Жемқорлардың «Халық жауынан» қай жерлері кем?
Кеше ғана саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, әруақтарына бағыштап құран оқыдық. Ойлап тұрсақ, сол бір нәубетті жылдарда бір уыс бидай үшін атылып, бір ауыз сөз үшін «итжеккенге» айдалған мың-мыңдаған бауырларымыздың тағдырлары анық, тәлкек болғанға ұқсайды. «Халық жауы» аталған сол боздақтарымыз бүгінгі жемқорларымызды көрсе, шалқаларынан құлары анық. «Айналайындар-ау айтыңдаршы, «халық жауы» біз бе, «түйені түгімен жұтқан» мыналар ма?» деп дауласа кететіндері де ақиқат. Шынында да, ар таразысына салып көрелікші, кімдікі дұрыс?
Бір уыс бидай емес, вагон-вагонымен жұтқандарды біз «халық жауы» деп емес, жәй, сыпайылап қана «жемқор» дейміз. Ол атылмайды да, «итжеккенге» айдалмайды да. Бар-жоғы бірер жыл «жайлы» орынға отырса отырды, отырмаса шартты жазаға кесіліп, жиып қойған үрім-бұтағына жететін байлығынан кертіп жеп, миығынан күліп жүргені. Жеп қалған ауыз күйсеуін бәрібір қоймайды «Майлы жіліктің» басын тағы ұстағысы келіп жанталасады. Дегеніне жететіндері де бар. Тағы анау-мынау емес, облыс әкімінің орынбасарлығына дәмелісін қарай гөр! Көптің шырылына, Оралбайдың ойбайына пысқырғаны былай тұрсын, … қыстырмаған Оңтүстіктің «құдайы» оны өзіне орынбасар етеді. Ең бір, «жейтін» жерге жауапты етіп бекітеді. «Күлшелі бала» сүймекке жақсы, егесіне еркелеген қанден итше алды-артын орағытып, тілін де, көңілін де тапқан оның еркінсігені соншалықты, халықты қан қақсатты Баяғы Рахаттың ұстанымын ұстанды.
«Көп асқанға бір тоқтам» болатыны белгілі. Мемлекеттің миллиардтары өзі және сыбайластарына ұзақ қызмет ете алмады. Бірақ қызығын көргендері де аз емес. Өзі және «командасы» тұзаққа түсті. «Қырағы көз» қаржы полициясы адымдарын аштырмады. «Бала-шаға», «қатын-қалашына» қарамады, қолдарына кісен салды. Бұл бір ғана бізге белгілі болып қалғаны, белгісізі қаншама. Бірінші басшыға тым жақын бір «еркетотай» ханым бар еді, шамасына қарамай құрылысты басқарған. Сол ғой, масқара болғанда бір адамның өмір бойы тірнектеп табатын 6 миллион теңгесін 6 минутта қақшып алып, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Жалпы, әккі саясаткер болмаған соң билікке келіп, береке табу қиын екен. Кәсіпкерлікпен көзін ашып, бизнеспен белін бекіткен бірталай қалталылар бүгінде облыстың жауапты қызметтерінде. Оларды төңірегіне топтастырған бірінші басшының өзі де кезінде сол саланың нанын жеген-ді.Нәтижесі мынау, «біреу тойып, біреу тоңып секіріп» жүр. Айтарым жоқ еді. Бәріне себепкер «халық жауы» деп атылғандар мен асылғандарды еске алған соң ғой, «шын мәнінде «халық жауы» деген кім осы? – деген сауалдың санамды жаулап алғаны.
Сәлімгерей МАНАЛОВ.