ФЕОДАЛИЗМ «БЕРІК ОРНАҒАН» «КОММУНИЗМ»
Өзіміз бүгінде жер-жебіріне жетіп, тіліміз жеткенше ғайбаттап жүрген кемелденген социализм мен коммунизмнің елесі кезген дәуірден бері тәуелсіздігімізді алғанымызға екі он жылдың жүзі болды. Сол ғайбаттап айтқан дәуірде жарығымыз, жолымыз, суымыз, жұмысымыз болды, ешкім аштан өліп, көштен қалған жоқ. Біз өткеннің қоябасын қозғап, қойыртпағын шығарып отырғанымыздың бір себебі бар.
Шымкенттің дәл іргесінде бұрын «Коммунизм», қазір Қызылжар атанған үлкен ауыл бар. Отыз шақты тойханасында күн сайын той болып, сан мыңдаған жандар жиналып жататын осы ауылдағы Теректі деген көшеден бізді іздеп, қазақ-өзбегі аралас, бір қора ағайын келіпті. Талай табалдырықтың сырын көшіріп, талай есіктің топсасын босатып, талай әкімнің құлағын сарсытып айтқан жайларын бізге тағы да айтты. Онда да үмітті күні кеше Шымкентке әкім болып, талай төбелерге шығып үлгерген жас әкім Дархан Амангелдіұлының назарына қарата, арнайы әкелген өтініштерін баспасөздің бетіне жариялауымызды өтінді. Біз жүз жетпіс отбасының атынан келген кісілерге уәде еттік, олардың үшбу өтініштерін сиясы кеуіп үлгермеген әкімнің назарына сол қалпында ұсынғанды жөн көрдік.
«Біз жолы адыр-бұдыр, су ағатын құбыры жоқ, аурухана, мектеп, балабақша дегендерді өңіміз түгілі түсімізде көрмегендердің санатынанбыз. Бұрын «Коммунизм» атанған кезде де басқаға орнаған коммунизм біздің жүз жетпіс отбасы тұратын Теректі деген алып көшені айналып өтті. Біздің бір көшенің тұрғыны Қазақстандағы кез келген орта деңгейлі ауыл халқының санымен пара-пар. Бүкіл елге келіп жатқан жақсылық, болып жатқан игі тірлік бізге бұйырмай-ақ қойды. Бармаған бастығымыз, ашпаған есігіміз қалған жоқ. Жартасқа айтсаң жаңғырық шығады, ал біздің жанайқайымыз желге ұшқан қаңбақтай жауапсыз болады. Көздерінің қырын салайын деген бір басшы-пенде біздің пешенемізге бұйырмапты. Айта-айта аузымыз ауырғаны бер жағы ғой, ақыры арызқой атандық. Суымызды қоларбамен шақырымнан тасимыз, ауруханаға бару үшін қаланың ортасына, болмаса Гагарин көшесіндегі шағын бекетке барамыз. Ал мектеп пен балабақшаның жағдайын, одан көрген азабымызды айтудың өзі бір үлкен хикая. Былтыр ғана біздің іргеміздегі екі көшеге су құбыры тартылып, олар азаптан арылып қалды. Бізге келгенде Тәңірдің пейілі тарыла ма, әлде әкімдердің қитыққан көңілдері жібімей ме, әйтеуір шөміштен қағылып, тоқалдың баласының күйін кешкен жағдайымыз бар. Кешегі «социализм» мен бүгінгі «тәуелсізизм» бізге ешнәрсе әкелген жоқ. Жұрттың бәрі дамыған, ХХІ ғасырда, адамдарға лайық қажеттілікке сай өмір сүріп жатыр. Тек Теректі көшесіндегі біздер ғана бар сыбағадан құр қалып, бұрынғы «Коммунизм» бүгінгі Қызылжар ауылында қияметтің күйін бастан кешірудеміз. Жаңа әкім өзінің жұмысын бұрынғылардан мұраға қалған біз секілділердің шешілмеген проблемаларынан бастаса екен, сіздер соны жеткізсеңіздер екен. Өзіміз барайық десек, әкімдердің алдына кіру жұмаққа кірумен бірдей».
Осы өтініш-арызға көше бойындағы жүз жетпіс үйдің атынан Лабор Ергешова (телефоны 28-01-21) және Нәбиев Ахметжан атты тұрғындар қол қойыпты.
Редакциядан: Хат мазмұны осы ғана. Ешкімнің арына тиіп, намысын таптамаған секілді. Бірақ олардың жанайқайы, өгейдің күніндей көрген бейнеттері басқаларға ой салып, сезімін селт еткізбеген болса, дәл мынау жаңа әкім Дархан Сатыбалдының сезімін селт еткізер деген сенімдеміз. Ендігі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінің бар салмағын Дархан мырзаның назарына ұсынамыз. Еңірегенде етектері жасқа толған еліңе қай көзіңнің қандай қырын салсаң да, «Өзің біл, әкім мырза» дегіміз келеді.