ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТІЛ МАМАНДАРЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ ҚАДАМ БАСУДА

16
0

Қазіргі жаһандану заманында білім саласында бәсекеге қабілетті болудың басты шарты – үздіксіз даму, заманауи әдістерді меңгеру және халықаралық тәжірибе алмасу. Бұл талап әсіресе тіл оқыту саласына тікелей қатысты. Себебі тіл тек қарым-қатынас құралы емес, сонымен қатар ойлау жүйесін, мәдениетті, әлеммен байланыс жасау мүмкіндігін қалыптастыратын күрделі құрал.

Осы орайда Түркістан қаласы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастырған кәсіби кездесу — еліміздің тіл саясатын жетілдіру жолындағы маңызды әрі нәтижелі шара ретінде бағалануға әбден лайық. 2025 жылдың шілде айында аталған орталықтың оқытушылары Назарбаев Зияткерлік мектебі ағылшын тілі пәнінің оқытушысы, Лондонда CELTA курсын сәтті аяқтаған Қожахмет Бағлан Бегманұлымен кездесті. Бұл кездесу – жай ғана ақпарат алмасу емес, халықаралық стандарттар негізінде оқыту тәжірибесін Қазақстандық білім жүйесіне интеграциялау жолындағы нақты қадам болды. Кездесудің басты мақсаты – заманауи оқыту әдістемелерімен алмасу, шетелдік тәжірибелерді меңгеру және оларды жергілікті деңгейде тиімді қолдану. Мұндай кәсіби іс-шаралар – оқытушы біліктілігін арттырудың ғана емес, сонымен қатар білім беру сапасын жаңа деңгейге көтерудің де тиімді тетігі. Кездесу барысында Бағлан Бегманұлы өзінің CELTA (Certificate in English Language Teaching to Adults) курсы аясында алған білімдері мен практикалық тәсілдерін бөлісті. CELTA – бұл Кембридж университеті тарапынан берілетін, әлемнің 70-тен астам елінде танылған халықаралық сертификат. Ол тек тілдік дағдыларды емес, заманауи оқыту әдістерін, коммуникативтік тәсілдерді, сабақты тиімді жоспарлауды, тіл үйренушімен жұмыс істеудің нақты үлгілерін меңгеруге бағытталған.

CELTA курсының басты ерекшеліктері — сабақ барысында қатысушының педагогикалық рефлексиясы күшейеді, қысқа мерзім ішінде (4-6 апта) оқытудың тиімді тәсілдері меңгеріледі, нағыз аутентикалық ортада оқыту арқылы шетелдік тәжірибе жинақталады, пәнді тек теориялық емес, практикалық негізде үйрету дағдысы дамиды. Мұндай курс – тіл мамандары үшін үлкен серпіліс, кәсіби даму жолындағы маңызды саты. CELTA біліктілігі бар мамандар бүгінде халықаралық білім беру ұйымдарында, шетелдік тіл мектептерінде жоғары сұранысқа ие. Қожахмет Бағлан Бегманұлы жүргізген шеберлік сабағы барысында оқытушылар халықаралық стандарттарға сай оқыту, сабақ құрылымы, мақсат қою, тілдік тапсырмаларды дұрыс таңдау және оқушыны бағалау критерийлері бойынша тың мәліметтер алды. Сонымен қатар заманауи коммуникативтік әдістерді қолдану, сабақта интерактив элементтерді пайдалану, оқушы белсенділігін арттыру жолдары да нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Кәсіби кездесуге Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің әдіскері Перизат Алиакбарқызы Дүйсеева да қатысып, пікір алмасуға белсенді түрде атсалысты. Оның қатысуы — кәсіптік білім беру мен тіл оқыту саласының арасындағы байланысты күшейтуге арналған алғашқы қадамдардың бірі. Бұл кездесудің ерекшелігі – тек ағылшын тіліне қатысты идеялар емес, жалпы тіл үйрету мәдениеті мен әдіснамасын жетілдіруге бағытталған ұсыныстардың ортаға салынуында.

Қазіргі таңда тіл үйренушілердің талаптары өзгеріп келеді. Олар тілді жаттанды грамматикалық ережелер арқылы емес, нақты қарым-қатынас құралы ретінде меңгергісі келеді. Сондықтан оқытушылар да бұрынғыдай тек оқулыққа негізделген тәсілден арылып, оқушыға бағытталған оқыту (learner-centered approach) үлгісіне көшуі қажет. CELTA тәжірибесі дәл осы бағытты ұстанады. Онда оқытудағы міндет пен мақсат нақты қойылады, оқушының мотивациясы басты назарда, оқу материалы өмірлік жағдаяттарға бейімделеді, оқытушы фасилитатор рөлінде болады, яғни оқушыны бағыттаушы тұлға. Осы идеялар Түркістандағы оқытушылар үшін де өзекті болып отыр. Себебі бұл тәсілдер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытуда да тиімділігін дәлелдеуде. Осы форматтағы кәсіби кездесулердің маңыздылығы – олар өңірлік деңгейдегі мамандарды халықаралық стандарттарға жақындатып, жаңа оқыту парадигмасына бейімдейді. Бұл – Қазақстанның 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясаты тұжырымдамасында көзделген мемлекеттік тілді меңгертудің тиімді әдістерін дамыту бағытына толық сәйкес келеді. Егер осындай тәжірибе алмасу жиі ұйымдастырылып отырса, елімізде тіл мамандарының жаңа буыны, яғни заманауи, жан-жақты білімді, халықаралық деңгейде ойлай алатын оқытушылар қауымы қалыптасады.