ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ ҰСТАЗДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

19
0

Елімізде білім саласының дамуына айрықша назар аударылып келе жатыр. Тіпті, аталған сала мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында жиі айтылады. Осының өзі бұл саланың қоғамның дамуындағы маңызы айрықша екенін айғақтайды. Жалпы білім – кез келген саланың қайнар көзі. Өйткені білікті кадр, сапалы маман өзінің бастауын мектептен алады. Таным көкжиегінің кеңеюіне де мектеп пен мектептен кейінгі білім беру ісі айрықша әсер етеді. Сондықтан кемел ел, дамыған қоғам құруда білімнің міндеті де, өзектілігі де жоғары. Өз кезегінде, жыл сайын тамыз айында арнайы кеңес өтіп, саладағы өзекті мәселелердің астары ақтарылады. Бұл ғана емес, кәсіби мерекелер қатарында ұстаздар күні де бар. Осының өзі педагогтердің қоғамдағы өзіндік орны бар екенін дәлелдейді.

Осы орайда, жуырда Шымкент қаласында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ұлағатты ұстаздармен жүздесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты. “Түркістан” сарайында өткен іс-шараға қаладағы мектеп және колледж директорлары, білім саласы қызметкерлері қатысты. Президент кеңесшісі Жолдау болашақ бағдарымызды айқындап берген құжат екенін, соңғы жылдары білім саласына көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Өз сөзінде «Еліміздің саяси, идеологиялық бағытын жан-жақты түсіндіру мақсатында өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Президенттің кезекті Жолдауының негізгі тақырыбы — Әділетті Қазақстанды құру. Қоғамдағы барлық қордаланған мәселенің түбінде әділетсіздік жатады. Әділеттілік қағидасы алға шығуы үшін жалпы дүниетаным, ой-сана өзгеруі тиіс. Біз өткеніміз бен бүгінімізді түгендеп, болашақты ойлауымыз керек. Ұстаз — ұлттың зияткерлік қуаты. Ұстаздарды мемлекеттік идеологияны жүргізетін тұлға деп санаймыз. Сол себепті де сіздерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Мемлекетшілдік ұстанымға назар аударыңыздар» деді Мәлік Нұржанұлы. Сонымен қатар, Мәлік Отарбаев қоғамдық мәдениет білім мен ғылым арқылы дамитынын, ұстаздарға тарихи сананы жаңғыртып, оны ұрпаққа насихаттау керектігін айтты.

Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» деп атап өткен болатын. Осы орайда, ұйымдастырылып отырған жиынның мақсаты да — мемлекет басшысы атап айтқан міндеттерді жүзеге асырудағы ұстаздардың еңбегі мен қызметін қоғамға кеңінен насихаттау.