КӨЛЕҢКЕ

467
0
Нұрлан Байжігітұлы Асанов,  Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы, Өскемен қаласы.

Нұрлан Байжігітұлы Асанов, Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы, Өскемен қаласы.

Бисмиллахир – рахманир – рахим! Ғұмырын жалғыз өткерген бір ер адамнан қайтар демі алдында:
— Бірден – бір құпия болмаса, аманат етіңіз. Өмірде жалғыз өттіңіз, оның себебі бар ма? – деп, сұрапты. Сұрақтың ауырлығын жеңілдеткісі келген қарт:
— Әрине, құпия емес. Сендерге ғибрат, үлгі, өнеге болсын. Әуелден – ақ отбасын құруға қарсы емес едім. Тек, асқақ көңіліммен керемет әйелді іздеумен уақытым зымырап өте шықты. Расында, бұл сағым қуған өмір болды – дейді. Сонда:
— Әлемнің миллиондаған қонысының жартысынан көбі әйелдер. Іздеген әйеліңіздің табылмауы мүмкін емес қой?! – дегенге қарт көздері жасаурап сала береді де:
— Негізінде, іздегенімді таптым – дейді кемсеңдеп.
— Ендеше, неге үйленбедіңіз? – дегенге,
— Мені еліткен бұл сағым кешіккен махаббаттан бетер өкінішке әкелді. Өйткені, ол әйел де өзінің көңіліндегі адамды іздеумен келеді екен – депті. Ақын Абай көлеңкені «Ең жаман дос» деген. Ал, сол көлеңке қуғандар теңдессіз жүрегінің теңін іздеумен өмірлерін өткеріп келеді. Жалғыздықты Тәңірдің Өзі қаламайды, сондықтан«Араларыңдағы бойдақ ер әйелдерді (ержеткендер мен бойжеткендерді) үйлендіріп қойыңдар» / «Нұр» сүресі, 32 – аят/ дегені бар. Ұлы Жаратушының тұңғышы Адам (ғ.с.) атамыз адамзаттың ең сұлу жаратылысы. Ал, «Тірілерден» яғни қабырғадан жаралған Хауа ананың ажарлығы одан кем түспеген. Жаратушымыз табандарының астын жұмақ етті. Алайда, пенделіктің қауызына түскен тәтті жемістің ащы өзегі екі кемеңгерді мына жалғанға өткізді емес пе. Тіпті, әлі күнге дейін адамзат атаулыны шыр айналдыра елтумен келеді. Ал, бүгінде қалаған адамымен отау құрып, шаңырақ көтерген еліміздің жанұялары қандай күйде?
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Некелінің бір күні, некесіз жүргеннің мың жылдық ғибадатына тән» дегені бар. Жуырда бір мұсылман ері некесіз қосылған әйелімен бірнеше күннен кейін, ешбір жанға белгісіз ретте ажырасты. Заматында досына ұялы байланыспен «Мен ажырастым, енді мынаны сен ала сал» деді. «Мынау қай қылығың?» дегенге қарамастан, қолын сермей кете барды. Ол аздай, Алланың үйінде шариғат жолымен қиылған некесінің артын дау – дамайға айналдырып, дініне зиян келтіргендерін білмейді. Жұптылықтың жарасымын бұзған осы бір қылықтар күн сайын жалғасын тауып, тіпті, аракідікті азсынуда. Себебі, жастар Алланың некесін жеңілдетіп алды. Алдымен, тазалыққа көңіл бөлмейді. Одан кейін ғұсыл құйыну, куәгерлер дәреті, ішімдік қолданбау деген ислам талаптарын дәл сол күні жинап тастайды. Сосын дүйім жұртты жанына жинап, ел алдында некесін куәландырады. Ертесіне «Талақсың» деп, бүгінгі әйелінен кете барады. Бұл дегеніміз, мұсылман ерінің адам құқығына, оның ішінде әйел намысы мен ана абыройына көлеңке түсіргені. Фикһ ғұламаларының Құран мен сүннетке сүйенген тұжырымдары бар. Яғни әйел өз ерінен түбегейлі босау үшін, «Талақ» сөзін бір рет алғаннан кейін, келесі «Талақ» сөздерін күтуі тиіс. Оған үш айдың көлемі беріледі. Егер де, осы уақыт арасында көңілдері қайтадан жарасып жатса, алдыңғы «Талақтың» күші жойылады. Онымен қоса, мұсылман ері «Талақ» сөзін мастық, қастық, ашу – ызамен не болмаса тәрбиелік мақсатта бірнеше рет айтқанымен, бір ғана «Талақтың» түсетіндігін тағы айтады. Яғни адам тағдырының ойыншық еместігін нақтылайды. Сондықтан, бір мезетте мұсылман ері бір «Талақпен» әйелін түбегейлі тастап жүре бере алмайды. Әріден, екі арадағы бала өмірін ойламайтындығы тіптен қынжылтады. Некенің тұрақтылығы көп жағдайда әйелге байланысты. Дегенмен, асыл дініміз некені жүрегінде сақтауға, оны намыспен қорғауға, қызғыштай қоруға мұсылман ері мен әйеліне бірдей бұйырады. Өкінішке орай, бүгінде ерінен ажырасқан, бала жетектеген әйелдерді көптеп көреміз. Бұл мұсылман ерінің Құрандағы «Әр – рижаль» яғни «Еркек» деген атауға қаяу түсіргені. Неке – ер мен әйелді ерлі — зайыпты ету, адалдыққа сөз байластыру, бір – біріне серттесуі, тағдыр тоғысындағы үлкен жауапкершілікті жүктеуді білдіреді. Бұл жолмен екеуі жүріп өтсе, үлкен сауап. Күйеуінің барлық жай – күйін жасап, ерінің разылығына бөленген әйелге Алла тағаланың ұлы сауабы бар. Ол – Жәннет! Сондықтан, өмірде «Көңіл жараспады, мінезі нашар, шаруаға салғырт» дегеннен гөрі «Өмірді түсіндік, жұбымыз көркем, ісіміз тындырымдыға» тырмысқандары жақсы.
Адамзат өмірінде екі кезең ұмытылмайды. Бірі дүниеге келуі, екіншісі дүниеден өтуі. Бұл Алланың қалауындағы кезеңдер. Оның ерте – кеші болмайды. Ал, неке осы ұлы кезеңдерді көркемдеп жалғаушы. Мәселен, мұсылман қызы немесе ұлы жаңадан некелі отбасын түзеуге бағытталды. Оған өздері едәуір дайындалады, өмір болмыстарын өзгертеді. Әкенің міндетін ұл, ананың міндетін қыз мойындарына алады. Достары мен құрбы құрдастарының отбасылы болуын қалайды. Екеуіне де ана мен ененің, әке мен атаның орындары ерекшеленеді. Үй жайы белгіленіп, жас тірлігіне күнделікті тұрмыс қосылады. Яғни нағыз өмір күйбеңі басталды деген сөз. Осы арада, көкірек ашуымен әйеліне «Сенен ажырасам немесе сен боссың, талақсың» деп, кете баратын жауапсыз мұсылман ерінің сөзі қалай болмақ? Бір алманы екіге бөлгендей, бір өмір қақ айрылып, ішкі дүниелердің бірі соққыға, бірі жарға жығылады. Ислам адам тағдырындағы құндылықтарды жоғары бағалайды. Сонда, бұл құндылықты мұсылманның таптауына құқығы бар ма? Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз мұсылмандарды үш нәрсемен ойнауға, үстірт қараудан тыйған. Олар некелесу, ажырасу және ант беру. Себебі, үшеуі де адам тағдырын қамтиды. Өсиет еткен хадистерінде мұсылман әйелінің орны жоғары. «Әйелдер қисық қабырғадан жаратылған. Оны қатты түзетсең сынады, сол күйінде қалдырсаң, одан да қатты майысады» немесе «Менің үмметімнің жақсылары – олар отбасы мен әйелдеріне жақсы қарағандар» деген. Еліміздің тәуелсіздігі жиырмадан асты. Осы егемендігіміз дүниеге келместен бұрын, шариғат некесіне алғаш қадам басқан жастар «Лә иләһә илаллаһ, Мухамадур Расуллаһқа» тілдерін келтіре алмайтын. Қазіргі жастар некеге ниеттері түзу болғанымен, соңы қадірсіз болуда. Неке — өмірлі ғибадат. Сондықтан, бүгінгі ошақ басында түтін түзеткен, ғибадат өмірге бет бұрған мұсылман жастарына айтарым, Жаратқанның тағдырын тәлкек етпеңіздер. «Жанұя» дегеніміз, адам жанының ұясы. Оған бей – берекет, ат үсті қарамаңыздар. Ошақ басы Отанда, жан басы жанұяда болып, ата – бабамыздың, ата – анамыздың жолын жалғастырайық. Бұл ұлы жолға көлеңке түсірмеңіздер. Иісі көңірсіген отбасылар көбейіп, жастарымыз ажырамасын. Өмірлеріне имандылық төрелік етсін, әумин!