ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ САЛАДАҒЫ ҚЫЗМЕТ САПАСЫНЫҢ АРТУ ТҮСУІНЕ СЕП БОЛАДЫ

96
0

Үшінші мегаполисте денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен медицина қызметкерлері біліктілігін арттырды. Басқарма жетекшілерінің арнайы шақыртуымен «University Medical Center» корпоративтік қоры республикалық диагностикалық орталық филиалының аллергология, пульмонология және орфандық аурулар бөлімінің меңгерушісі, аллерголог-иммунолог дәрігері Елена Ковзельдің қатысуымен семинар өтті. Қалалық балалар клиникалық ауруханасында өткен іс-шараға медицина ұйымдарындағы педиатр, аллерголог, иммунолог, инфекционист, жалпы тәжірибелі дәрігерлер қатысты.

Семинар барысында жергілікті ақ халаттылар иммундық жүйе аурулары, иммунды терапиямен емдеу, диагностика тәсілдері бойынша біліктілігін шыңдады. Семинардың соңында дәрігерлер бір-біріне мазмұнды ой-пікірлері үшін алғыс айтып, бұл тәжірибе алмасу емдеу жұмыстарына оң септігін тигізетініне сенім білдірді. Соңғы жылдары Шымкент қаласында бірнеше медицина мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында емханалар ашылып жатыр. Сапа да жақсара түскен. Бұрындары ауыр оталарды жасату үшін Алматы мен Астанаға аттанатын азаматтардың бүгінде жергілікті медицина ұйымдарына жүгінуі жиілеген. Себебі медицина саласының сапасы артып, мүмкіндігі кеңейген. Жуырда шымкенттік ақ халаттылар алғаш рет сирек кездесетін дертке шалдыққан науқасқа күрделі отаны сәтті жасады. №2 қалалық аурухана базасында болған ота кезінде хирургтар наркозды қажет етпейтін, асқынуларды болдыртпайтын хирургиялық ем тәсілін қолданған. Нақтырақ тоқталар болсақ, аталған ауруханаға бүйректің созылмалы шамасыздығы салдарынан 9 жыл бойы гемодиализ қабылдаған науқас түскен болатын. Оның ахуалы күрделі еді. Сүйек буындары ауырсынған, дене бітімі де кішірейіп, бойы шөккен. Ұзақ тексеру барысында оның ағзасынан кальций-фосфор алмасуы бұзылғаны анықталады. Міне, осылайша ақ халаттылар ота жасауға шешім қабылдап, едел-жедел іске кіріседі. Нәтижесінде жоғарыда аталған қалалық аурухана базасында науқасқа қалқанша маңы безі артерияларының эмболизация отасы жасалады. Осы отадан кейін оның жағдайы жақсарып, ауырсыну басылған. \