Қазақстанды қайта бөлшектеудің басталғаны ма?

145
0

…Шырайлы жерімізде шырпы тұтанып, өрт шықты… Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының бір ауылында 4 ақпан күні түнде кісі өлімі болған. Дәлірек айтқанда, Сарыағаш ауданының Бостандық ауылына жақын жерде көрші Ынтымақ ауылының тұрғыны, салық комитетінің қызметкері, 1985 жылы туған Б.Д.Артықовтың мәйіті табылған. Мәйіттің денесінде пышақтаудан қалған ауыр жарақаттың іздері анықталды. Қылмыстық оқиғаға Н.Нарметов жалға алған Б.Артықовтың жылыжайына байланысты жағдай себеп болған.

Қаза болған Б.Д.Артықовтың туыстары марқұмды жерлеген соң, 4 ақпанда түс ауа көшеде өткен жиында айыптыны жазалауды талап етті. Ашу-ызаға булыққан халықтың стихиялық қақтығысы салдарынан бірнеше сауда нүктелері талқандалып, адамдар зардап шеккен. Ал, 5 ақпан күні Артықовтың ауылдастары, бір топ жастар көрші ауылға келіп, бірнеше көліктерді өртеп, үйлерге шығын келтірген. Бұл тәртіпсіздіктерді ырықтандыруға аудандық полиция, арнайы мақсаттағы күштер мен ЖӘАЖ (СОБР) жұмылдырылып, шамның жарығы өшіріліп, интернет желісі ажыратылып, ұялы байланыс жұмысы үзіліп, тұрғындар арасындағы қақтығыс дер кезінде тоқтатылды. ОҚО облыс әкімі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ бастаған жергілікті билік өкілдері шұғыл ауылға келіп, шиеленісті ырықтандыруда жедел шаралар қабылдады, ауыл ақсақалдарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Дерек кісі өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, Сарыағаш ауданына қарасты Бостандық ауылының тұрғыны 1976 жылы туған Н.Нарметовке күдікті ретінде іздеу жарияланды. Көп ұзамай, Қазақстан мен Өзбекстан полицейлерінің біріккен білікті әрекеттерінің нәтижесінде кісі өліміне күдікті Н.Нарметов өзбек елінде құрықталып, қазақ құқық орындарына тапсырылды. Қазір күдікті Н.Нарметов Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД арнайы абақтасына қамалды. Қылмыстық істі тергеу жұмысымен арнайы топ айналысып жатыр.
Сөйтіп, соңғы екі-үш күн дүрліккен қазақ қоғамындағы дүрбелең саябыр тапты. Оңтүстіктің төлтумасы, ақын, “Ақжол” демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек ИСА былай деп жазды: “…Сан ұлттың саясына айналған Сарыағашта бір қанішердің кесірінен қанша жыл қатар өмір сүріп келе жатқан екі ұлттың арасына от түсті… …Заң орындарының жұмысы қаны қайнап көшеге шыққан қазақ жастарын топырлатып қамаумен, айналып келіп жаны күйзелгендерді жапа шектірумен ғана шектеле ме?!. Жоқ, қанішерді тауып, заңға лайықты жазасын бере ала ма? “Ұрысы мықты болса, иесі жазықты болады” дегендей, дәл осы барлық ұлтаралық қақтығыстарды жапа шеккен қазақтарды жазалаумен аяқтау саясаты – түбі опа таптырмайтынын біздің билік, заң орындары енді мықтап ойланып, әділдікті қолға алатын кезі жетті!.. …ОРДА БҰЗАР ОТЫЗЫНДА ҚАНІШЕРДІҢ ҚОЛЫНАН ЖАЗЫҚСЫЗ ҚАЗА ТАПҚАН ҚАЗАҚТЫҢ ЖАЛҒЫЗ ҰЛЫ – СІЗДІҢ БАЛАҢЫЗ, БАУЫРЫҢЫЗ, ЖАРЫҢЫЗ деп ойлаңыз… СОНДА ҒАНА СЕЗІНЕСІЗ – АУЫР ҚАЙҒЫНЫ…”
…Әрине, Сарыағаштағы қайғылы оқиға – айрандай ұйыған қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Адамның қазасы, қазақтың қазасы – көңілден тыс, жазадан қалыс қалмауы керек. Бірақ, күллі әлем аласапыранға ұшырап жатқанда, қазақ елінің мамыражай күн кешуі – біздің алыс-жақын дұшпандарымыздың ішін қыж-қыж қайнатады. Сондықтан, Сарыағаштағы оқиғаның саяси астарын қоюлатпау керек сияқты. Сірә, бұл – жеке адамдардың арасындағы тұрмыстық келіспеушіліктің кесірі секілді. Ал, тұрмыстық келіспеушіліктің саяси бояуын қалыңдатудың тасасында қазақ ұлтының шынайы жаулары тұрғанға ұқсайды.
Айталық, мен күні кеше “Шошқа “үріп” жатыр, керуен сұлық жатыр…” деген атпен үлкен үндеу жазып, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.ӘБІҚАЕВ пен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры А.ДАУЫЛБАЕВтың аттарына жолдадым. Үндеуде Алматы қаласында тұратын ұлты орыс Татьяна Шевцова-Валова дейтін біреудің Фейсбук әлеуметтік желісінде ұзақ уақыт ауызына келген запыранын құсып, қазақ ұлтын кемсіткісі келгенін ашық айтып, қазақтың құқық қорғау орындарының шұғыл шара қолданулары қажеттігін баса айттым.
Сарыағаш оқиғасы – қазақтың ішкі-сыртқы дұшпандарының жоспарлы түрде жүргізіп отырған Татьяна Шевцова-Валованың арандатушылық ісінің жалғасы болуы әбден мүмкін. Сондықтан, бұл оқиғалардың табиғаты мен мақсат-мүддесі бір деп біліп, жүйелі түрде қарастыру қажет. Және ақын Қазыбек ИСА айтпақшы: “ЖАРАНЫ ЖАСЫРСАҢ – ЖАРЫЛАДЫ, ЕМДЕСЕҢ, ЖАЗЫЛАДЫ. ТЕК ӘДІЛ ЖАЗА ҒАНА ЕЛ БІРЛІГІ мен ЫНТЫМАҒЫНА СЫЗАТ ТҮСІРМЕЙДІ!”
…Қазақстанды қайта бөлшектеуге жол беруге болмайды!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.