САРЫАҒАШТЫҚ ДИҚАНДАР АҒЫН СУДАН ТАПШЫЛЫҚ КӨРМЕЙДІ

201
0

Биыл Сарыағаш ауданының шаруалары ағын судан тапшылық көрмейтін болады, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда аудандағы каналдар кезең-кезеңімен бетондалып жатыр. Солардың бірі – Жібек жолы және Қабпланбек ауылдық округтерін кесіп өтетін ұзындығы 18 шақырымды құрайтын «Қожахан» каналы. Бүгінде мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Құрылысы 2019 жылы шілде айында басталған жобаның жалпы құны – 1,55 млрд. теңгені құрайды. Меншік иесі – «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі. Құрылысқа жауапты мекеме – «Гидроқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Нысанның негізгі мақсаты – Сарыағаш ауданындағы 1300 гектар аумақты ағын сумен қамтамасыз ету.

«Бұл жобаның құрылысы осы жылдың желтоқсан айында толық аяқталады. Бұған дейін каналдың су өткізу қабілеті секундына 5 текше метрді құраса, құрылысы біткеннен соң бұл көлем едәуір арта түсетін болады. Бұдан бөлек, канал бетондалғаннан соң 1500 гектар егістік жерді ағын сумен қамтамасыз етіп, су үнемділігі 30 пайызға жетеді»,- дейді «Сарыағаш су шаруашылығы» ЖШС-нің директор орынбасары Нұрғали Арызқұлов.

Жалпы, Сарыағаш ауданы бойынша 9 мың гектар суармалы жер бар. Бұл көлем жыл санап артып келеді. Осы егістік алқаптарды ағын сумен қамтып отырған ірілі-ұсақты 20 канал бар. Оның ең кішісі секундына 2 текше метр су тасымалдайды.

uakit.kz