ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕР ЖҮРЕГІ ТОҚТАП ҚАЛҒАН СӘБИДІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

72
0

Медицина саласының қоғам өміріндегі маңызы айрықша. Әсіресе соңғы уақытта әлемде орын алған оқиғалардан кейін аталған саланың мәні мен маңызы артты. Өз кезегінде, еліміздің әр өңірінде денсаулық сақтау ісін дамытуда бірқатар бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылуда. Оның қатарында Шымкент те бар. Нәтиже де жоқ емес. Бұрындары күрделі оталарды жасату үшін табаннан тозып, шетел асатын ағайынның дені бүгінде қалада дертіне шипа тауып жатыр.

Мәселен, жуырда №2 Шымкент қалалық ауруханасының дәрігері Асхат Жақыбаев асфексияның салдарынан клиникалық өлім жағдайына жеткен сәбиді  аман алып қалды. Науқастың анасының айтуынша, нәрестесі еміп жатып омырау сүтіне тұншығып қалған. Ана сүті өкпесіне түскен бала шашалып, тынысы тоқтаған. Жүрегі соқпай қалғанын байқаған жас ана клиникалық өлімде жатқан нәрестесіне көмек қолын созуды өтініп дереу жансақтау бөлімшесіне жеткен. Жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог шұғыл түрде ауыз қуысын санациялап, нәрестенің жүрегіне саусақтарымен массаж жасау арқылы өкпесін интубациялық түтікшемен жасанды тыныс алу апаратына қосқан. Реанимациялық көмекті сәтті көрсеткен 18 жылдық тәжірибесі бар маманның шұғыл көмегінің нәтижесінде санаулы минуттар ішінде тыныс алу жолдары қалпына келіп,  сәбидің жүрегі соға бастаған. Үш күн ауруханада дәрігерлердің бақылауында болған бала үйіне шығарылды, жағдайы жақсы.

Шымкентте бұған дейін де бірнеше күрделі ота сәтті жасалған болатын. Мәселен, өткен жылы үшінші мегаполистегі №2 қалалық ауруханасының дәрігерлері инсульт алған 52 жастағы азаматтың ми қан тамырына күрделі отаны пышақсыз жасап, ажалдан арашалап қалды. Науқас ауруханаға қазан айында өте ауыр халде түседі. Жедел тексеруден өтіп, одан сол жақ ми ортаңғы артериясында тромбоз белгілері анықталады. Дәрігерлер оған инсульт диагнозын қояды. Нақтырақ айтқанда, ишемиялық инсульт — қан тамырларының тромбтармен бітелуі. Бұған қоса науқастың оң жақ аяғы мен қолы толығымен салданып, сөйлеу және есту қабілетінен айырылады. Науқас ауруханаға жеткен сәтте инсульт алғанына 3 сағаттан астам уақыт болған. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдап, операция ангиография аппараты арқылы пышақ тілігінсіз жасалады. Ота 2-сағатқа созылды. Науқас отадан соң бір сағат ішінде толық есін жинап, оң жақ аяқ-қол қызметі толығымен қалыптасқан. Сөйлеу, есту қаблеті де қайта қалпына келген.

Жалпы Шымкент қаласында амбулаторлық деңгейде 13 мемлекеттік емхана және 32 жекеменшік медициналық орталық жұмыс істейді. Халықтың 52,8% немесе 615 мың азамат мемлекеттік, қалған 47,2% немесе 549 мың адам жекеменшік емханаға тіркелген. Былтыр 5 медициналық ұйым ашылды. Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік жобасы аясында Шымкент қаласында бір ауысымда 700 келушіге арналған 800 төсектік университеттік көпбейінді аурухана және клиникалық-диагностикалық орталық құрылысы жеке инвестор есебінен басталды. Бұдан бөлек, онкологиялық орталықтың базасында ПЭТ орталығы және сәулелік терапия орталығы іске қосылды, 2 ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, №1 қалалық емхананың балалар бөлімшесі, №2 оңалту орталығының негізгі ғимараты жөнделді. 17 медициналық құрал сатып алынды. Азаматтарды медициналық күәландырудан өткізуге медициналық комиссияларды бөлу үшін жергілікті мәслихат арқылы қаражат бөлу мәселесі шешілді. №3 қалалық емхана аккредитациядан өтті. Өткен жылы 16 бүйрек, 6 бауыр трансплантациясы мен 369 жүрекке ота жасалды. №2 аурухана базасында бауыр циррозы бойынша бұрын-соңды болмаған операция өткізілді. 5225 медициналық қызметкер біліктілігін арттырып, шетел мамандарының қатысуымен 30 медицина қызметкері шеберлігін шыңдап, арнайы дәріс алды. Қала тұрғындары скринингтік зерттеулерден 100% өтті.