ОРТАЛЫҚТЫҢ ОҢ ІСІ

471
0
ОРТАЛЫҚТЫҢ ОҢ ІСІ

Абзал аналар 100 литр тілеу көже әзірледі

Шымкентте Наурыз мейрамының бастауы болып табылатын Көрісу күнінде абзал аналардың қолымен жеті түрлі дәмнен 100 литр тілеу көже әзірленіп, таратылды. Амал айындағы айтулы шара қаладағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында өткізілді. Шара аясында 12 қанатты киіз үй тігілді. Ұлыстың ұлы күніне орай ошаққа от жағылып ас дайындалып, күбіде май пісіріліп, самаурында шай қайнатылды.

Ықылым заманнан бері қардың көбесі сөгіліп, жер қарайған шақта атап өтілетін көрісу күнінде әзірленген тілеу көжені аяулы аналар ел амандығы мен татулығын сұрап жасады.
Тілеу көжеден дәм татудың мәні мен мазмұнын Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының орынбасары Гүлшат Жақанқызы былай деп түсіндіреді.
– Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің басталуы қазақ халқында 14-наурыздан басталады. Қыстан аман, жылдан түгел шыққан адамдардың барлығы қап түбінде қалған жеті дәнін, бар тағамын ортақ қазанға салып, саулық сұрасып келген кісілердің барлығын дастарханнан дәм татқызған. Қонағуар қазақ халқы ас-ауқат тарату мақсатында жасалған көжені тілеу көже деп атайды. Біз дәл осы күні қыстан аман, жылдан есен шыққан жандардың бір-бірімен көрісуін насихаттау мақсатында орталығымыздың алдына киіз үй тігіп, бір қазаннан көже жасадық.
Орталыққа келген қонақтар осылайша тілеу көжеден дәм татып, халық әндерінен попурри тыңдап, көрісу, қауышу дәстүрін тағы бір жаңғыртты. Ал орталық қызметкерлері келген қонақтардан қонақкәде сұрады. Әжелер тобы «Шилі өзен» әнін айтып, әннен шуақ шашты.
Өз кезегінде тарихшы Жұлдыз Оспанова 14-наурыз көрісу күні туралы «Көрісу күнін Наурыз мейрамының бастауы деп айтуға болады. Көрісу дәстүрінің тарихына үңілсек, ертеректе жапан далада қыс айларында мал баққан көпшенді халық бір-бірімен көрісе алмай, бір-бірін тек көктем келгенде Наурыз мейрамына қарай көре алған. Сол уақыттан бері көрісу дәстүр ретінде сақталып қалға. Шығыс елдерінің кезіндегі күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан. «Наурыз» сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді» деп атап өтеді.