ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА ҚАЙЫРЫМ ЖАСАУДАН КӨШ БАСТАДЫ

483
0

Кеше Шымкентте «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы аясында «Ақмешіт» орталық мешітінде 500 отбасыға азық-түлік қорабы таратылды. Азық-түлік себетіндегі күнделікті ас-ауқатқа қажетті макарон, май, шай, тәттілер шымкенттік отбасыларға үлестірілді.

Жалпы, Шымкентте қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы аясында қасиетті Рамазан айында 32 мыңнан аса мұқтаж отбасыға азық-түлік қораптары мен 42 мыңнан астам адамға ауызашар себеті таратылды.
– «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы Ораза басталғаннан бүгінге дейін жалғасты. Қайырымды айдың әр күнінде 1000-нан аса отбасыға көмек көрсетіліп, азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілді. Бұл республикадағы үздік көрсеткіш. Себебі осы уақытқа дейін басқа өңірлер 5-10 мың отбасын қамтамасыз етсе, бізде Рамазан қоржынын алғандар қатары 30 мыңнан асып кетті. Бұл игі іске демеушілік танытқан қала әкімдігіне, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз, — деді қаланың бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов.
Сонымен қатар, бас имам қала тұрғындарын келе жатқан Ораза айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігі мен қаладағы мешіттердің ұйымдастыруымен қолға алған игі шара алдағы уақытта да жалғасатын болады.