КӘСІПТІК БІЛІМ САЛАСЫНДА АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

24
0

Елімізде кадр тапшылығы әлі де бар. Өйткені бүгінде мектепті бітіріп жатқан түлектер еңбек нарығындағы сұраныспен санаса бермейді. Нәтижесінде сұраныс жоқ мамандықты таңдап, ақыр аяғында жұмыссыз қалып жатады. Бұл өзекті мәселені шешу үшін кешенді шаралар жүзеге асырылуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Қазіргі уақытта үшінші мегаполисте бірнеше жоғары оқу орны мен орта арнаулы оқу орындары бар. Онда мыңдаған студенттер білім алып, белгілі бір мамандықты меңгеріп жатыр. Жалпы білікті кадр қашан да сұранысқа ие. Қала берді, қазіргі уақытта белгілі бір саланы меңгеріп, жоғары жалақы алу үшін міндетті түрде жоғары оқу орнында оқу міндетті емес. Орта арнаулы оқу орындарын бітіріп те белгілі бір кәсіптік маман иесі атануға болады. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елімізде дәл осы бағытқа айрықша басымдық беріліп отыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз.

Бұған дейін, нақтырағы, 2 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Міне, сонда ел Президенті біз сөз еткен тақырыпөа арқау болатын өзекті ойды ортаға тастады. Нақтырағы «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деді мемлекет басшысы. Осы орайда, ел аумағында кәсіптік мамандықтарды меңгеріп жатқан жастар арасында түрлі шаралар мен байқауларды өткізу арқылы бәсекеге қабілетті маман даярлауға басымдық беріп келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. Жуырда осындай маңызды бастаманың бірі Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Тарқатар болсақ, 23-27 қыркүйек күндері аралығында қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері арасында «WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңі өтті. Чемпионаттың мақсаты – жұмысшы және кәсіби мамандықты дәріптеу, мамандықтардың танымдылығын және қоғамдағы беделін көтеру, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру. Бүгін аймақтық чемпионат қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. WorldSkills – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жоба. Кәсіптік-техникалық мамандықтың деңгейін арттыратын жобаға еліміздің жастары қатысып, халықаралық деңгейде үздік нәтиже көрсетіп келеді. Жоба шеңберінде қоғамға ең қажетті маман иелерінің біліктілігін арттыру жоспарланған. «WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңінде 42 құзыреттілік бойынша 221 үміткер бақ сынады. «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Өндірістік және инженерлік технологиялар», «Қызмет көрсету саласы», «Білім беру», «Медицина», «Шығармашылық және дизайн», «Құрылыс индустриясы», «Көлік және логистика» бағыттары бойынша үздіктер анықталды. Чемпионат қатысушыларының конкурстық жұмыстарын қала аумағындағы кәсіпорындардың жетекші мамандарынан құралған тәуелсіз сарапшылар бағалады. Бүгінгі іс-шарада білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрдәулет Абылаев халықаралық жобаның ұтымды тұстарына тоқталып, жеңімпаздарды марапаттады. Н.Абылаев бүгінде инновациялық кәсіпорындар ашылып жатқанын, оған жұмысшы мамандар керек екенін айтты. Енді аймақтық чемпионат жеңімпаздары биыл қараша айында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды. Айта кетсек, «WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионаты барысында 9-11 сынып түлектері үшін «Ашық есік» күндері ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларына колледждердің материалдық-техникалық базасы мен жетістіктері таныстырылып, инновациялық жобалар көрмесі өткізілді.

Айта кету керек, жуырда  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек БАҚ өкіліне берген сұхбатында сұранысқа ие мамандарды атап берген болатын. Ведомство басшысының сөзінше, 2030 жылға дейін орта мерзімді болжам бойынша экономикаға 883 мың маман қажет болады. Оның 550 мыңы – инженерлік-техникалық мамандықтар. Олардың үлесі 60 пайыздан жоғары. Негізгі сұраныс инженерлер, техниктер, жылу энергетиктері, су мамандары, гидрогеологтар, операторлар, гидротехникалық мамандар, орман шаруашылығы, ауыл шаруашылығы мамандарына тиесілі. Министр ең тапшысы ретінде инженерлік-техникалық мамандықты ерекше атап, бұл мәселе 90-жылдардан өзектілігін жоғалтпай келетінін алға тартты. Бұл ғана емес, Атамекен кәсіпкерлер палатасы да алдағы уақытта қандай мамандықтарға сұраныс артатынын айтып, жыл сайынғы сауалнама қорытындысын жариялады. Ұлттық палата жыл сайын қазақстандық кәсіпорындардың кадрлық қажеттілігін бағалайтын сауалнама жүргізетінін атап өтіп, соңғы сауалнамада білім беру, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру сияқты салалардағы жұмысшыларға айтарлықтай сұраныс байқалғанын мәлімдеді. Дерекке сенсек, алдағы жылдары 130 мыңнан астам маман қажет болады, оның жартысына жуығы кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар. Ұлттық жүйенің нәтижелерін мемлекеттік органдар жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру, қазақстандықтарды еңбек нарығындағы ахуал және сұранысқа ие кәсіптер туралы хабардар ету, сондай-ақ кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру үшін пайдаланады. Сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының тиімділігін арттырып қана қоймай, кадрларды даярлауды, оларды жұмысқа орналастыруды және кәсіптік бағдарлауды жаңа деңгейге көтеретін бастамаларды талқылағаны айтылды. Кәсіпкерлік палата  мәліметінше, былтыр техникалық және қызмет көрсету бойынша кәсіптік даярлау, біліктілікті арттыру жөнінде оқу орталықтарын 8,4 мың адам аяқтап, оның 7,4 мыңы жұмыспен қамтылған. Биыл 10 мыңға жуық қазақстандықты оқыту жоспарлануда.