МЕДБИКЕЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТТЫРАТЫН ОҚУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

84
0

Медицина саласының қоғам өміріндегі маңызы айрықша. Әсіресе, пандемиядан кейін бұл саланың бұқара арасындағы маңызы арта түсті. Сондықтан болар елімізде бірқатар ауқымды бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Мәселен, соңғы бірнеше жылда еліміздің бірқатар өңірлеріндегі медициналық мекемелердің ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Емханалар мен ауруханалардың материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жаңғырды. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келе жатыр. Бұл ғана емес, дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру бастамасы қолға алынды. Осының арқасында жүздеген еліміздің ақ халаттылары әлемнің озық клиникаларында тәжірибе алмасып, жаңа білім арттырып қайтты. Оның нәтижесінде елімізде көптеген ауыр оталар сәтті жасалып келе жатыр. Оның ішінде Шымкент қаласында биылдың өзінде бірнеше күрделі ота алғаш рет жасалды. Білікті де тәжірибелі дәрігерлердің қатысуымен жасалған оталардың арқасында қаншама науқас ауруынан құлан таза айықты. Қазіргі уақытта еліміздің үшінші мегаполисінде денсаулық сақтау ісін ілгерілету бойынша кешенді шаралар атқарылып келеді.

Медициналық ұйымда «Әмбебап прогрессивті патронаж» моделін оқыту бойынша оқу – симуляциялық орталығы ашылды. №5 емхана базасында ашылған орталықта қаланың патронаж медбикелері біліктіліктілік арттыра алады. Оқу барысында теориялық білімдерін ЮНИСЕФ бағдарламасы  ұсынған 22 модуль бойынша  емхана деңгейінде жүкті әйелдер мен балаларды қамту бойынша үйрету жұмыстары жүргізіледі. Жаңаша жабдықталған орталықта  тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылып, өзекті мәселелерді шешу, тестілеу, өзіндік жұмыс, отбасына кеңес беру, қауіп-қатерді шешу тетіктері қарастырылған. Эко карталар жасау, қосымша тамақ  дайындау жолдары,  шұғыл  көмек көрсету жұмыстары  жүргізіледі. Әмбебап прогрессивті модель патранаждағы мейіргердің жұмысын жетілдіруге зор мүмкіндік береді. Шымкентте былтыр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 1300-ден астам адамға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Яғни, ми қан тамырларының күрделі бұзылыстары мен жүрек ауруларын емдеуде күрделі ота жасауға қолжетімділік артып отыр. Сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында бүйрек, бауыр трансплантациясы мен алғаш рет жүрек трансплантациясы жүзеге асырылуда. Мегаполистегі № 2 қалалық аурухананың дәрігерлері 72 жастағы пациентке күрделі ота жасап, инсульттың алдын алды. Науқастың миына қан жеткізетін ұйқы артериялары бітеліп, халі мүшкіл болған. Білікті дәрігерлер құрамы дереу шешім қабылдап, оған МӘМС есебінен құны 6 млн 200 мың теңге тұратын жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетті. Күрделі отаны білікті нейрохирург Еркін Медетов жасады. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы, палатаға шығарылды. Бүгінде қалада жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Биыл бұл мекемелер тарапынан 1500-ге жуық адамға көмек көрсету жоспарланып отыр. Жалпы бүгінде өңірлерде бірқатар игі бастамалар қолға алынуда. Мәселен, үшінші мегаполисте медициналық ұйымдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әлемдік озық практикасы енгізіледі. Бұл бойынша қаладағы 4 медициналық ұйымның бас дәрігері сәуір-мамыр айларында оқудан өткен. Өткен аптада аталған тәжірибені қолдану бойынша шаһардағы №6 емханада 3 күндік семинар өтті. Оған «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Қосиябекұлы келді. Өз кезегінде, қалалық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев, бірқатар дәрігер-профессорлар шаһардағы №1, 3, 6, 7 емханаларды аралап, дайындығын бақылады. «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Қосиябекұлы жобаның маңызы турасындағы ойын былайша тарқатты «Жобаның мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, науқастарға сапалы және жедел көмек көрсету, озық инновациялық технологияларды пайдалану, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру. Бұл жобада пациент және оның отбасының қажеттіліктері төңірегінде барлық медициналық қызметтерді біріктіріліп, көрсетіледі. Европаның 53 мемлекетінде модельді платформа болып жарияланған бұл жобаның берері көп. Жоба аясында халықтың да медициналық білімі артпақ. Бүгінгі таңда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету стандарты әзірленді. Стандартта халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған «Адам – Бағдарланған тәсіл» МСАК озық тәжірибелерін енгізу, ерлер денсаулығы, салауатты тамақтану, денсаулық мектептері, балаға мейірімді қарым-қатынас, ақыл-ой денсаулығы енгізілген». Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса назар аударамыз. Жақында қабылданған арнайы заң – осының айқын дәлелі. Сондай-ақ елімізде тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы белгіленді. Бұл марапат халыққа қалтқысыз қызмет еткен нағыз майталман мамандарға беріледі» дей келе, салаға қолдау көрсету жалғасатынын жеткізген болатын. Бүгінде ел президентінің тапсырмасы аясында саладағы қызмет көрсету сапасын жетілдіру бастамалары жемісті жүзеге асып келе жатыр.