетінен шақырып алады да, «қызметтен өз өтініштеріңмен кетіңдер» деген талабын төтесінен қояды. «Көкеден» де, «көк қағаздан» да «крышасы» жоқ 5-6 директор М.Махановтың табанды талабына шыдамай қызметтерінен кетеді. М.Махановтың «қара тізіміне» ілінгендердің ұзақ жылдардан бергі еңбегі де, білім саласының білгір маманы екені де ескерілмейді. Осы жерденақ М.Махановтың білім саласын көтеруге емес, оның басшыларын көптеп ауыстыруға мүдделілік көрсеткенін байқайсыз.

Біздің облыста мектепке директор тағайындаудың «өзіндік құпиясын» тілі шыққан баламызға дейін айтып бере алады. Директор тағайындауда сондай сорақылықтың барын «есітпеппіз де, көрмеппіз де» деп көлгірсіп, Алланың алдында күнәһар болмағанымыз дұрыс шығар, әсте. Міне, сондықтан да облыс аумағында «мектеп директорын» тағайындаудың қиындығы мол болып тұрады. Ол бізде жақсы кадрдың жоқтығынан емес. Өйткені, оның «ставкасы» ауыр. Директор тағайындау кезкелген аймақта айлар түгілі, жылдарға созылып жатады. Дәл осы Сарыағашта М.Маханов 15 директордың «табанына тас қойып, бүйрегіне біз тығып» жатқан кезде 13 мектепті «ио» директорлар басқарып келген. Сол «и.о» директорлардың алды 1,5-2 жылға дейін отырғандар. М.Маханов оған 15 директорды қосса, оның артындағы «көк қағаздың» көгілдір таулары көрінетіні санасында саңлауы жоққа да түсінікті шығар. М.Маханов та бүгіндері басшылық қызметте жүрген, өзге «қуыс кеуде құршірен» замандастарының үрдісімен қалың көпті ақымаққа есептеп, өзінің «данышпандығымен» орны толмас қателікке барғаны анық. Бұрынғы облыс басшысының ықпалымен Сарыағаш ауданындағы 250-ге жуық білім мекемесінің тізгінін ұстауға қолы жеткен М.Махановтың басшылық қызметті беталдылыққа жіберуінің салдарынан ауданда «мың күн сынбаған шөлмек, бір күнде сынадының» кері келіп отыр.

Шымкенттен шығатын «Қазақстан жолы» газетінде жарияланған мақалада №14 (580) 08.04.2016 ж.) «Сарыағаш аудандық емханасы» МКҚК-нің бас дәрігері Н.Ақбердиевтің де белшесінен батқан былығы толық айтылған болатын. Н.Ақбердиев те басшы болудың «шыны шөлмегін» сындырып алғанына көзіміз жеткен соң: «Ендігі жерде Н.Ақбердиев төбеден «сертификат» алып түскеннің өзінде, «күлшелі бала сүйкімдідей» жылтырағанның өзінде, емхананың бас дәрігері болып қала алмайтынын түсініп, ең әдемісі оны «өз өтінішімен» қызметінен босатқанда, «құда да тыныш, құдағи да тынышқа» қолдарын жеткізетін еді», – деп жазған болатын.

Сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пакеев жанын салып Н.Ақбердиевті қорғаудай қорғады. Шындықтың жүзі қол кесетін болған жоқ, С.Пакеевтің амалсыз Н.Ақбердиевті «өз өтінішімен» басшылық қызметтен босатуына тура келді.
Сарыағаштықтар аудандағы білім саласының жұмысын белшесінен былыққа батырған М.Махановтың да ендігі жерде кешегі Н.Ақбердиевтің кебін киіп, «өз өтінішімен» қызметтен кететіндігіне еш шүбәсі жоқ.

Кадрдың қадірін кетіріп, сотқа салпаңдаған М.Махановқа не дауа?

М.Маханов Сарыағашқа екпіндей кіреді, жоғарының «добросын» арқаланды ма, әйтеуір, жұмысында кадр «тазалап» алуды алдыңғы орынға шығарады. «Мен бір облыстың халқындай ел-жұрты бар аймаққа келдім ғой, жан-жағыма қарайын, ұжымның қызметкерлерін саралаудан өткізіп алайын дегенді қаперіне де алмайды. Оның үстіне өзінің аудан әкімі болып, жүргеніне өзі де сенер сенбесін білмей, «не мясо, не рыба» болып жүретін Парманов та ауданда «білім бөлімінің» барын ұмытып кеткендей еді. Олай дейтініміз, ауданның 10-нан астам мектептерін «и.о» директорлар басқарып отырғанына пәруайы пәлек болатын. М.Маханов ҰБТ қорытындысымен 15 мектеп директорын қызметтен босататынын айтқанда «алдымен анау «иесіз» жатқан мектептеріңді реттеп алсайшы» дегенді айтуға шамасы жетпеген ауданның бірінші басшысының «сиқын» көріп тұрған соң М.Маханов қалай ойына келгенді істемейді?

Орынбасары Б.Майриховтың мәселесін қараған облыстық тәртіптік кеңес оның «атқарып отырған лауазымына толық сәйкес еместігін қарау немесе жұмыстан босату туралы» ұсынысын бергенде М.Махановтың «көктен іздегені жерден табылғандай» болып қалады. Білім саласына еңбегін сіңіріп, оның тауқыметін тартып жүрген Б.Майриховтың мәселесін қараудың орнына, оны жұмыста болмаған күні сыртынан бұйрық шығарып, қызметінен босатады. Б.Майрихов сот органынан араша сұрайды. Сот М.Махановтың заңбұзушылықпен берілген бұйрығының заңдық күшін жойып, Б.Майриховты бұрынғы атқарған қызметіне қайта орналастырады. М.Махановта осыдан кейін не бедел қалды?

Енді М.Маханов сәті келгенде өзінің көңіліне жақпайтын, дене шынықтыру мен алғашқы әскери дайындық пәндерін оқытуға жетекшілік жасайтын бас маман Т.Ахметовты шырылдатып тұрып 08.07.2016 ж. «қысқартуға» іліп жібереді. Т.Ахметовтың 2002 жылдан осы қызметті мінсіз атқарып, озық іс-тәжірибелерімен танылғаны да, қаншама марапаттарға ие болған бөлімнің белді қызметкері болған еңбегі де еленбейді. Тіпті, аудандық білім бөлімінің 2006-2007 оқу жылында Т.Ахметовты келісім-шартпен 1 жылға №126 Б.Майлин орта мектебіне «и.о» директор етіп жіберіп, мектеп жұмысын жүйелі жолға қойып, бірізділікке түсіріп алған еңбегі де ескерілмейді. Т.Ахметов те амалсыз сот әділдігіне жүгінеді. Аудандық сот Т.Ахметовты өзінің атқарып жүрген бас маман қызметіне орналастырылсын деген ұйғарым шығарып береді. Демек, қызметкерлерін қуғындауға алған М.Маханов сотта тағы да жеңілді. Қазір Т.Ахметов әдіскерлік қызметке орналастырылыпты. Бұл сот шешімін орындау емес. Өйткені, Т.Ахметов атқарып келген жұмыстың бас маман штаты қысқарған жоқ. Қысқару ауданның 2015 жылы уақытша берген штатына қабылданған А.Жұмабековке жасалынуы керек еді. Бұл өзін «как Бог, царь» санауға жетіп қалған М.Махановтың заң бұзушылыққа жол берген әрекеті деп қалай айтпайсың? Алдағы уақытта шындық салтанат құрып, Т.Ахметов өзінің абыроймен атқарып жүрген жұмысын одан әрі жалғастырады деп ойлаймыз. Бұл аз болса, М.Махановтың қуғындауына түскен аудандық білім бөлімінің тағы бір қызметкері М.Махановты сотқа беріпті. Шағымданушы әділдіктің айтылатындығына сеніп отыр.

Білім бөлімінде кадр ауыстырудың «пісте шаққандай» болып кеткенін есітіп М.Махановпен пікірлесіп көрдік. М.Маханов болса бөлімнің қызметкерлері, әдіскерге дейін мектепке барса, мұғалімдерді «бидайдай қуырып», олардың сый-сияпатсыз қайтпайтынына ұстаздар түгілі, жұртшылықтың наразы болып жатқандарын айтып, шағынғандай болды. Кадрды тазалау керек шығар, бірақ соның сылтауымен үлкен ұжымды асты-үстіне келтіру қажет пе?

Нағыз мемлекетшіл, өте іскер директорды М.Маханов қызметінен неге босатты?

Осы бір фактінің өзі «данышпан» М.Махановтың бет пердесін сыпырып тастаса керек. Ауданның Бозай ауылдық округіндегі Ы.Алтынсарин мектебінде 165 оқушы бар. Мектеп тынысына үңілсеңіз, мұны ауданның ең шалғайындағы мектебі деп айта алмайсыз. Мектептің 1952 жылы салынған ғимаратына адам кіруге қорқады. 2014 жылдан бері есіктері жабық. Ауылдан шыққан нағыз елжанды кәсіпкер Қ.Бердімұратов 2004 жылы өз қаражатымен 100 орындық 9 сынып бөлмесін салып береді. Мектеп директоры болып ұзақ жылдардан бері қызмет істеп келе жатқан іскер де, іздемпаз, адалынан туған ел перзентінің бірі Д.Пилалов ерен еңбегінің арқасында бұл мектеп ҰБТ қорытындысы бойынша соңғы 5-6 жылдан бері аудандағы 138 мектептің алғашқы ондығында, оның ішінде үнемі 5-7 орындардан түспеген. Жігіттеріміздің қазақтың шалғайдағы ауылдарында осындай мектептер ұстап отырғанына қалай бас имейсің?!

Сонымен, аудан 2015 жылда осы мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жасауға 22 миллион бюджет қаржысын бөлдіреді. Жүргізілетін күрделі жөндеу құрылысының сметалық жоба — құжаты жасалынады. Күрделі жөндеу жүретінінен алдын-ала хабары бар мектеп директоры мектептің жылу батареяларын ауыстыруды қосуды қанша шырылдап айтқанымен, ауданда оны ешкім құлағына қыстырмайды. Ауданда тендер өтеді, жеңімпаз мердігер күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге келеді. Жұмыстың барысы аудан әкімі Б.Парманов пен білім бөлімінің басшысы М.Махановтың тікелей бақылауында болады. Жұмыстың сапасыздығын көріп жүрген мектеп директорының мердігерлермен жиі-жиі ілінісіп қалуына тура келеді. Ал, мына жақтан М.Маханов мектеп директорына «жұмыстың сапасын бақылау сенің құзырыңа жатпайды, жайыңа жүр» деп сес көрсетеді. Ең сорақылығы сол, сметада 9 сынып бөлмесіне тақтайдан еден салу есептелгеннің өзінде, оны мердігерлер орындамайды. Сондай-ақ, сметалық құжатта мектеп ғимаратының ішкі электр жүйесінің сымдарын толық ауыс­тыру көрсетілгенімен, мердігерлер оны да істемейді. Бөлмелерден электр розеткалары мен патрондарын ауыстырады да, «сендерге осы жетеді» дегендей, мектеп директорының талабына пысқырмайды. Бұл кезде күрделі жөндеуге бөлінген 22 млн. теңге мемлекет қаржысы мердігердің есеп шотына аударылып қойған. Мектеп директоры мердігерлерге «9 бөлмеге тақтайдан еден салмадыңдар ғой» деп, ең болмаса бөлмелердегі жылу батареяларын ауыстырып беруді сұрап, «жылағандай» болады. Мердігер осының бәрін көретін ел-жұрттың көзі бар ғой деп те ойланбайды, арттарында тұрған М.Махановқа сенетін болса керек, әсте.

«Қуырдақтың көкесі», 22 млн. теңгенің жұмысы орындалды деп жасалынған «қабылдау актісіне» қол қойдыру кезінде басталады. Мектеп директоры Д.Пилалов М.Махановтың да, аудан әкімі Б.Пармановтың да алдында сметада көрсетілгенімен, атқарылмаған жұмысты тізіп айтып, актіге қол қоюдан үзілді-кесілді бас тартады. «Патриот» директордың айтқанға көніп, айдауға жүрмегеніне күйінген М.Маханов Д.Пилаловқа бопсалауды қаншама қарша боратса да, айтқанына көндіре алмайды. М.Маханов түк шығара алмаған соң, әкім Б.Парманов директорды алдына шақырып алып «егер қабылдау актісіне қол қоймасаң, мен ауданда әкім болып тұрғанда, сен мектеп директоры болып істемейсіңді» миына құйғандай болады. Аудан тізгінін ұстап отырған азаматтың сөзіне күйінген Д.Пилалов та «Отанымның қазынасын талан-тараж ететін опасыздыққа барып, ел-жұртымның, шәкірттерімнің алдына қарабет мектеп директоры болып істемей-ақ қойдымды» ұстанып «өз өтінішімен» қызметтен кетуге мәжбүр болады.

М.Маханов та, Б.Парманов та «еркек» екен. «Еркектік» сөзінде тұрып, 22 млн. теңгелік күрделі жөндеу жұмысының қабылдау актісіне қол қоймағаны үшін Д.Пилаловты мектеп директоры қызметінен босатарда социолог штатын ашып беріп, арқасынан қағып, жайына жібереді. Аудан әкімі араласқан сұмдыққа күйінген бозым жұрт қайда барсын, бір Құдайға тапсырған да қойған.

«Дәніккеннен құныққан жаманның» кері ме, Б.Парманов білім бөлімі басшысымен осындай сорақылықтың «концертін» аудандағы Н.Тілендиев орта мектебінде де қойып береді. Мұнда да күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Отаншыл азаматтың бірі, еліне сыйлы мектеп директоры мұнда да мердігерлердің сапасыз жұмысы үшін, олармен жиі-жиі «жағаласуына» тура келеді. Бір қызығы директордың үні шыққан күннің ертеңіне мектепке аудан басшысы Б.Парманов жетіп келеді. Директордың мұрнына құрылыстың иісі бармайтынын, жайына жүруі керектігін айтып жер-жебіріне жетіп кетеді. Мектеп қызметкерлерінің көзінше басшы кісі айтпайтын дөрекі сөздерді айтуға дейін барады. Мердігерлер қазандықты дұрыстап жөндемейді. Еденге өте арзан, сапасыз линолеум төсейді. Осының бәрін көріп отырған директордың қабылдау актісіне қол қойып бермейтіндігін айтқаны сол, Парманов «тепкінің» астына алғандай етіп бопсалауға шығады. Көзін шел басқан аудан басшылары директордың ауруханадан бір-ақ шығуына жеткізеді. Шындығында, ауданның білім саласы мекемелеріндегі сорақылықтарды тізіп айта беруге бетің де шыдамайды екен. Сонда естіген жанның «төбе шашы тік тұратын» сорақылықтар Сарыағаш аудандық білім бөлімінде жалғасын таба бере ме?

М.Махановтың «Жаңартылған білім беру мазмұнын ендіру жұмыстарын зерттеу туралы» шығарған 23.10..2016 жылғы №383 бұйрығының «қойыртпағы» араға екі ай салмай жатып, фейсбук арқылы бүкіл елге тарап, Оңтүстік жұртшылығының намысы­на тиді. Бөлімнің әдістемелік кабинеті жанындағы орталықтың жетекшісі Ұлша Расулова басқарған «комиссия» әр аптаның төрт күнінде мектептерде жол бойы жұмыс істеуге іссапарға жіберіледі. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, «комиссия» М.Маханов бекіткен «жадынамасына» сай жүргізілсе, ауданнан шығып Қазақстанды шарлаған:
«Сабақ өтуге бермей қойдың мұрша,
Мұның қалай, Ұлша?
Мұғалімді таптадың-ау құлша,
Жаңалығың осы ма еді, Ұлша?»- деп келетін тақпақ есіткен жұрттың жүйкесін жұқартпас еді ғой.

Әділ МҰРАТБЕКОВ,
Сарыағаш ауданы.

ПІКІР ЖАЗУ