АДАЛ ЕҢБЕККЕ-ЛАЙЫҚТЫ ТҰРМЫС

Кәсіподақ ұйымы мен мекеме арасындағы тығыз байланыс кәсіподақтың маңызын арттыра түседі. қазіргі уақытта елімізде мұғалімдерге қатысты өзекті мәселердің бірі ұстаздардың жұмыс уақыты мен жеке басына арналған уақыттардың арасындағы үйлесімділікті айтар едік. Мұғалімдерге қойылатын талаптардың уақыт өткен сайын жоғарылап келе жатқанын ескерсек, оған тағы да ата-аналардан, мектеп әкімшілігінен, оқушылардан келіп түсетін талаптардың тағы бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Сол талаптарды орындау үшін мұғалімдердің жеке өміріне мүлдем уақыт табылмайтындығын аңғарамыз. Мұғалімдердің жұмыстан тыс уақыттарын тиімді пайдалануы арқылы, өмірлік тепе-теңдік, ырғағын сақтау бағытында жұмыстар жолға қойылса. Бұл тікелей кәсіподақтың араласуын қажет ететін мәселе кәсіподақ ұйымы ұстаздардың жеке өмірі мен жұмыс уақытының үйлесімін тауып, ұстаздарды күйзеліс жағдайынан арылту мәселесінде ата-аналар комитетінінң арқалар өз жүгі бар. Ұстаздардың уақтылы еңбек демалысына шығуы, демалыс орындарында денсаулығын қалпына келтіру, бос уақытын тиімді пайдаға асыруы мұғалімге деген құрмет пен оң көзқарастың жоғары деңгейде екендігін көрсетеді.
Сондай-ақ, бүгінгі таңдағы аса маңызды мәселелердің бірі ғаламдық желілердегі әлеуметтік медианы айтуға болады. Мұғалімдер барлық жаңа бастамалардың алдында жүруі керек. Онда барлық атқарған оң жұмыстары насихатталып отырады. Керісінше сондай дәрежеде ұстаздардың мәртебесін сондай дәрежеде түсіріп алып жатамыз. Сол себепті бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде және әлеуметтік желілерде ұстаздарға қатысты жағымсыз ақпараттардың алдын алуымыз аса маңызды мәселе. Бұл жағдайда да кәсіподақ ұйымына артылар жүк бар. Бұл да ұстаздар қауымын шынайылық сипатпен қорғауда кәсіподақ жұмысының жаңа парағы болмақ. Педагог мамандығын алған ұстаздарды іріктеуде де кәсіподақ ұйымының араласуы заңдылық. Бүгінгі жаңа, жас кадр жұмысқа қабылданған күннің ертеңіне кәсіподақ мүшесі саналады. Және ұйымның әлеуметтік қорғалуында болады. Енді осы тұста жастардың кәсіподақ туралы түсінігін қалыптастыру маңызды шара болмақ. Бүгінде «Кәсіподақтар туралы» жаңа Заң қабылданып, егемендік алғаннан кейінгі кәсіподақтың құрылымы біраз өзгеріске ұшырағанын және бұрынғыдан айырмашылық бар. Сондағы байқағанымыз жас мамандар кәсіподақтың қоғамдағы негізгі атқарар рөлінен бейхабар және «Кәсіподақ бізге не береді?» деген жеңіл сұрақпен үлкен ұйымның астарына үңіле бермейді. Еңбек дауы туындап, заңсыз жұмыстан шығып қалғанда немесе әлеуметтік құқығы толықтай қорғалмай қалған жағдайда алдымен көмек қолын созатын кәсіподақ екенін білуі тиіс. Оны іс жүзінде жүзеге асырып көрсету керек. Кәсіподақ –заңнамалық деңгейде еңбек адамдарының проблемаларын шешуге қабілетті ұйым+ кәсіподақ ұйымы мекемедегі ұжымдық келісімдерді құру, арқылы жұмыс берушімен әлеуметтік –еңбек қатынастарын орнатады. Ол еңбек заңнамасының бұзылмауына жұмыс жасайды. Бұл кәсіподақ ұйымының жарқын беттерін аша түседі. Ұстаздарды негізгі жұмысынан басқа жұмыстарға жекпеу, оған заңдылық тұрғысында араша түсер бірден-бір ұйым. Сондай-ақ елімізде басты құжат саналатын Конституция бойынша мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған. Бұл мәселе «Білім туралы» Заңда да нақты көрсетілген. Формализм мен бюрократизмнен белсенді бас тартып, еңбек адамының мүдделерін кәсіби қорғап, кадрлық резервті жастармен толықтыру қажет.
Кәсіподақ ұйымының жұмысының тиімділігін көтеру үшін бірінші кезекте қорғаныс функциясының іске асуына көзқарасты жаңаша қалыптастыру қажет. Кәсіподақ мүшесінің мүддесін кәсіби негізде қорғау бойынша негізгі жұмысты құқықтық қызмет атқару керектігі өмір талабы болып отыр. Кәсіподақ ұйымының құрамына мүшелікке енген қарапайым мұғалім, біріншіден, өзінің еңбек міндеттеріндегі жүктемесі жеткілікті болғанымен, бақылау жүргізуге, даулы жағдайларды шешуде қажетті құқықтық білімі жеткіліксіз. Осы тұрғыда кәсіподақ ұйымының қорғаныс функцияларын жандандыру үшін кәсіби заңгерлермен, келіссөз процестерін жүргізетін мамандармен жасақталса дұрыс болған болар еді.
Бұл жағдайда Созақ аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының ауқымды атқарған жұмыстары бар. Атап айтқанда, Созақ аудандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподақ комитеті 53 бастауыш кәсіподақ ұйымының басын біріктіреді. Оларда бас-аяғы 4152 кәсіподақ мүшелері еңбек етуде. Аудандық кәсіподақ ұйымын осы салада мол тәжірибесі бар Қасым Манас басқарып келеді. Сала қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы, олардың әлеуметтік тұрғыдан лайықты қамтамасыз етілуі, денсаулықтарын сақтау мен салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау, еңбек дауларының алдын алу мен оларды шешу кәсіподақтың негізгі жұмысы мен міндеті болып табылады. Айта кетсек, өткен жылдарға қарағанда арыз-шағымдар саны кеміп келеді. Соңғы бір жылдың ішінде 6 кәсіподақ мүшесінің мүддесі жұмыс берушілердің алдында қорғалғанын атап өтек болады. Жалпы, аудандағы білім беру мекемелері қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы, жастардың білім дәрежесі мен біліктілігі, мектептердің материалдық базасы да аудандық кәсіподақ ұйымының назарынан тыс қалған емес. Мысалы, аудандағы 35 білім ордасының барлығы типтік жобамен салынған жаңа мектептер, алдағы уақытта тағы екі мектеп жаңадан салынады деп күтілуде. Мектепке дейінгі бүлдіршіндердің 80 пайызынан астамы балалар бақшасымен қамтылып отыр. Сондай-ақ, ауыл мектептеріндегі жұмыс істейтін мұғалімдерге коммунальдық төлемдер төленіп, «Қол жетімді баспана» бағдарламасымен пәтерлер берілу көзделуде.
– —– Аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетіне қарасты білім мекемелерінде жұмыс беруші мен білім қызметкерлерінің өкілі болып табылатын кәсіподақ комитеттері арасында ұжымдық шарттар түзілген. Бұл орайда әрбір білім мекемелеріне ұжымдық шарт қабылдауға байланысты тиісті түсініктемелер беріліп арнайы дайындалған құжаттар таратылып отырады. Соның нәтижесінде білім мекемелерінде қабылданған келісім шартқа орай жұмыстар жүргізілуде.
Аудандық кәсіподақ комитетінің басты жұмыстарының бірі білім мекемелерінде Қазақстан Республикасы Заңдарының сақталуына бақылау жасау, еңбек дауларын әділетті шешіп, ұжымдарда қалыпты моральдық-психологиялық ахуалды орнықтыру ортақ мақсаттағы іс-қимыл мен қарым-қатынасты реттеу болып табылады. Жазбаша және ауызша түскен арыздарға заң бойынша түсініктеме беріледі немесе тексеру барысында табылған кемшіліктерді көрсетіп мекеме басшысына жөндеу жөнінде талап қойылады.
Ұстаздар мен басқа да білім қызметкерлеріне әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, мұң-мұқтаждарының оң шешімін табуға ықпал жасау, мүддесін қорғап, олардың еңбек демалысын ұйымдастыру салалық кәсіподақтың жұмысындағы негізгі мақсаты болып табылады. Білім қызметкерлерінің демалысын тиімді ұйымдастыруға олардың денсаулықтарын түзетуіне ықпал етіп келеміз.
-Аудандық кәсіподақ комитетінің тарапынан 2016 жылы 75 (жетпіс бес) кәсіподақ мүшелеріне 50% (елу) пайыздық жеңілдікпен жолдама берілсе, 483 (төрт жүз сексен үш) кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмек көрсетілді, 2017 жылы шипажай орындарына 90 (тоқсан) жолдама беріліп, 502 (бес жүз екі) кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмек көрсетілді. 2018 жылы 8 (сегіз) айында 518 (бес жүз он сегіз) қайырымдылық көмек қаржы көрсетілді, 117 (жүз он жеті) кәсіподақ мүшелеріне жолдама берілді.
Ұстаздардың сабақ арасындағы бос уақытын тиімді пайдаланып, бір сәт бой сергітіп, өзара ой бөлісіп, пікір алысып, сұхбат құратын демалыс бөлмелерін жабдықтауды кәсіподақ ұйымдары жұмыс орындағы жағдай жасау деп табады. Бүгінгі таңда аудандағы бірқатар білім ошақтарында демалыс бөлмелері жабдықталған, өз кезегінде бұл жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.
-Аудандық кәсіподақ комитеті аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып «Жыл сынып жетекшісі», «Үздік кітапханашы» тағы сол сияқты байқауларды өткізуге ат салысып келеді. Ұстаздардың кәсіби мерекесі «Мұғалімдер күнін» жоғарғы дәрежеде өткізу басты назарға алынып келеді. Бұл күндері шығармашылықпен жұмыс істеп жүрген білім қызметкерлерінің таңдаулы өкілдері аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің және облыстық, республикалық марапаттаулар жасалынып сый-құрметке ие болады. Аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Мұғалімдер күні», қарсаңында волейбол және тоғыз құмалақтан жарыс өткізу дәстүрге айналған.
10 маусым Кәсіподақтар күні мерекесі жылда дәстүрлі түрде салтанатты жиынмен аталып өтеді.
«ЭКСПО–2017» көрмесін тамашалауға аудандық кәсіподақ комитетінің бюджеті есебінен білім мекемелеріндегі кәсіподақ мүшелері үшін 100 (жүз) билет алынып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына, кәсіподақ мүшелерінің санына қарай бөлініп беріліп, «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға жағдай жасалынды.
Аудандық кәсіподақ комитетінің кеңейтілген мәжілісінде Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласы қаралып, талқыланып мақаланың орындалуына атсалысу мақсатында үндеу қабылданып, ол аудандық газетке жарияланды. Сондай-ақ, Жаңа жыл қарсаңында жаңа жылдық шыршада, жылда әлеуметтік тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларының 110 (жүз он) балаларына жаңа жылдық дастархан мәзірі дайындалып, мерекелік сый-сияпаттар көрсетілді. Зейнеткерлік жасқа толған білім қызметкерлерін сый–құрмет жасап шығарып салу міндеттеріміздің бірі.
2017 жылы «Жемқорлыққа жол жоқ» атты аудандық плакат байқауы бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында өткізіліп, оның қорытындысы бойынша «Шолаққорған» жалпы орта мектебінің мұғалімі Байғараева Ақмарал Бегімбетқызының еңбегі жеңімпаз болып, облыстық байқауға ұсынылып, жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар, аудандық кәсіподақ комитетіне қарасты білім мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауы өткізілді. Байқаудың қорытындысы бойынша «Таукент гүлдері» бөбекжай бала бақшасы үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы (жетекшісі, Қамбарбекова Райхан) жеңімпаз болып, облыстық байқауға ұсынылып, облыстық байқауда «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» атанып жүлделі орынға ие болып, марапатау қағазы мен заттай сыйлыққа ие болды.
Ауданда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерінің кәсіби сауаттылығын шыңдау мақсатында 4 семинар кеңес, облыстық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен 2 көшпелі семинарлар өткізілді. Аудандық салалық кәсіподақтың кеңейтілген отырысында жаңа оқу жылының басты жоспарлары бекітілді. Олардың алғашқы кезеңі Еңбек Кодексін өмірлік тәжірибеде қолдану, ұжымдық шарттарды жаңарту, кәсіподақ мүшелерін оқыту жұмыстарына бағытталуда. «Еңбек адамына-лайықты тұрмыс» тақырыбында біршама игі істер де кәсіподақ тарапынан көрініс тапқан. Оның ішінде еңбек қауіпсіздігін сақтау, сауықтыру шаралары, зейнеткерлікке құрметпен шығарып салу, балалардың жазғы демалысына көңіл бөлу, қайырымдылық көмектер көрсету сияқты мәселелер жолға қойылған. Жас мамандар да қамқорлықтан тысқары қалмай «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 4 жас маман жұмысқа орналасқан.
«Мектепке жол», «Еңбек күні», «Ұстаздар күні» сияқты түрлы шаралар өз деңгейінде өткізілуде. Бізде мұнымен ғана шектеліп қоймайды. Қайырымдылық көмектер, мектеп пен балабақшалардың күрделі жөндеуден өтуі, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі, мерзімдік баспасөзбен байланыс, мерекелік байқаулар, қоғамдық шаралар ұйымдастырылып мүшелеріміздің қатары арта түсті. Еңбек адамдары үшін кәсіподақ аса қажет ұйым, сенім тірегі екенін ісімізбен дәлелдеп келеміз,- дейді ұйым төрағасы Қасым Манас.
Расында адал еңбекке лайықты тұрмыс болуы қажет. Осы тәмсілді басшылыққа алған әрбір кәсіподақ ұйымының алар асуы алынады, биігі бағынады, «адал еңбектің тәтті жемісі» деген сол болар.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі,
аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы.

ПІКІР ЖАЗУ