МЕМЛЕКЕТ ҚАНДАЙ ФИЛЬМДЕРДІ ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ

Енді елімізде прокатқа шығатын фильмдер қатаң бақыланбақ. Былтыр ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі фильмді ұлттық деп тану және ұлттық фильм куәлігін беру қағидаларына біршама өзгеріс енгізген еді. 

Министрлік мамандары «Кинематография туралы» заңының талаптарын қайта қарауды жоспарлап отырғандарын айтады.

— Былтыр енгізілген ережелерді кино саласындағы мамандармен бірлесе отырып жасаған едік. Ең бірінші министрлік тақырыптық жоспарларды бекітеді. Соған сай сценарий жазуға 60 күн уақыт беріледі. 1-кезек — бұл сценарийлерді іріктеу кезеңі. Ол үшін Ұлттық киноны қолдау орталығының сараптама кеңесі жасақталған. Ол жерде өндірістің бастапқы сатысынан бастап, прокатқа шыққанға дейінгі салада жұмыс істейтін мамандар қамтылған. Сараптама кеңесі 3 секциядан тұрады: деректі фильмдер, көркем фильм және анимациялық фильмдер. Әр саланың мамандары сценарийді өздері іріктейді. 2-кезеңге өткен сценарийлерді түсірілім тобы YouTube платформасының тікелей эфирінде ашық түрде қорғауы керек. Өз жобаларының маңыздылығын түсіндіріп, артықшылығын айтуы тиіс. Не себепті мемлекеттік қаржы алуға лайық екенін дәлелдеу қажет. Мәдениет және ақпарат министрлігінде ведомствоаралық комиссия бар. Оның құрамында Мәдениет және ақпарат, Қаржы, СІМ, Білім министрліктері бар. Олар келесі кезеңге өткен фильмді идеологиялық тұрғыда тексереді. Ол сүзгіден өткеннен кейін министрлік қай фильмдерді қаржыландыру керектігі туралы шешім шығарады. Мысалы, былтыр 500-ге жуық сценарий ұсынылса, оның 18-і ғана өндіріске жіберілді, — дейді Әділет Омаров.

Ал биыл 444 сценарий ұсынылыпты. Бірақ оның 128-і ғана келесі кезеңге өткен. Жауаптылар жобалардың құжатын толық тексеріп біткен соң лайықтыларын ашық қорғауға ұсынбақ. Ал Ұлттық киноны қолдау орталығының маманы қазіргі уақытта қандай ірі жобалар атқарылып жатқанын жеткізді.

— Қазіргі уақытта толықметражды анимациялық «Команда А» деген жоба өндірісте. Бұл жобаның өндірісін Орталық Азияда танымал KUBIQ деген компания қолға алып жатыр. Сонымен қатар толықметражды «38» деген киножоба бар. Бұл — Қазақстандағы орманшылар туралы түсірілетін алғашқы фильм. Оған қоса танымал режиссер Диас Бертістің «Кенжем қайда?» жобасы бар. Осындай бәсекелестік бар ортада сапа жоғары болады. Сол себепті Қазақстандағы кино саласы алдағы уақытта жоғары деңгейге көтеріледі деп есептеймін, — дейді ол.

Мамандар ұлттық жобаларды іріктеген кезде ең бірінші идеологияға баса мән беретіндерін айтады. Сонымен қатар бұрын соңды қозғалмаған өзекті тақырыптарға мән береді. Алайда нарықты да назарға алатындарын жасырмады.

— Біз нарықты, көрерменнің сұранысын үнемі бақылап отырамыз. Әртүрлі жанрдағы фильмдерді түсіріп, экспериментке баратынымыз да сондықтан. Одан бөлек, жас режиссерлерге сенім артып, дебюттық жобаларды жиі жарыққа шығарамыз. Сараптама кеңесі сценарийлердің бәрін толықтай қарайды. Оның әр бөлігіне мән беруге тырысады. Актерлерді таңдағанда да, саундтрекін дайындағанда да барлығын назарға алуға жағдай жасайды. Қандай актер сұранысқа ие немесе қазір қандай трендтер бар — бәріне мән беріледі. Бірақ, әрине, бұл критерийлерді барлық жобаға қолдана алмайсың. Тарихи жобаларға мұндай дүниелер әсер етпейді, — дейді маман.

Жалпы мемлекет фильмнің өндірісіне ақша бөледі. Бірақ оның прокаты мен маркетингіне қаржы қарастырылмаған. Содан болар, министрліктің тапсырысымен түсірілетін сапалы фильмдер көпшіліктің құлағына жетпей қалып жатады. Десе де, көрермендердің көңілінен шығып, жоғары бағасын алған туындылар да аз емес.

— Қазір көбісі фильмдерді кассамен бағалайды. Бірақ мен бұл пікірмен келіспеймін. Мысалы, біздің тапсырысымызбен түсірілген «Ағайындылар» фильмі 30 шақты кинофестивальдің жүлдегері атанды. Өте сапалы жасалған фильм. Біз мұндай туындылар арқылы көрерменнің кәсіби фильмдерге деген талғамын өсіріп жатырмыз. «Набат операциясы» деген фильміміз де өте жоғары деңгейде түсірілген, — дейді Ұлттық киноны қолдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары.

Басқарма қызметкері мемлекет тапсырысымен жобаларды дайындайтын продюсерлер де фильмнің жарнамасына атсалысу керектігін айтады.

— Прокатқа шыққан фильмнің кассасынан кинотеатрлар 50%, дистрибьюторлар 10% алады. Қалған 40%-дың 20%-ын ғана олар мемлекетке қайтарады. Жалпы 80% пайда оларда. Сол себепті продюсер ретінде фильмінің танылуына өзі мүдделі болуы керек қой. Себебі, қаламақыдан бөлек, кассадан түскен пайданың қаншама бөлігін өзіне қалдыруға мемлекет онсыз да мүмкіндік беріп тұр, — дейді ол.