ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ШЫМКЕНТТЕГІ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІН ЕНГІЗЕДІ
Өзбекстанның мамандандырылған терапия және оңалту ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығының мамандары жергілікті оңалту орталықтарының жұмыстарымен танысып, екі жақты меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық өзара кәсіби және гуманитарлық байланысты нығайтып қана қоймай, медициналық туризмге жол ашып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Қаладағы №1 және №2 оңалту орталықтарында 18 жасқа дейінгі балаларға бастапқы медициналық қалпына келтіру және оңалту емдері жүргізіледі. Бұл мекемелерде мультитәртіпті команда жұмыс істейді. Реабилитологтар, дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевттер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік және түзету педагогтері, ойын және музыка терапевттері, монтессори-терапия мамандары кешенді ем шараларын жүргізеді. Айта кету керек, үшінші мегаполисте денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен медицина қызметкерлері біліктілігін арттырып келеді. Мәселен, былтыр басқарма жетекшілерінің арнайы шақыртуымен «University Medical Center» корпоративтік қоры республикалық диагностикалық орталық филиалының аллергология, пульмонология және орфандық аурулар бөлімінің меңгерушісі, аллерголог-иммунолог дәрігері Елена Ковзельдің қатысуымен семинар өтті. Қалалық балалар клиникалық ауруханасында өткен іс-шараға медицина ұйымдарындағы педиатр, аллерголог, иммунолог, инфекционист, жалпы тәжірибелі дәрігерлер қатысты. Семинар барысында жергілікті ақ халаттылар иммундық жүйе аурулары, иммунды терапиямен емдеу, диагностика тәсілдері бойынша біліктілігін шыңдады. Семинардың соңында дәрігерлер бір-біріне мазмұнды ой-пікірлері үшін алғыс айтып, бұл тәжірибе алмасу емдеу жұмыстарына оң септігін тигізетініне сенім білдірді. Соңғы жылдары Шымкент қаласында бірнеше медицина мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында емханалар ашылып жатыр. Сапа да жақсара түскен. Бұрындары ауыр оталарды жасату үшін Алматы мен Астанаға аттанатын азаматтардың бүгінде жергілікті медицина ұйымдарына жүгінуі жиілеген. Себебі медицина саласының сапасы артып, мүмкіндігі кеңейген.