Саясатқа әйел керек емес дейтіндер қателеседі…

178
2

сканирование0001Жалпы, бүгінгі қазақ қоғамында, әсіресе, оңтүстік аймақтарда әйелдердің саясатқа араласқанын қаламайтын еркектер көп. Әйелге төмен етекті деп қарап, оның орны от басы, ошақ қасы, міндеті бала туып, үйдің берекесін ұйытып отыру дейтіндер көп.  Алайда, әйелді саясатқа араластырмау керек дегендер мықтап қателеседі. Бүгінгі қазақ әйелі тым белсенді, үй шаруасына үлгеріп, кәсібін де дөңгелетіп жүр, лауазымды да жауапты қызметтерді де абыроймен атқарып жүр. Осындай әйелдердің бірі —  ОҚО Мәслихатының депутаты Рәшкүл Оспанәлиева.

Ол негізі – бизнес-бикеш. Асфальтты бетон шығарып, оны жолға төсеу, бір қарағанда еркектің жұмысы секілді көрінеді. Ал, Рәшкүл ханым осы догманы тас-талқан еткен әйел. Ол — әйелдің жаратылысына тән косметика не киім шығаратын завод болса бір сәрі, асфальтты бетон шығаратын заводты басқару да әйелдердің қолынан келетінін дәлелдеген әйел.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы төселген жолдарға оның еңбегі сіңбеді деп ешкім айта алмайды, жөндеу көріп жатқан күре жолдарға оның тері төгілмеді деп ешкім айта алмайды. Жаны да, жаратылысы да нәзік әйелге төмен етектілердің де қолынан еркекше жұмыс істеу келетінін дәлелдеу оңай болды дейсіз бе?! Алайда, Ол қиындықты жеңе білді.
Ол қазір үлкен қоғам қайраткеріне айналды. Саясатқа ол тосыннан келген жоқ. Оны бұл жолға әкелген өмірдің өзі. Кәсіпкер келіншектен мұқтаждығын айтып, көмек сұрайтындар көп болды. Әйтпесе, қазақтың қай әйелі саясатпен айналсуға құлшынып тұрады дейсіз?! Міне, қарапайым жұрттың мәселесімен жүгіріп жүріп саясатқа қалай кіріп кеткенін өзі де сезбей қалса керек. Бұл саясатпен айналыспаса, саясат мұнымен айналысар еді. Содан беріде ол ешқашан қоғамда болып жатқан түрлі саяси да, басқа да оқиғалардан тыс қалған емес. Жасыратыны жоқ, бүгінде саясатқа араласқандардың ішінде жалтағы көп. Билікке қарсы сөз айтып бизнесіне, қызметіне кесірі тиеді деп қорқатын ез еркектер көп. Заты әйел бола тұра Рәшкүл ханым  – батыр, батыл. Облыстық мәслихаттың сессияларында еркектер айта алмайтын сөзді  қашан да Рәшкүл айтып жатады. Көпшілік оны шындықты тіліп айтатын осындай батылдығы үшін құрметтейді, сыйлайды, жақсы көреді.
Ол,ең бастысы, – әйел, ана, асыл жар, сүйікті әже. Сондықтан да әйелдер проблемасы ешқашан оның назарынан тыс қалған емес. Ұрпақ тәрбиесі, қыз тәрбиесі жайлы пікірталастардың ортасында қашан қарасаңыз осы Рәшкүл ханым жүреді. Бұл шаруаларға оған ҚР Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде емес, алдымен Әйел, Ана ретінде араласуға тура келеді. Былтыр облыста «Саясаткер әйелдер клубы» ашылды. Клуб жұмысын ұйымдастыру сол кезде тағы да Рәшкүл ханымға жүктелді.  Әйелдерді қаталдау ұстайтын Оңтүстік жақта саясатта жүрген әйелдердің үлесі аз екен. Мұны сол жолы Гүлшара Әбдіхалықованың аузынан естігенбіз. Сол кезде «бұлар бүгінгінің формасы басқа Раушан-коммунистері» деп күңкілдеген еркектер көп болды. Әйелдің жаратылысы сол, ол қашан да жүрген жерінде тыныштық болғанын қалайды, біреумен бәсекелесу, өштесу, жауласу, содан рахаттану — еркектің табиғатындағы дүние. Еркек көтерілсе, оны сабырға шақыратын біреу керек, әділ кесімін айтатын адам керек. Сондықтан да саясатқа әйел керек емес дейтіндер мықтап қателеседі.
Ол – түрі, жаны әйел болғанымен, мінезі еркек әйел.  Оны өзге әйелдерден ерекшелеп тұратыны да — осы қасиеті. Еркекше жұмыс істеп қана қоймайды, еркекше ойлайды, еркекше шешім қабылдайды, қажет болса еркектердің өзімен еркекше сөйлеседі. Еркекше дегеннен шығады, ол жүрген жерінде көп әйел алуды құптайтынын айтып жүреді. Мұнысы, әрине, қызғаншақ келіншектерге жақпайды. Жетім тентіремесе, бала жыламаса, ана нан іздеп жыламаса деген ой еді.
Газетіміздің тұрақты оқырманы, басылым жанашыры Рәшкүл Жәлелқызы күні кеше туған күнін тойлады. Халықтың қалаулы қызына біз де абыройына дақ түспесін деген шынайы тілектестігімізді білдіреміз.

«Уақыт» газеті