ШЫМКЕНТТЕ ЗАМАНАУИ ФОРМАТТАҒЫ ЦИФРЛЫҚ КЕҢСЕ АШЫЛДЫ

107
0

Шымкентте шығыс әдістемесі бойынша Цифрлық кеңсе ашылды, деп хабарлайды Uakit.kz.

«Азаматтарға арналған үкімет» Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. Мәселен, тұрғындарға мемлекеттік қызметті алу жолын ыңғайлы әрі қолжетімді ету мақсатында халыққа заманауи жүйеде қызмет көрсететін цифрлық кеңсе ашылды. Цифрлық форматтағы бөлімшенің ашылу салтанатына тәуелсіз директорлар кеңесінің мүшелері Зағипа Балиева мен Ерғали Бегімбетов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Сүйеніш Әбділдин, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және филиал директоры Балмейір Сансызбайұлы қатысты.

Цифрлық форматтағы кеңсе кайдзен тұжырымдамасы негізінде және шығыс әдістемесі бойынша жұмыс істейді. Яғни мұнда мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы, корпоративтік мәдениетті, жұмыстың өнімділігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс атқарылатын болады. Тағы бір ерекшелегі — келушілер кеңседегі қызмет көрсету аймағын арнайы дизайнда жасалған түстер арқылы ажырата алады.

«Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қалалық филиалының директоры Балмейір Сансызбайұлының айтуынша, жаңа бөлімшеде құжатты қабылдау және оны тапсыру аймағында 38 жұмыс орны қарастырылған және бүгінде мұнда 101 инспектор қызмет етеді.

«Халыққа қызмет көрсету цифрлық кеңселерінде түрлі қызмет аймағы қарастырылған. Олардың қатарында ресепшн, құжат беру, “жылдам” қызмет көрсететін аймағы,кеңес беру, өз-өзіне қызмет көрсету секілді өзгеде аймақтар бар. Заманауи форматтағы цифрлық кеңсе Мәделі қожа 1/16 мекен жайындағы ХҚО -да орналасқан», -деп толықтырды Балмейір Сансызбайұлы.

Еске сала кетсек, Шымкентте халыққа қызмет көрсететін 10 орталық бар. Оған 3 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығыда кіреді.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкенттегі ХҚО-да азаматтарға 900 мыңнан астам қызмет көрсетілген.