ЖАТТАНДЫ БОЛҒАН СӨЗДЕН ҰТАРЫМЫЗ ЖОҚ

Қарамағындағы қызметкері жемқорлыққа жол берген жағдайда бірінші басшының қызметтік мәселесі қаралатынын облыс әкімі Асқар Мырзахметов жиі айтады. Әйтсе де нәтиже жоқтың қасы. Әйтпесе екі күннің бірінде ірілі-ұсақты қаншама мемлекеттік қызметкер парамен ұсталып жатса да, олардың бірінші басшылары міз бақпай-ақ, миығынан күліп жүрген жоқ па? Демек, бұл жерде Асқар Исабекұлының сөзінің құны жоқ немесе айтылған сөз айтылған жерде қалып кететін әдет қалыптасқан.

Республика көлемінде жемқорлық қылмыстың саны бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы алдыңғы орында келеді. Мына жақта Елбасымыз «бюджеттің қаржысын көздің қарашығындай сақтаңдар, мемлекеттің әрбір тиыны есептеулі» деп шырылдаса да, Оңтүстікте «алаған қолдар» айылдарын жияр емес. Бюджеттің қаржысын қымқырды деп есептелген 275 қылмыстың кесірінен мемлекеттің 1,7 миллиард қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіпті. Оның қаншасы қайтарылып, қаншасының қайтарылмауын құқық қорғау органдарының қызметкерлері анықтай жатар, біздің бір түсінбейтініміз, парақорлардың бірінші басшылары неге жазадан тыс қалып жататындығында. Ұсақ-түйектерін айтпағанның өзінде, кезінде Сайрам, Созақ, Төлеби аудандарының білдей аудан әкімінің орынбасарлары ұсталды. Солардың қай бірінші басшыларының қызметтік жауапкершіліктері қаралды? Қайта, қайсыбірінің қызметі өсіп кетті.

Енді мына қызыққа қараңыз. Күні кеше Сарыағаш ауданына А.Мырзахметовтің пәрменімен әкім болып тағайындалған Ә.Мақұлбаев креслосына отырар-отырмас орынбасары ұсталды. Оны БАҚ біткен шуласа жазып, телеарналар бүкіл елімізге әшкереледі. Рас, оқиға орын алғанымен, тергеу ісі аяқталған жоқ. Соңғы сөзді сот айтатынын да білеміз. Дегенмен осы оқиға орын алып жатқан тұста «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде облыс әкімі А.Мырзахметов жемқорлыққа қарсы күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндай келе, қарамағындағы қызметкер жемқорлық әрекетке жол берген жағдайда бірінші басшысы жауап беретінін қадап айтқан ол қызметтік мәселесі қаралатынына тоқталған болатын. Айтып ауыз жиып болғанша, Сарыағаштан шыққан шу бүкіл республикаға тарады.

Жемқорлықпен күрес, оның алдын алу бойынша Оңтүстікте ешбір өзгеріс жоқ. Көрсеткіш бір деңгейде сақталып отыр. Мәселен, 2010 жылы 220 қылмыс тіркелсе, 2011 жылы 218. Биыл да сол межеге жетуіміз мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Қазір халық та биік лауазым иелерінің айтқандарына онша илана бермейді. Қайтіп илансын, сөзі бір басқа, ісі бір басқа болса. Айтылған сөз – атылған оқ. Айтылды ма, ол сөздің құдіреттілігі – орындалуында. Мұны Елбасымыз да ескерткен. Әзірше парамен ұсталған мемлекеттік қызметкердің тікелей басшысының қызметтік жауапкершілігі қаралғанын, өз еркімен отставкаға кеткенін көрмеппіз. Тек, әнебір жылы Асқар Исабекұлы бұл қызметке келмей тұрғанда болмаса… Жемқорлықты жүгендеу үшін әсіреқызыл сөз емес, нақты іс, қатаң шара керек-ақ.

Қ.ҚАЛИЕВ.

ПІКІР ЖАЗУ