ЖАРНАМА ТІЛІ — ҚОҒАМ ТӘРБИЕСІ

89
0

Үшінші мегаполисте этнос өкілдері тығыз шоғырланған тұрғын алаптардағы кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпарат пен жарнамалардағы мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылуына мониторинг жүргізіліп, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндеріндегі тілдік нормалардың сақталуына бақылау жасалып келеді.

Бұл жұмыстарды ұйымдастыруға Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мұрындық болып отыр. Кезекті сондай жұмыстар бойынша аталмыш басқарма қызметкерлері Еңбекші ауданы Қаратөбе тұрғын алабы Қапал батыр көшесіндегі 13 кәсіпкерлік нысанда болды. Нысандардың маңдайшасына жазылған жарнама, жазуларды тексеріп, зерделеген кезде 5 коммерциялық нысаннан Тіл туралы заң талаптарының бұзылғандығы анықталды. Осыған орай кәсіп иелеріне ескерту жасалып, бағыт-бағдар беретін түсіндірме парақшалары таратылды. Жуырда Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, қоғамдық келісім орталығы өкілдері және Әл-Фараби аудан әкімдігі өкілдерінің ұйымдастыруымен ауданға қарасты «Ескі қала» аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысан иелеріне ҚР Тіл туралы заңының 21 бабында көрсетілген талаптарды сақтау бойынша 90 кәсіпкерлік нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, түсіндірме парақшалары таратылған болатын. Тіл туралы заңның 21-ші бабында көрнекі құралдар, жарнама-хабарландырулар алдымен мемлекеттік тілде, содан соң қажет болған жағдайда өзге тілдерде беріледі делінген. Шараның мақсаты — мемлекеттік тілдің көрнекі ақпараттардағы, ішкі және сыртқы деректемелердегі қолданыс аясын кеңейту, тиісті азаматтар мен мекемелерге әдістемелік көмек көрсету, қала тұрғындары мен қонақтарын тілдің әлеуетін көтеруге жұмылдыру. Аталған шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.