«МЕН ҚАЛА ҮШIН, ҚОҒАМ ҮШIН ПАЙДАЛЫ АДАМ БОЛҒЫМ КЕЛЕДI»

445
0

«Бiздiң сұхбат» айдарының бүгiнгi қонағы – Талғат Әмiрбеков. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты. 1972 жылы 31 наурызда Жамбыл облысында туылған. Педагог, заңгер-құқықтанушы. Оқушы кезiнен-ақ грек-рим күресiмен шұғылданып, КСРО-ның спорт шеберi атанған. Алғаш еңбек жолын құқық қорғау саласынан бастаған ол елiмiздiң салық жүйесiнде де жемiстi қызмет еткен. Бизнеске 1990 жылдардың соңына таман бет бұрыпты. Бүгiнде «Айжарық» компания тобының президентi болып табылады. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесi.

Жалпы, Т.Әмiрбекұлы – халық қалаулысы болып сайлана салысымен-ақ белсендiлiгiмен жұртшылықтың көзiне iлiнген азамат. Шаһардағы заңсыз сауда орындарын жоюға қатысты ауқымды шараның басы-қасында жүргенiн талай рет байқадық. Қала әкiмдiгiмен қатар бiрнеше құзырлы органдар жабайы сауда нүктелерiмен үздiксiз күрескенiмен, нәтижесi ұзаққа созылмайтыны еске түсiп «Мына депутат қайсар мiнездi екен. Әрiптестерiнiң ортасынан оқ бойы суырылып шығып, Елбасы тапсырғандай, Шымкенттi республикадағы үшiншi қала мәртебесiне лайықты етуге күш салған талпынысына нұр жаусын!» деп тiлеулес болдық. Және осындай азаматпен сұхбаттасудың орайын да тосып жүретiнбiз. Сонымен… 

– Тәке, Жамбыл облысының тумасы екенсiз. Оңтүстiкке қалай келдiңiз?

– Мен Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Абай колхозында туылғанмын. Өкiнiшке қарай, әкемнiң көзiн көрмедiм. Есесiне атамның тәрбиесiн алдым. Бiр аяғын майдан даласына қалдырып келген марқұм атам Ұлы отан соғысынан оралған соң сол ауылда өмiрiнiң соңына дейiн есепшi болып қызмет атқарды. Ал, анам – пошта саласында бухгалтер болып еңбек еткен кiсi. Есiңiзде болса, кеңес заманында ешкiмге қайда жұмыс iстейтiндiгiне ерiк берiлмейтiн, басшылық қайда жiбередi, сонда кете барасыз. Қала, аудан, ауыл деп таңдап жатпайсыз. Сол сияқты анамның қызмет бабымен 1980 жылы Жетiсайға қоныс аудардық, бiрақ ұзақ аялдамадық. Араға бiр жыл салып Шымкентке көшiп келдiк. Есiмдi бiлгелi, қала дегендi бiрiншi рет көруiм. Екi кинотеатр бар-тұғын: «Шымкент», «Мир». Субұрқақтың алдында балмұздақ, газды су сатып тұрғанын көрiп, қайран қалғанмын. Айтсам, күлесiз, дүниеде орыс деген ұлттың бар екенiн алғаш рет Шымкенттен көрдiм. Ол уақытта бiр ауыз орысша сөйлей алмайтынмын. Әйткенмен орысша сөйлеуге бала кезiмнен құмартатынмын. «Орысша үйретiңiзшi» деп атамды мазалаймын. Бетiмдi қайтармайды, керiсiнше «Ертеңгi күнi бәрiңдi осы немерем асырайды» деп жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Шындығында да, немерелерiнiң iшiнде орыс тiлiн ең бiрiншi жетiк меңгерген мен болдым. Ынта-талабымды құптағаны ғой, анамның әпкесi Көкшетау қаласында тұратын, «тiлдi меңгерсiн» деген ниетпен сонда жiбердi. Орыс тiлiнде бiлiм беретiн 1-сыныпты Көкшетауда оқыдым. Жоғарыда айтқанымдай, 1980 жылы анам ауылдан Жетiсайға қоныс аударғандықтан, менi қасына алып, 2-сыныпты сонда бiтiрдiм. Ал, 3-сыныпқа баратын жылы Шымқалаға табан тiредiк. Мұнда Клоков атындағы №10 жалпы орта мектептiң қабырғасында бiлiм алдым.

– Мұнда келгенiңiзге де 30 жылдан асыпты-ау…

– Алайда, қай жерде туылсам да, мен үшiн Жамбыл облысы мен Оңтүстiк Қазақстан облысының бiр-бiрiнен пәлендей айырмашылығы жоқ. Географиялық орналасу ерекшелiгi, халқының тыныс-тiршiлiгi, дүниетанымы, т.б. – бәрi-бәрi бiрдей. Өзi Оңтүстiк өңiрi қазақы өңiр ғой: салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптары ұқсас. Рас, көп адамдар менiң елiмдi, руымды ара-тұра сұрап қалады. Өзiмнiң тамырым қайдан бастау алатынын, руымның кiм екенiн бiле тұра, онша ашып айта бермеймiн. Себебi, Шымкентте бiр «ауру» бар: руыңды айтсаң, басқаша сипат алып кетедi, бiреу «iнiм» дейдi, бiреу «күйеубала» дейдi… Кей-кейде оның жiк-жiкке бөлiнуге әкеп соғатыны жасырын емес. Әрине, ру сұрасқанның ешқандай сөкеттiгi жоқ. Мәселен, бала-шағама қай рудан шыққанын айтып отыру – менiң парызым. Не үшiн? Ертеңгi күнi бiрi үйленiп, бiрi тұрмысқа шығарда, өмiрлiк сыңары аталас болып қалмауы керек. «Құдайдан жасыра алмағанды адамнан жасыра алмайсың» демекшi, жетiм өстiм. Бiрде-бiр ағайыным менi соңымнан iздеп келген емес. Аллаға шүкiр, қазiр жағдайым жақсы, iшкенiм – алдымда, iшпегенi – артымда. Ағайынымның хал-жағдайымды сұрағанына ендi мұқтаж емеспiн.

– Қазақы ауылда өскенiңiзбен, ойыңызды орыс тiлiнде жеткiзген қолайлы сияқты ма, қалай?

– Кеңестiк кезеңнiң тәрбиесi шығар, орыс тiлiне көбiрек мән берiп кеткенiм рас. Орыс мектебiн тәмамдадым, техникум мен екi жоғары оқу орнында да орыс бөлiмiнде бiлiм алдым. Экономика, қаржы, философия, тарих, заң саласына қатысты орыс тiлiндегi барлық құжаттарды сауатты қарап шыға аламын. Алайда қазақшаға шорқақтау екенiм рас. Көкiрегiм сайрап тұрады, бiрақ еркiн сөйлейiн десем, тiлдiк қорымда қазақ тiлiндегi сөздер жеткiлiксiз. Мәслихат сессиясы негiзiнен қазақ тiлiнде өтедi ғой, сонда кейбiр сөздердi өмiрiмде естiмегенмiн. Сондықтан қазақ тiлiн үйрететiн репетитордан сабақ алсам деген ойда жүрмiн.

 – Грек-рим күресiнен КСРО-ның спорт шеберi екенiңiздi бiлемiз. Педагог деген мамандығыңыз бар екенiн байқадық. Ол осы спорт саласымен байланысты шығар.

– Алтыншы сыныпта оқып жүргенiмде, спортқа қызығушылығым оянды. Содан «Динамо» стадионына келiп, грек-рим  күресi үйiрмесiне жазылдым. Нәтижелерiм жаман болған жоқ. Берiсi, қала мен облыс, сондай-ақ республика, әрiсi, КСРО чемпионы атандым. Грек-рим күресiнен КСРО-ның спорт шеберi атағын алғанымда, небәрi 16 жаста едiм. Кеңестiк кезеңде тәртiп қатал, бұл атақты сатып ала алмайсың. Өзiңдi мойындатуың керек, ащы терiңдi төгуiң керек. Спортта жүрiп талай жақсы азаматтардың қамқорлығын көрдiм. Мысалы, менен он жастай үлкен Дәулет Тұрлыханов ағамдай, әкемдей болды. Жалпы, өмiрде ең әуелi анама, екiншiден жаттықтыруышым Александр Ершовқа қарыздармын деп есептеймiн. Боз кiлемнiң шыңдары өзiнен-өзi бағынбағаны даусыз. Бапкерiм менi чемпион етiп тәрбиелеу үшiн қаншама тер төктi десеңiзшi! Кезiнде ұратын да, соғатын да.  «Не үшiн?» деп түсiнбеймiн. Жаттығуға барудан бас тартып тұрып аламын. Қиқарлығыма қарайтын ол жоқ, сабап-сабап үйден алып кетедi. Кейiн ойланып қарасам, менiң мiнезiмнiң, жеңiске деген ерiк-жiгерiмнiң қалыптасуына сол кiсi көп ықпал еткен екен. Ол азамат бүгiнде ортамызда жүр. «Спартак» спорт кешенiнде жаттықтырушылық қызметте. Апта сайын жолығып тұрамыз. Жүрегiм жұмсақ, кешiрiмшiлмiн, бұл қасиеттерiм анамнан дарыған.

Жалпы, зейнетке шыққасын мен жаттықтырушылық жұмыспен айналысамын. Бұл – менiң қашаннан бергi арманым. Егер жаттықтырушыларға 3000-5000 доллар мөлшерiнде жалақы төлесе, спорт саласынан қол үзбес те едiм. (Мәселен, мен қарамағымдағы есепшiлерiм мен қаржыгерлерiме осындай көлемде айлық төлеймiн). Қазiр жасым – қырықта. Ендi елу жасқа дейiн «Айжарық» деп аталатын спорт сарайын салдырсам жаман болмас едi. Әзiрге бұл мақсатта қала аумағынан жер телiмiн iздестiрiп жатырмын. Оның iшiнде жеңiл атлетика, теннис, футбол академиясы болады. Тiптi, 80 пайызы футболдың еншiсiне тиедi. Өзiм сол спорт сарайында бапкерлiкпен айналыспақшымын.

– Алғаш еңбек жолыңызды 1994 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы Iшкi iстер бас басқармасының iшкi iстер бөлiмi қызметкерiнен бастапсыз. Оңтүстiк Қазақстан облысы Салық полициясы департаментi басқармасының басқару жүйесiнде де жемiстi қызмет еткен екенсiз. Құқық қорғау саласымен қош айтысып, бизнеске ат басын бұру оңай болды ма?

– Мен, негiзi, мүлдем алкагольдi iшiмдiк iшпеймiн. Аллергиям бар. Тiптi, 50 грамм сыра iшсем, денем қызарып, тынысым тарылып, жүрегiм аузыма тығылады. Алайда iшкi iстер саласынан кеткен кезде жарты шөлмек арақ iшiп, жанымның көзiме көрiнгенi бар. Өз-өзiме бiр аптада зорға келгенмiн. Әрине, арақты бекерден-бекер iшкен жоқпын, полициямен қош айтысу шындығында да өте ауыр соқты. Ер азамат бола тұра, жыладым. Атақты Суворовтың «Генерал болуды армандамайтын солдат солдат емес» дейтiн нақыл сөзi бар ғой. Мен өзiмдi әрқашан «таза, адал әрi әдiл полиция қызметкерiмiн» деп санайтынмын. Және өз-өзiме «осы ұстанымымнан мәңгi бақи ауытқымаймын» деп уәде берген едiм. «Полицейлердiң барлығы бiрдей парақор немесе алаяқ болуы мүмкiн емес. Заңға құлақ асатын адамдар басымырақ» деген ой таразының бiр басын басып тұратын. Өкiнiшке қарай… Салық полициясынан бiр азамат ауысып, бiзге басшы болып тағайындалғанын таңертең естiгенбiз, сағат 11-лер шамасында менi шақырды. Жұмыс жоспарымды алып, алдына бардым. Ай-шай жоқ, «Жұмыс iздей бер» деп қысқа қайырды. Не үшiн? Қалайша? Себебiн түсiндiрiп жатпады. Амал жоқ, арызымды жазып, қызметтен кеттiм. Әйткенмен кеткенiме еш өкiнбеймiн, құдайға шүкiр, бiрнеше зауытымды аяққа қойдым. Салық полициясында жинаған тәжiрибемнiң де зор пайдасы тидi. Салықтың не екенiн, оны дер уағында төлеу керек екенiн түсiндiм.

– Кәсiпкерлiк жұмысты 1999 жылдан бастап қолға алыпсыз. Алғашқы қадамдарыңызды неден бастадыңыз?

– Кәсiпкерлiктi мен терi саласынан бастадым. Жоғарыда айтып өткенiмдей, анам есепшi болып iстедi. Екеуiмiздiң басымызда баспанамыз жоқ. «Балам үшiн…» деп талай бейнеттi көрдi, «Ертеңгi күнi балам түсiнiстiк таныта ма, жоқ па?» деп тұрмысқа да шықпады… Анамның бастамасымен ең алғаш рет Түркияға сапар шектiк, қалтамызда бар-жоғы 800-900 долларымыз бар. Сөйтiп сол жақтан жеңiл аяқ киiм (сланси) тасыдық. 30 центке сатып аламыз да, мұнда 1-1,5 долларға сатып, күн көремiз. Кейiн қарасақ, мұндай митың-митыңмен ұшпаққа шығатын түрiмiз көрiнбейдi.

Бiртiндеп терi сатуға ауыстық, бұл тiрлiкпен 3 жылдай айналыстық та, темiр саласын қолға алдық. Темiр балқытып, құрылыс материалдарын шығарумен айналысып келе жатқанымызға бүгiнде 10 жылға жуықтады. Индустрия және энергетика министрлiгiн В.Школьник басқарып тұрған тұста темiр өндiру бойынша импорт және экспортпен айналысу үшiн бас лицензия алғанбыз. Соның нәтижесiнде қазiргi таңда бiрнеше зауыт салдым. Сондай-ақ темiр-марганец өндiретiн зауытымды жаңа жылға дейiн ашу жоспарда тұр. Оған 200-дей адам жұмысқа қабылданады. Мыс балқытатын зауытым бар. Ондай өндiрiс ошағы әзiрге Қазақстанда жоқ. Ауаны ластамаймын. Ауыр металдарды атмосфераға жiбермес үшiн 8 сүзгi орнаттым. Сүзгiдегi қалдықтан бүгiнде алтын, жез, сирек кездесетiн металдар алынуда.

Аллаға шүкiр, қазiргi таңда түрлi саланы қамтып отырған жетi компаниям бар. Бизнесiмiнiң бiр тармағы туризм саласына бағытталған. Мемлекеттен сатып алған 3 көлiм бар, үш жыл бұрын көбейсiн деген мақсатпен 300 тоннадай балық жiберген едiм. Бұйыртса, биыл күзде лицензия алып, келер жылдан сол балықтарды сатуды бастамақшымын. Осындағы базарлар мен дүкендерге таза, сапалы өнiм тасымалдаймын. Себебi, бүгiнде халық тұтынып отырған балықтың қайдан әкелiнiп жатқанын ешкiм бiлмейдi. Екiншi бағыт, әлгiнде айтқанымдай, темiр өндiру саласы. Үшiншiсi – «Айжарық» деп аталатын көңiл көтеретiн, ойын-сауық кешенi, мұнда караоке, бильярд, түнгi клуб, мейрамханалар шоғырланған. Төртiншiсi – 12 гектар құм-қиыршықтас қоспасы жинақталған кенiм бар, 10 гектар шаруа қожалығын мемлекеттен сатып алғанмын. Сол жерге темiрбетон бұйымдарын өндiретiн зауыт салмақшымын. Сонымен қатар салық полициясында жұмыс iстеп жүргенiмде анамның атына ашылған «Амир А» атты компаниям бар. Төлеби ауданына қарасты Ақжар ауылының маңайындағы кiрпiш зауыты да – менiң меншiгiмде. Бұлардан бөлек бiрқатар фабрика-зауыттарым жұмыс iстеп тұр. Бәрi заң аясында. Мiне, күн-түн демей тырбанып, бейнеттенiп, осынау бизнестiң арнасын қалыптастырамын деп жүргенiмде, қырықтың қырқасына да шығып қалыппын.

– Биылғы қаңтар айында өткен саяси додада Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайландыңыз. Қандай мақсатты көздедiңiз?

– Елiме, қалама кiшкене пайдамды тигiзсем деген ойдан ешқашан алыстаған емеспiн. Әйтсе де сайлауға түсiп, қалалық мәслихат депутаты атанамын деп ойламаппын. «Облыстық мәслихатқа барсам» деген жоспарым бар-тын. Бәлкiм, Алланың бұйрығы шығар, жүрегiм қалаға қарай тартты. №2 сайлау округiнен әу баста 9 үмiткер бақ сынамақшы болған, бiрақ халық түбiнде менi жақтап дауыс дауыс бердi. Халық қалаулысы болғаныма өте қуаныштымын, себебi, қалың бұқараның ортасына барып, ой-өрiсiм одан әрi кеңейдi, көзiм ашыла түстi. Депутаттардың барлығы бiрдей тiкелей халықпен кездесiп, мұң-мұқтажына құлақ түре бермейдi. Мен халықтан, олардың проблемасынан қашпаймын. Қайта солармен тiзе қоса отырып жұмыс iстегендi мақұл көремiн. Көпке ортақ түйткiлдi мәселенiң шешiлуiне ықпал етсем, кәдiмгiдей көңiлiм жайланып қалады. Жаным рахат табады және одан сайын қуаттанып, рухтана түсемiн. Мен өз-өзiмдi ендi тапқан сияқтымын. Рас, бизнесте өз жолымды таптым, өзiмдi өзгелерге мойындаттым. Құлай сүйген өмiрлiк серiгiмдi де адаспай таптым, құдайға тәуба, ұлым бар, қызым бар. Ал, депутат атанып, жұртшылық үшiн еңбек ету деген мүлдем басқаша сезiм ұялатады екен, тың күш бередi екен. Қаланың мен сайланған аумағына әлеуметтiк-экономикалық, коммуналдық мәселелерi жеткiлiктi «Ақжайық», «Тұлпар», «Асар», «Достық», «Тұрлан» шағынаудандары мен «Қайнарбұлақ» елдiмекенi кiредi. Қазiргi таңда аталмыш шағынаудандардағы сайлаушыларым қашан барсам да, менi құшақ жая қарсы алады. Қариялар «Айналайын, балам, алты жылдан берi мұнда ешбiр депутат ат iзiн салмап едi, қысқа ғана уақыт iшiнде сен талай шаруаға мұрындық болып жүрсiң…» деп алғысын жаудырып жатыр. Бұдан артық қандай қолдау керек?! Кеше ғана «Асардың» тұрғындарымен жолықтым. Бiр ақсақалдың еңсесi түсiп тұр: «Қарызын қайтара алмай жатқан 15 үйдi бұл жерден көшiредi» деп естiдiм» дейдi. Негiзi, мұндай әңгiменiң шығып жатқаны жасырын емес. Бiрақ өткенде қала әкiмiнiң орынбасарымен кездескенде бiрталай сөз айтылды: «Мен – депутатпын. Тұрып жатқан баспанасынан қуып шығуға рұқсат бермеймiн. Оралмандар өзiнiң туған жерiне келдi. Үй әзiрге мемлекеттiң теңгерiмiнде болса да, бiр шыбықпен айдап шыға алмаймыз». Сөйтсем, әкiмнiң орынбасары «Ал, бiз басқа депутаттардың пiкiрiн сұраймыз…» дейдi. «Депутаттардың барлығы менi қолдайды. Егер шын мәнiнде өзiн депутатпын деп есептеп, бiрақ осы ретте менiң ұстанымымды қолдамаса, сол азаматтың бетiне тiктеп қарағым келедi» деп жауап қаттым. Және депутаттардың барлығына мәселенiң мән-жайын түсiндiрдiм. «Сайлау кезiнде бiр дауыс үшiн күрестiңiздер. Ендi келiп 10-15 үйдiң тұрғындарын далаға қаңғыртамыз ба?!» деп уәж айттым. Алайда бұл асарлықтарды мемлекет алдындағы мiндетiнен босату деген сөз емес. Оларға егжей-тегжейлi түсiндiру жұмыстарын жүргiздiм: «Мемлекет сiздерге жағдай жасап отыр. Үкiметтiң ақшасын керi қайтару керек. Екi не үш еселеп емес, бар-жоғы 0,55 пайыздық үстемесiмен. Яғни айына үш-ақ мың теңге. Қандай жеңiлдiк! Осы елдiң тұрғылықты халқына дәл мұндай жақсылық жасалып жатқан жоқ…».

– Кейбiр депутаттардың аузынан «Аз уақыт аралығында-ақ халыққа берген уәдемдi орындап бiтуге таяп қалдым» деген сөздердi естимiз. Сiз сайлауалды бағдарламаңыздың қанша пайызын жүзеге асырып үлгердiңiз?

– Шынымды айтайын, өз округiм бойынша мен де бiраз мiндетiмдi орындап қойдым. Мысалы, «Қайнарбұлақ» поселкелiк полиция бөлiмшесiндегi қызметкерлердiң санын көбейттiм. Балабақша мен үлкен емхана салынғалы жатыр. Тағы бiр мектеп ашылмақ, өйткенi оқушылар көп. «Қайнарбұлақ» пен «Тұрланға» ауызсу құбыры тартылу үстiнде. Тiптi, өмiр бойы асфальт көрмеген көшелерге асфальт төселуде. Қысқасы, маған қарасты аумақтағы проблемалардың баршасы өз кезегiмен шешiлуде. Алайда, менiң түсiнiгiмше, депутат тек өз округiмен шектелмеуi қажет. Айталық, мен қала бойынша заңсыз сауда нүктелерi мен заңсыз автотұрақтарды бiр жүйеге келтiруге күш салудамын. Онсыз да тар көшенiң шетiнен бiр пысықайлар ақылы автотұрақ жасап алған. Ал, ол, шындап келгенде, ешкiмнiң жекеменшiгi емес, мемлекеттiң жерi. Осының кесiрiнен жол-көлiк апаттары көбеюде. Қазiр Шымкентте балаларымыз бен әйелдерiмiз жаяу жүргiншiлерге арналған жолақ түгiлi бағдаршамнан өтуге қорқады. Түнеугүнi «Қырғы базарға» бардым. Мына жерде терi қабылдап жатыр, сәл әрiрек жүрсеңiз, самса пiсiрiп, нан жауып жатыр. Оны Сiз де жейсiз, мен де жеймiн. Бiрақ «терi қабылданатын жерде бруцеллез сияқты түрлi малдан жұғатын аурулар кездеспейдi» деп ешкiм кепiлдiк бермейдi. Мұның соңы опық жегiзуi әбден ықтимал. Сондықтан бұлардың барлығын жауып тастау керек.

– Депутаттық мандаттың жауапкершiлiгi қандай екен? Салмағы қаншалықты ауыр?

– Депутаттық мандаттың мәнiсiн түсiнген адамның қолынан көп нәрсе келедi. Мысалы, мен өзiмiнiң өкiлеттiлiгiмдi бiлемiн, егер депутаттық мiндетiмдi атқаруға бiлек сыбанып, 100 пайызға кiрiсер болсам, үйге келiп қонуға уақытым болмас едi. Депутатқа артылар жүк өте ауыр, тиiсiнше оның мүмкiндiгi де баршылық. Әйтсе де сол мүмкiндiгi мен құзыретiн толық пайдаланып жүргендер кемде-кем. Әркiм өз ресурсын тек белгiлi бiр мақсаттар мен мүдделерге ғана жұмсайды. Егер бел шеше кiрiссе, 29 емес, адал, әдiл, қарапайым халыққа жаны ашитын, өте белсендi 5-6 депутаттың өзi-ақ Шымкенттiң көшiн алға сүйреуге қауқарлы. Мен бұған сенiмдiмiн. Өкiнiшке қарай, көп әрiптестерiм тiрлiктi неден бастау керектiгiн бiлмейтiндей әсер қалдырады. Рас, елге кiшкене болса да еңбегiмдi сiңiрейiн деп жүрген депутаттар арамызда жүр. Тiптi, әйел депутаттар да бар. Мысалы, Төреайым Сұлтанова. Парасатты, ер мiнездi. Керек жерiнде батыл сөйлейдi, керек жерiнде жай сөзбен түсiндiредi. Менiң ойымша, келесi сайлау өте таза әрi тартысты өтетiн секiлдi. Оның үстiне халыққа қазiр құрғақ сөзге тойдыратын емес, нақты әрi нәтижелi әрекетi бар азаматтар ғана керек. Осы тұрғыдан алғанда, ендiгi саяси науқанда бесiншi шақырылымдағы Шымкент қалалық мәслихаты депутаттары iшiнен 5-6 адамның ғана бағы жанады деп пайымдаймын.

– Сайлаушыларыңыз қай мәселелердi сiздiң алдыңызға көбiрек тартады?

– Менiң округiмдегi тұрғындардың барлығына тән көкейкестi мәселе – ең алдымен –  электр жарығы, екiншiсi – ауызсу, үшiншiсi – қоғамдық көлiк қатынасы. Содан кейiн – балабақша мен жұмыс көзiнiң тапшылығы. «Асар», «Ақжайық», «Тұрлан», «Қайнарбұлақ» елдiмекендерiндегi электр жарығы – жекелеген адамдардың қолында. Бiрақ мемлекет оларға электр энергиясын ешқандай делдалсыз тiкелей жеткiзiп берiп отыр. Әрине, өмiр болған соң, кей жерлерде трансформаторлар iстен шығады, электр желiлерi үзiледi. Өкiнiшке қарай, бұларға Үкiмет басын қатырып жатқан жоқ, шағынаудандар өз арбаларын өздерi сүйреп жүр. Осының әсерiнен әжептәуiр қолайсыздық туындауда. Рас, мемлекет бұл электр жүйесiн өз теңгерiмiне алмайды, себебi, жарамдылық мерзiмi әлдеқашан өтiп кеткен. Қала өзiнiң меншiгiне алу үшiн не iстеу керек? Жаңа бағана тұрғызамыз, жаңа желi жүргiземiз, жаңа трансформатор орнатамыз. Iстелiнген жұмысты қабылдап алатын комиссия құрамыз, олар тиiстi құжаттарға қол қояды. Сөйтемiз де оны «Оңтүстiкжарықтранзитке» өткiземiз. Өз кезегiнде аталмыш мекеме әр шағынаудандағы әрбiр үймен жеке-жеке келiсiмшарт түзедi.

Ал, көшелердiң асфальтталуы, жарықтандырылуы деген мәселелерде әзiрге пәлендей кедергiлер жоқ. Сондықтан халыққа «Сәл-пәл сабыр сақтап, бiзге мұрсат берiңiздер» деп өтiнiш жасап отырмыз. Ағымдағы жылдың төртiншi тоқсанында 2013-2014 жылдарға арналған қала бюджетiн талқылаймыз. Бiзге миллиондар емес, миллиардтар бөлiнбекшi. Бәлкiм, Астана мен Алматы үшiн таңсық емес шығар, ал, Шымкенттiң тарихында мұндай бюджет болмаған. Пайымдауымша, сол бюджеттiң негiзгi бөлiгi әлгiнде айтқан электр жарығы, мектеп, балабақша мәселелерiн шешуге бағытталмақ. Сондықтан 2013 жылдың соңына таман ауызсу мен жарық мәселесi шаһар бойынша түбегейлi шешiледi деген сенiмдемiн. Өйткенi Елбасы бiзге 2015 жылға дейiн қаладағы инфрақұрылым мәселесiн толық реттеудi тапсырды. Бiрақ «Нұр Отан» партиясы бұл жұмысты 2014 жылы тәмамдауға уәде бердi. Сол үшiн осы тапсырманы межесiне жеткiзгенше қалалық мәслихаттағы 29 депутат жұдырықтай жұмылып әрекет ете бермек.

– Сiз өзiңiздi Шымкенттiң патриотымын деп санайсыз ба?

– Шымкент қаласының менiң өмiрiмдегi рөлi ерекше. Осында жүрiп, есiмiз кiрдi, етек-жеңiмiздi жинадық, ел қатарына қосылдық. Шымкенттен өзiмнiң өмiрлiк жарымды таптым, өсiп-өнiп отырмын. Қаламды сүйемiн, қазақты сүйемiн, елiмдi сүйемiн. Әйтпесе Алматыда да, Астанада да үйiм бар. Тiптi, шетелде өмiр сүрсем де жарасар едi.  Бизнестерiмдi жолға қойдым, өз арнасын тапты. Бiрнеше зауытым бар. Ешкiмге қарыз емеспiн. Мемлекетке салығымды уақытылы төлеп жатырмын. Бiрақ, шынымды айтайын, қайда сапар шексем де, 3-4 күннен кейiн Шымкенттi сағына бастаймын. Шанхайда, Дубайда болдым. Не деген әсем шаһарлар! Көшелерi күндiз-түнi жап-жарық, тап-таза. Жасыл желегi қандай! Талдардың барлығы бiркелкi қырқылған. Жаның жадырайды. Шымкент қаласының қазiргi бюджетi Мәскеу мен Дубайдыкiнен кем емес. Олардың бiр артықшылығы – тек сапалы өмiр сүруге ұмтылатындығы. Мысалы, Қытайдан бiздiң рынокке тауардың нешеме түрi ағылып жатыр. Өкiнiшке қарай, сапалары көбiне-көп көңiл көншiте бермейдi. Экспортқа шығаратын тауарларын қытайлықтардың өздерi тұтынбайды. Ендеше, неге бiз тұтынуымыз керек?! Ойланатын мәселе. Қытайдың қызанағы мен картошкасын жеймiз деп кiм ойлаған?! Шымкентте отырып мұхиттың арғы жағыда жатқан Американың тауықтарын жеймiз деп кiм ойлаған?! Осы секiлдi тауарлардың адам денсаулығына зиян-зиян еместiгiн жiтi тексерiп жатқан бiреу бар ма?! Әй, қайдам!.. Базарға бас сұғыңызшы, жұрт қарманып, қолына iлiнгенiн сатуда. Алдындағы тауарының сапасына ешқайсысы жауап бере алмайды. Мәселен, «Кока кола» сусынын қазақтар өздiгiнен жасап, құйып сата алмайды. Оның өз стандарттары, құрамы бар. Оны шығаратын кәсiпорынға арнайы сертификат берiледi. Содан соң ғана аталмыш сусынды өндiруге кiрiседi. Сондықтан тиiстi сертификаты бар тауарларды ғана елiмiздiң шекарасынан өткiзу керек.

– Депутаттық мандатыңыздың ара-тұра өзiңiзге де септiгi тиетiн тұстары бола ма? Немесе сiз арқылы өз өтiнiшiн өткiзуге ұсыныс жасайтындар кездесетiн шығар?

– Елбасының қолдауының нәтижесiнде мен – өз арбамды өзiм сүйреп жүрген адаммын. Табысым жеткiлiктi. Ешқандай параға сатылмаймын және мемлекеттiң ақшасына көзiмдi сатқан емеспiн. Ағайын-туысым көп емес. Қайынжұртымнан ешкiм қолқа салмайды. Ал, достарым тарапынан анда-санда өтiнiштер түсетiнi рас. Бiрақ олардың қаржылық мұқтаждығын өз қалтамнан-ақ қанағаттандыруға қауқарым жетедi. Кей-кейде қариялар «Бiзге ана мектептiң, көшенiң немесе аялдаманың атын алып бер. «Шымкент қаласының Құрметтi азаматы» атағы керек…» деп жатады. Ондай жағдайда «Ағайындар, мұндай тiрлiктер қолымнан келмейдi. Мен – экономикалық даму мәселелерi жөнiндегi тұрақты комиссияның мүшесiн. Оны басқа комиссия шешедi» деп бiрден тыйып тастаймын. Себебi, бiреуге өтiнiш айтсаң, ертең олар заңғы қайшы тiрлiк iстеп жатса, аузыңа құм құйылып отырады. Сондықтан маған ең тиiмдiсi – әлгi қарияға сұраған ақшасын берiп, «Көке, тиiстi адамдарға өзiңiз барып жолығыңыз» деу. Тiптi, мынадай да жағдай болды. Анам өзiнiң құрбысына (бала-шағасы саудамен айналысады екен) Қайрат Балабиевтiң базарынан орын алып беруiмдi өтiндi. «Мама, менi қинамашы. Ертең қала базарларындағы заңсыздықтармен күреспекшiмiн. Егер оған өтiнiш айтсам, тiлiм байланады да қалады ғой…» деп бас тарттым. Өйткенi егер базар 1 гектар аумақты алып жатса, оның 38 сотығы тегiн автотұраққа берiлуi керек. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлмесi мен зат сақтайтын қоймаларға да жер телiмi бөлiнуi керек. Ар жағында қалған 45-50 сотығы сауда қатарларына берiледi. Шетелде базарлардағы бiржолғы талон 2-3 долларды, салығы 1,5-2 долларды құрайды. Алайда бiздiң Шымкентте де – тура осы баға. Жарайды, айырмашылық болмай-ақ қойсын. Бiрақ бiзде дәл шетелдегiдей жағдай жасалынған ба?! Түнеугүнi мал базарға бардым, белуардан малаққа былғанып қайттым. Және кетiп бара жатып базардың қожайынына «Аға, сiздiң Астанада, Алматыда, шетелде үйiңiз бар шығар. Оған қуаныштымын. Себебi, осы мал базар сiздi асырап отыр. Базарыңыздың жақсы-жаман аты ең әуелi сiзге тиедi. Инфрақұрылымына кiшкене қаржы құйсаңызшы! Халық риза болсын…» деп батырып айттым.

– «Нұр Отан» партиясының қатарына 2006 жылы өтiпсiз. Кәсiпкер үшiн партияға мүше болу не үшiн қажет? Өз қалауыңызбен өттiңiз бе, әлде бiреулер ақыл қосты ма?

– Мен кеңестiк кезеңнiң идеологиясымен өстiм. Мектепте оқып жүрiп алдымен октябрята, кейiн пионер, сосын комсомол қатарына өттiм. Патриоттық сезiмiм жоғары болды. Мектеп бiтiрген соң мiндеттi түрде Отан алдындағы әскери борышыңды өтеп қайтуың керек. Содан кейiн ғана коммунист атанасың. Кiм коммунист емес, сол не шпион, не халықтың дұшпаны саналатын. Сондықтан құй қала, құй қалама, саясатпен айналысуға мәжбүрсiң.

Бiрнеше жылдан берi бизнесте тер төгiп келемiн, әйтсе де мен кофе сатсам да, шай сатсам да алаңдаған емеспiн. Себебi, мемлекет басшысы Тәуелсiздiк алған жылдардан бастап-ақ кәсiпкерлерге барынша қолайлы ахуал тудыруға күш салуда. Өйткенi бизнес нығайып, өндiрiс дамыса, елiмiздiң әлеуетi артатыны анық. «Жалғыздың үнi шықпайды», Президентiмiз осы мақсатты көздеп соңғы уақытта Кедендiк одақ, Ортақ экономикалық кеңiстiк iспеттi халықаралық интеграцияларға батыл қадам жасауда. Мен елiмiздiң бiрiншi Президентiне сенемiн, «Адамның көзi – оның жан дүниесiнiң айнасы» демекшi, оның көзiне сенемiн, ұстанып отырған саясатына сенемiн. Бiз қандай олигарх болсақ та, қандай биiкке шықсақ та, Елбасымыздың қолдауының арқасы. Құдай сақтасын, егер Түркiменстан мен Өзбекстандағыдай саясат ұстанса, бәрiмiз ескi-құсқы «иномарка» мiнгенiмiзге мәз боп жүрер едiк. Алайда Н.Әбiшұлы ә дегеннен-ақ «Бiз – бай халықпыз, тектi ата-бабалардың ұрпағымыз, сондықтан әлемдегi ең мықты, өзгелерден көшi озық мемлекет құруымыз қажет…» деп, халқын рухтандырып қойды. Табалағаным емес, мына көршiмiз Өзбекстанда мемлекеттiң шығысы кiрiсiнен асып кеттi. Ал, бiзде бюджеттiң кiрiс көлемi қомақты. Оны құзырлы органдардың электронды порталдары арқылы интернеттен күнделiктi көрiп отырмыз. Бiздiң Елбасымыз Қазақ елiн дамыту үшiн тынбай еңбек етуде. Мен оны жақсы көремiн. Сондықтан неге ол төрағалық ететiн «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына мүше болып, шама-шарқымша елiме өз үлесiмдi қоспасқа?! «Нұр Отан» – мемлекетiмiздiң тiрегi. Н.Назарбаев – тарихи тұлға. Оның атқарып жатқан әрбiр iсi мен үшiн, елiмiз үшiн қымбат. «Болмасаң да, ұқсап бақ» дейдi ғой, сол үшiн мен де өзiмнiң Шымкентiмнiң өркендеуiне қарлығаштың қанатымен су сепкендей пайдамды тигiзiп, халық «Талғат Әмiрбеков деген депутат болып едi…» деп мақтап айтып жүретiн дәрежеге жетсем деймiн. Сондықтан да өтiрiк сөйлеп, көзбояушылық рейтингi үшiн жұмыс iстеудi қаламаймын. Мен қала үшiн, қоғам үшiн пайдалы адам болғым келедi. Депутат болып сайланарда, жасы бар, жасамысы бар, дүйiм жұрттың алдында «Сiздердiң мүдделерiңiз үшiн жұмыс iстеймiн» деп жалынып тұрып уәде бердiм. Ал, ендi былай шыға бере, қалай мен тайқып кетпекпiн?! Мен ешқашан әлдебiр жекелеген мүдделерге, бастамаларға сатылған емеспiн. Менiң атым кез келген миллиондаған қаржылардан биiк тұрады. Бұл ойымды мәслихаттың бiр сессиясында ашық айтқанмын.

– Шымкент қаласының жаңа әкiмi Қайрат Молдасейiтов жайлы пiкiрiңiздi бiлсек.

– Шымкентке әкiм болып әлсiз, босбелбеу адам келмейтiнi белгiлi. Қайрат Молдасейiтов бұл лауазымға үлкен дайындықпен келдi деп ойлаймын. Оны көп жылдан берi танимын, жолдаспыз. Қайрекең Шымкенттi көркейтетiнiне сенемiн. Менiң ойымша, осы ретте нақты жобалар әзiрлеп жатқан сияқты. Әзiрге пәлендей әрекет байқалмайды. Негiзi, Шымкент қаласының әкiмi колхоздың директоры секiлдi күн сайын халықпен кездесiп тұруы керек. Анық-қанығын уақыт көрсетедi ғой.

– Сұхбатымыздың соңында отбасыңыз жайлы айтыңызшы.

– Сүйiктi жұбайым бар. Бiр ұл, бiр қыз тәрбиелеп отырмыз. Ұлым биыл «Парасат» колледжiн үздiк дипломмен бiтiрдi. Қатты қуандық. Ендi жоғары оқу орнына түсу үшiн кешендi тестке дайындалып жатыр. «Назарбаев университетi немесе Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнде бiлiм алғым келедi» дейдi. Өзi шала туылғасын есiмiн Ержет деп қойғанбыз. Тiл-көзiм тасқа, қазiр бойы менен ұзын, палуан денелi. Балама «Пара, есiрткi, қыз зорлау, ұрлық, адам өлтiру дегендерден аулақ жүр. Саған пара алу керек емес. Мына зауыттардың барлығы – сенiкi. Оқуыңды аман-есен абыроймен бiтiр. Содан соң үйлендiремiн. Бiрiншi бес жыл ештеңеге алаңдамай, маған көп-көп немере сыйлауға талпын. Қалғанын өзiң көресiң…» деп үнемi ескертiп отырамын. Құдайға шүкiр, ұлым жақсы азамат болып өсуде: өтiрiк сөйлемейдi, iшiмдiк iшпейдi, темекi тартпайды. Спортпен шұғылданады, достарының бәрi – спортшылар. Қызым Аружан 11 жаста, мектепте оқиды. Шапағат шағынауданында биыл үй көтердiм. Он сегiз жыл бойына бiр жерден қозғалған жоқпын. Тапқан-таянғанымды бизнесiме құя бердiм. Қанша қиналдым. Шынымды айтайын, өз-өзiме ендi-ендi көңiл бөлiп жатырмын. Анам – зейнет жасында. Екi жыл бұрын Шанхайға апарып, емдетiп қайттым. Екi тiзесi ауырып, үнемi мазасын қашырып жүретiн. Былтыр туған-туыс, құда-жекжат, дос-жарандарды шақырып, мерейтойын атап өттiк. Бұрын менi «Жалғызым» дейтiн. Құдайға шүкiр, қазiр баяғы жалғызының басы көбейдi.

– Әңгiмеңiзге рахмет!    

 

 

Сiз не дейсiз?

 

Бекайдар ТӨЛЕГЕНОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

– Талғат Әмiрбековтi 1990 жылдардан берi қарай танимын. Өте iскер. Тез шешiм қабылдайды. Бiр тiрлiктi қолға алса, соңына дейiн апармай, тынбайды. Қайтпас қайсар мiнезге ие. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты ретiнде де бiрталай игi iстерге мұрындық болып жүр. Қаншалықты қиындықтар кездескенiне қарамастан, қаладағы заңсыз сауда орындарын жоюда көп тер төктi. Тауы шағылған жоқ. Халықтың мүддесi үшiн ештеңеден қаймықпайды. Етi тiрi. Қысқа уақыт iшiнде жұртшылықтың ықыласына бөленiп, халық қалаулысы ретiнде зор абырой жинап үлгердi. Талғат Әмiрбекұлы – депутаттық мiндетiн терең түсiнетiн жiгiт. «Нұр Отан» партиясының ең белсендi мүшесi. Қалалық мәслихаттың iшiндегi «Нұр Отан» ХДП фракциясының тапсырмаларын екi етпей орындайды. Тiптi, өзiнiң бизнесiн жиыстырып қойып, күндiз-түнi депутаттық мiндетiн атқаруға дайын. Сенбi-жексенбi демей, өзi сайланған округiне қарасты елдiмекендердiң проблемасын шешумен айналысып жүргенiн талай рет көрдiм. Мұндай азаматтар кемде-кем. Депутаттардың бәрi бiрдей мұндай қадамға бара алмайды. Ешкiмнiң сыртынан күңкiлдемейдi. Көкейiндегiсiн ашық, бетке айтады. «Турасын айтып туғаныңа жақпайсың» демекшi, шындық жұрттың бәрiне бiрдей жаға бермейдi ғой. «Депутаттық мерзiмiмде қалың бұқара үшiн титтей де болса тiрлiк iстейiншi» деген ықылас-ниетiне, құлшынысына тәнтi болдым. Егер осы қарқынын бәсеңдетпесе, бағыт-бағдарынан таймаса, Талғаттан ысылған саясаткер шығатынына бек сенемiн. Ең бастысы, оның бойында жалқаулық жоқ.

 

Сiз не дейсiз?

 

Бахарам АБДУКАРИМОВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:»]– Талғат Әмiрбекұлымен техникумда бiрге оқыдым. Спорт саласында бiрге жүрдiк. Грек-рим күресi бойынша өзiн мойындатты. Кеңес дәуiрiнде КСРО-ның спорт шеберi атану деген оңай iс емес-тiн. Алайда ол он алты жасында өзiнiң мықтылығын дәлелдедi. Әлi күнге дейiн спорттан қол үзбей келедi. Үнемi жып-жинақы жүредi. Тәкеңнiң бизнесте де бағы жанды. Бiрнеше саланы игерiп жүр. Кез келген жұмысты атқарудың көзiн бiледi. Уәдеге берiк. Айтты ма, орындайды. Осы қасиетiн ерекше бағалаймын. Сонымен бiрге ол – үлгiлi отбасының иесi. Тәрбиелi ұл-қыз өсiрiп отыр. Биылғы қаңтар айында өткен саяси додада Шымкент қалалық мәслихатының депутаты атанды. Сайланғанына ұзақ уақыт болмаса да, өте белсендi әрi әрқашан сайлаушыларының арасында жүретiн депутат ретiнде халыққа таныла бастады. Қысқасы, ол – өте мықты азамат.

 

 

 

 

Сiз не дейсiз?

 

Бахадыр САЛИМОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Талғат Әмiрбековтi азамат ретiнде де, кәсiпкер ретiнде де бұрыннан етене танимын. Адамгершiлiгi өте мол. Барынша кiшiпейiл. Үлкенге – құрмет, кiшiге iзет көрсетудi бiледi. Өтiрiк айтпайды. Досқа адал. Ешқашан асып-тасығанын аңғарған емеспiн. Өмiр болған соң, қолына сәл артық ақша түссе, айналасына мұрын шүйiре қарайтын небiр жiгiттердi көрiп жүрмiз ғой. Тәкең ондайлардың санатына қосылмайды. «Ұлық болсаң, кiшiк бол» деген даналықты өмiрлiк қағидасына айналдырған. Бизнесте өзiнiң сүрлеуi қалыптасқан. Қолы ашық, үнемi қайырымдылық iс-шараларының басы-қасында жүредi. Жаны спортқа жақын болғандықтан, спортшыларға да демеушiлiк жасауды ұмытпайды. Ұйымдастырушылық қабiлетi өте жоғары. Игi бастамалардан ешуақытта шет қалмайды. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайланғалы берi дамыл тапқан емес. Қашан көрсеңiз, халықтың арасында жүредi. Тiптi, депутаттық мiндетiн атқаруға өз-өзiн ұмытып кiрiстi десем, асыра айтқандық емес. Рас, депутаттық мандат пен бизнестiң жауапкершiлiгi ауыр. Бiрақ соған қарамастан, Талғат Әмiрбекұлы үлгiлi отбасының тiрегi болып, тәрбиелi ұл-қыз өсiрiп отыр.

 

Сiз не дейсiз?

 

Нұржан СМАНОВ, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт бөлiмiнiң бастығы:

– Талғат Әмiрбеков екеуiмiз жастық шағымыздан жақын араластық. Талай мәрте бiр үйде бiр нанды бөлiсiп жедiк. Шаңырақ көтеру тойын жасағанда, күйеу жолдас болғаным да есiмде. Бiздi таныстырған – спорт. Ол – грек-рим күресiнен КСРО-ның спорт шеберi. Орыс мiнездi. Еш жерде, ешкiмнiң алдында ойындағысын iрiкпейдi. Адам баласына қиянат жасағанын естiген де, көрген де емеспiн. Өзiнiң маңдай терiмен, табандылығы һәм қайсарлығымен айналасын мойындатты деп ойлаймын. Әйтпесе өзi әкесiз өстi. Анасы тапқан-таянғанын Талғаттың жолына жұмсайтын. Оқытып-шоқытып, ел қатарына қосты. Өз кезегiнде Талғат та қол қусырып отырып қалған жоқ. Жан-жақты iздендi, күндiз-түнi бейнеттендi, сөйтiп жүрiп ақыры бизнестiң көзiн тапты. Құдайға шүкiр, қазiр ауқатты азаматтардың қатарында. Бiрнеше өндiрiс ошақтары бар. Талай шаңырақты жұмыспен қамтамасыз етiп отыр. Көмекке мұқтаж жандарға қолынан келген жәрдемiн аямайтын қасиетiн жоғары бағалаймын. Ендi, мiне, бүгiнде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайланып, саясат ауылына ат басын бұрып жатыр. Жас емес. Қырықтан асты. Ары қарай жемiстi еңбек ету тек өзiне байланысты. Саясаттың көзге көрiнбейтiн ұңғыл-шұңғылдары көп. Бiрте-бiрте соларды көре алатын дәрежеге жетедi деп сенемiн.