ЖАСТАР ҚОҒАМДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

8
0

Қоғам өзгереді. Бүгінгі жастар ертең-ақ елдің тізгінін ұстайды. Сондықтан жастардың қазіргі қарым-қабілеті, біліктілігі, қызығушылықтары, қоғамдық мәселелерге көзқарасы айрықша мәнге ие. Бұл тұрғыдан келгенде, қазіргі өскелең ұрпақтың ұстанымы мүлде басқа, бағыты бөлек. Қазірде жастарға мемлекет тарапынан сапалы білім алуға, қызығушылықтарын қабілетке айналдыруға барлық жағдай жасалып келеді. Интернеттің кең қолданысқа енуімен әрбірі өзі қалаған ақпаратты еркін ала алады. Өздері қалаған бағыт бойынша білімін арттыра алады. Сәйкесінше, өзіндік ұстанымдары қалыптасқан. Қоғамдағы түйткілдерге қатысты үн қатып, ойын жеткізе біледі. Мұны тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлық сынды өзекті мәселе бар. Оның қалыптасқанына, мемлелекеттегі билік органдарына сіңісіп кеткеніне біршама уақыт болды. Заңды қанша қатаңдатқанымызбен, нақты нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Парақордық бірі ұсталса, екінші бірі пайда болады. Ал оны түбегейлі жою үшін халықтың бойында аталған түйткілге қарсы мәдениет болғаны абзал. Ол үшін қоғамның қозғаушы күші жастарға терең түсіндірудің, астарын ашып көрсетудің маңызы зор. Осы орайда, жуырда Түркістан қаласында ойы ұшқыр жастар арасында пікірсайыс турнирі өткен болатын. Міне, осы сөзің емес ойдың сайысында біз сөз еткен сыбайлас жемқорлық тақырыбы сөз болды. Бүгінгі материалымызда аталған шара турасында тарқата баяндамақпыз.

Жалпы пікірсайыс – адамның ой ұшқырлығын дамытатын, көпшілік алдында еркін сөйлеуге, өз пікірі мен ұстанымын ашық жеткізуге мүмкіндік беретін сайыстырдың бірі. Оқушылардың осындай қасиеттерін дамытуды мақсат еткен Түркістан қаласының білім бөлімі мен облыстық білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруы, Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының қолдауының нәтижесінде өткен пікірсайыс турнирі де өз нәтижесін көрсетті.  Төле би атындағы №19 жалпы білім беретін мектебінің базасында ұйымдастырылып өткізілген пікірсайыс турниріне Түркістан қаласындағы мектептердің 9-10 сынып оқушылары қатысып, ой ұшқырлықтарын көрсетті. Үш бағытта жүргізілген турнирінде «Қазақ лигасы» бойынша Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектебінің «Жалынды жастар» фракциясы жеңімпаз атанды. «Орыс лигасынан» Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының «Ұшқыр ой» фракциясы жеңіске жетсе, «Ағылшын лигасында» М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының «Sun Say» фракциясы үздік шықты. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлері қалалық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Пікірсайыс турнирін Түркістан қаласы білім бөлімінің әдіскері М.Искакова қорытындылап, жас пікірсайысшылардың алдағы турнирлерінде сәттілік тіледі. Осы тұста айта кетерлігі, аталған пікірсайыста жастар сыбайлас жемқорлық, нашақорлық, үлгілі маман болу сынды тақырыптарды кеңінен талқылап, пікірлерін ортаға тастады. Спикерлердің пікірінше, тәуелсіз еліміздің экономикасының дамуына кедергі келтіретін, қоғам дертіне айналған мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Үлкен әлеуметтік дерт болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отыр. Сыбайлас жемқорлық – ұлтымыздың қауіпсіздігі мен еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да онымен күресті тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп бойымызды аулақ салмай, бірлесе күресу баршамыз үшін маңызды іс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды реттейтін заңнаманы жетілдіру арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою, жеке азаматтармен және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сонымен бірге, мемлекеттік аппарат пен өзге де салаларда сыбайлас жемқорлықтан туындайтын қатерлерден Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделіп отырғаны белгілі. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күннің басты мақсаты. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барша ел азаматтарының азаматтық борышы. Айта кету керек, Түркістан қаласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, аталған қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу мен таралуына тосқауыл қою, сонымен қатар қоғамда бұл мәселеге қарсы құқықтық сананы арттыру шаралары белсенді жүргізіліп келе жатыр. Жалпы бұл – заман ағымына сай түрленіп, жетіліп, өсіп, өркендеп, дамып келе жатқан әлеуметтің кесел саналады. Әсіресе, Қазақстан секілді дамушы мемлекеттердің етек-жеңін жиып, дамудың даңғыл жолына түсуіне орасан кедергісін келтіріп отыр. Сондықтан да елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халықтың құқықтық сауатын арттыру ісіне айрықша ден қойылған. Соңғы уақытта бұл іске жастар орталықтары да белсенді атсалысып келе жатыр. Мәселен, биылдың өзінде түркістандық жастар адам жиі жүретін қоғамдық орындар мен саябақтарда сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келгенде қалай әрекет ету керегін түсіндіретін үнпарақтарды таратты. Бұл ғана емес, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облыстық департаменті тарапынан да біршама шаралар іске асты. Жалпы мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы,кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет.

Сыбайлас жемқорлықпен кешенді түрде күресу керегі жиі айтылып келе жатыр. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта соңғы үш жылда біраз шаруа атқарылды. Мысалы, осындай қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Бұдан былай олардан қайтарылған қаражат мектеп салуға жұмсалады. Жемқорлықпен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артты. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, жалғаса береді. Сонда ғана біз осы індеттен таза қоғам құрамыз. Бұл – менің стратегиялық мақсатым» деп атап өткен болатын. Осы орайда, мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді.  Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі енжарлығы, атап өтілгендей, сыбайлас жемқорлық деңгейінің нақты төмендеуіне сенуге мүмкіндік бермейді.  Дегенмен салада атқарылып жатқан жұмыстарды да жоққа шығармақ емеспіз. Осы тұста айта кетерлігі, сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Сондықтан сыбайлас жемқорлық деректерімен бетпе-бет келгенде қол қусырып отыруға болмайды. Мұны әрбір азамат есте сақтауы тиіс.