ОҚУШЫ ӨМІРІНЕ КІМ ЖАУАПТЫ?

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне Лесхан Қойлыбаев мырза келгелі бері біршама оңды өзгерістер орын алғаны баршаға белгілі. Десек те, ауданда орналасқан 125 жалпы және негізгі білім беретін мектептердің көпшілігінде біршама олқылықтар әлі де байқалуда.

Атап айтар болсақ Нұрлы таң, №90 Абай, Х. Әлімжан атындағы мектептердің ауласында орналасқан алғашқы әскери дайындық пәні үшін қажетті орындарды өзге мақсатқа пайдалануда.
Оқушылардың арнайы сап түзеп, әскери қадым басатын орындарында сабақ уақытында көліктердің жүйткіп жүруі секілді жағдайлардың куәсі болудамыз. Мектеп басшыларына журналист ретінде ескерткен кезімізде бұл көліктердің үнемі осында тұратынын және олар мектеп қызметкерлерінің жеке көліктері екенін айтты. Сонда мектеп басшылары өздері тәрбиелеп отырған оқушыларының өміріне алаңдамай ма, әлде шәкірт өміріне деген жауапкершілікті толықтай сезінгісі келмейді ме? Біздіңше, мектеп ауласында орын алып жатқан кез-келген жағдайға жауап беріп, оны өз бақылауында ұстау мектеп директорының міндетіне жатады.
Осы орайда, апаттың айтып келмейтінін, оқыс жағдайдың қас пен көздің арасында орын алатынын мектеп басшылары санасымен сезінсе екен. Сонда ғана мектеп ауласына автокөлік кіргізбеуге тиым салар ма еді? Мектеп жекенің емес, мемлекеттің меншігінде екенін мектеп басшылары әрдайым жадында ұстағаны жөн. Бұл жөнінде Мақтарал аудандық білім бөлімінің басшысы Лесхан Қойлыбаев мырза қандай шара қолданар екен?

Сатыбалды ЖҮНІСБЕКОВ,
Мақтарал ауданындағы меншікті тілшіміз.

(«Уақыт» газеті №3 (222).

ПІКІР ЖАЗУ