Пәтер кілті тапсырылды

4 (3)«Астана күні» мерекесі қарсаңында шымкенттік бірқатар тұрғындар үлкен қуанышқа кенеліп, көптен күткен пәтер кілтіне қолдары жетті. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша бұл күні 63 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйге 7 ҰОС ардагері, 32 тұрмысы төмен отбасылар, 23 бюджет саласының қызметкерлері, апатты жағдайда тұрған үйдің 1азаматы қоныстанды.
Пәтерлі болып, қуаныштары қойындарына сыймаған жаңа қоныстанушыларға облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов пен Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қуаныштарына ортақтасып, пәтер кілтін табыс етті. Айта кетейік, мемлекеттік тұрғын үй қорынан арендалы тұрғын үй кезегіне маусым айының басына дейін 8658 азамат тіркелген. Былтырдан бері 105 отбасы пәтерлі болса, жыл аяғына дейін тағы қаншама отбасылар қоныс тойын тойлайтын болады.

Венера ҚАБЫЛБЕКОВА.