ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУ МИНИСТРДІ МАМЫҚ КРЕСЛОДАН ҚҰЛАТТЫ

Францияның экология министрі Франсуа Де Рюжи отставкаға жіберілді. Лауазымды шенеуніктің қызметімен қош айтысуына «Mediapart» басылымы жарыққа шығарған зертеу материалы негіз болған. Себебі аталған басылым  Франсуа Де Рюжиге қатысты біраз шындықты су бетіне шығарған. Яғни журналистік зерттеу материалында экс-министрдің  бұдан алдын  Франция ұлттық кеңесінің төрағасы болған кезінде  алдын ала ұйымдастырылған банкет қонақтарына ең қымбат шарап пен теңіз шаяны қойылған даңғайыр дастархан жайған. Әлгі қымбат шараптың бір шөлмегінің нарықтағы бағасы 500 еуроны құрайды. Бұдан бөлек ол, қазынадағы қаржы есебінен өзінің қызметтік пәтеріне 63 мың еуроға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Соған қарамастан Франсуа Де Рюжи «ұрланған суреттерді пайдаланып, жалған ақпарат берді» деп «Mediapart» басылымының үстінен  сотқа шағым түсіруге оқталып отыр. Ал басылым редакциясы болса «саясаткерлердің табысы мен шығысын қоғам бақылап отыруы тиіс» дегенді алға тартуда.

Айтпақшы Франсуа Де Рюжи бұл әрекеттерінен ешқандай сөкеттік байқамайтынын ашық айтып, ақталуға тырысқан. Алайда онысынан түк те шықпаған.