Әбілязов сияқты орысшыл, орыстардың ығында кететін оппозицияның халыққа берер пайдасы жоқ
Мұхтар ТАЙЖАН, э.ғ.к., қоғам қайраткері, «Болатхан Тайжан» атындағы қордың президенті:
Атадан ұл туса игі, ол ата жолын қуса игі. Қазақтың осы бір сөзі Мұхтар Болатханұлы Тайжанға арнап айтылғандай. Бұған сұхбат барысында өздеріңіздің де көздеріңіз жетеді. Қазақтың ұлттық-демократиялық саясаты жолында өзінің болмысын қалыптастыра білген Мұхтар Тайжан қазақтың намысы үшін аз ғана уақыттың ішінде қаншама қыруар тірліктер атқарды. Біздің мақсат осындай ел қамында жүрген атпал азаматтың айтарын оқырманға жеткізу.
— Мұхтар аға, жалпы қазір қандай шаруалармен айналысып жатырсыз?
— Қазақ қоғамының дамуына үлес қосу жолында түрлі шаралардың жоспарын құрып, нақты әрекеттер жасауға дайындалып жатырмыз. Қазақ деген халқымыздың болашағына бей-жай қарамайтын тілеулес достарыммен, елге танымал азаматтармен бірлесіп болашақта ұлттық ұйым құрмақшымыз. Қазір соған жан-жақты дайындалып жатырмыз.
— Сіздің оппозицияға, ұлт-патриоттарының қатарына қосылуыңызға не себеп болды? Және «Тайжан» деген тегіңіздің елге бірден танылуға ықпалы болғанын мойындайсыз ба?
— Жалпы ұлттық саясатпен айналысуым тегін емес. Осы жерде бір нәрсенің басын ашып алайық. Мен ұлттық саясатқа бірденнен келген жоқпын, мен жастайымнан әкемнің ұлы болып, әкемнің ұлттың жолында жасаған жұмыстарын көріп, содан тәрбие алып өскендіктен, ұлттың, халықтың жағында болуым заңды деп ойлаймын.
Менің білім алуым, өмірге өздігімше қарай бастауым поляк жерінде, яғни студенттік шағым Варшавада өтті. Сол кезден бастап өзімнің мамандығым экономика саласы бойынша еліміздің әлеуеті туралы үздіксіз мақалалар жаза бастадым.
1997 жылдан бастап Мемлекеттік қызметке араластым. Ең алғашқы қызметім экономикалық сарапшы болған. Ол кездегі Мем.қызметтің ахуалы мүлдем басқаша болды. Ә.Қажыгелдин премьер-министр, Ораз Жандосов вице-премьер, М.Әбілязев министр, Ғ.Жақиянов әкім болып қызмет атқарып жүрген. Сол кездегі мем.қызметкердің әрбір жақсы ұсынысы жерде қалмайтын мейлінше қолдау тауып, жүзеге асып отыратын. Ал, қазір бәрібір адамның аузына қарап отырады.
1999 жылы мені Президент әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесіне Халықаралық экономикалық сарапшылыққа шақырды. Сол жерде қызмет атқарып, сараптамалық зерттеулер жүргізіп, мұнай нарығы, Ресейдің экономикасы туралы сараптама жазумен терең айналыстым, сол кезде жинаған білімнің арқасында Кедендік Одаққа байланысты түрлі мәлімдемелер жасаған кезде Ресейдің экономикалық жағдайы туралы кеңінен ақпарат бере алдым деп ойлаймын.
Менің саяси аренаға шығып кеңінен танылуым 2009 жылы Жәнібек пен Керей ескерткіштері жөніндегі айқай-шудан басталды. Сол кезде ең алғашқылардың бірі болып баспасөз маслихатын өткіздік. Кейіннен Халқымыздың біртуар азаматы Мұхтар Шаханов «Ел бірлігі (Қазақстандық ұлт)» доктринасына қарсы шыққанда сол кісінің жанында болдық. Одан соң, Қытайға 1 млн.гектар жер беруге қарсы шығу, Кедендік Одаққа байланысты үлкен мәлімдеме жасауға қатыстым. Осы арадан бастап менің халыққа кеңінен танылуым басталды.
— Тегіңіз туралы білдік. Ал, есіміңізді туралы айтып өтсеңіз.
— Менің есімімді әкемнің әкесі Құлжан атам қойған. Қызығы менімен жасты туысқан бауырларымның есімдері: Абай, Шоқан, Қаныш болып жалғасып кете береді.
— Қазақстан Халық банкінің төрайымы Үміт Шаяхметова сіздің туған әпкеңіз екенін естідік. Соған байланысты ел арасында түрлі сыпсың әңгімелер жүр. Әпкеңізбен ара-қатынасыңыз қандай?
— Иә, Қазақстан халық банкінің төрайымы Үміт Болатханқызы Шаяхметова менің туған әпкем. Тағдырдың жазуы солай шығар әкем бірінші әйелімен яғни, менің анаммен 1983 ажырасты. Сол кезде мен әкеммен, ал әпкем Үміт анаммен бірге кетті. Әкемнің көзі қайтқан соң анам мен әпкем менің бизнесіме тиісіп, оның жемісін бөліске салу мақсатында пенделік танытып, 2008 жылы мені сотқа берді. Одан басқа әлемент төлетуге берген соттарды қосқанда жалпы саны үш соттың бәрінде де мен тек қана жауапкер ретінде жеңіп шықтым. 1985 жылы әкем қайта шаңырақ көтеріп, Айсұлу анамызбен отасқаннан бері мен ол кісіні анам деп қабылдаймын.
— Экономика ғылымдарының кандидатысыз, өз кәсібіңіз туралы айтып берсеңіз. Мемлекет тарапынан көңіліңізге қонатын жақсы қызмет ұсынып жатса барасыз ба?
— Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін бір жола кәсіпкерліктің жолына түстім. Қазіргі тұрып жатқан үйім 2005-2010 жылдар аралығында Темібанкте кепілдікте тұрды. Несие алып, өз кәсібіме осындай нартәуекел жолымен келдім. Шетелден құрлыс заттар әкеліп сатумен айналыстым. Қара базарлардан орындарым болды. Кейіннен заман талабына жауап беретін үлкен эвроқойма салып оны алғашында жалға беріп кейіннен сатып жібердім. Менің табысымның құпиясы осында. Сол кезде көлемді ақша таптым. Қазір форекстке ақша салып соны айналдырып жүрмін. Кәсібім осындай.
Жуырда ғана мені сыртқы істер министрлігіне жақсы қызметке шақырды. Мен оларға қалжыңдап: «Мен министрлікке барсам тек министр қызметіне ғана барамын. Және бірінші ісім Қазақстанды Кедендік Одақтан шығару болады» деп жауап қайырдым.
— Ұлт-патриоттарының ішінде Сізді қалталы деп жатады. Соның арқасында сіздің бастамаңызбен түрлі науқандар өткізіп тұрасыз? Осылардың елге берер пайдасы туралы айтып берсеңіз.
— Олигарх емеспін, форексте жұмыс жасаймын. Кедей де емеспін. Халыққа пайдалы шараларды жасаумен жүрміз. Қазақ халқының тарихы және Е.Бекмахановтың еңбектерін қайта басып шығардық. Кейбір еңбектерін қазақша сөйлетіп халыққа жетуіне мұрындық болдық. Жуырда студенттерге пікір-талас ретінде жарыс өтті. Сол іс-шараға демеушілік жасадым.
2012 жылдың жазында қоғам қайраткерлері: Геройхан Қыстаубаев, Өмірзақ Ақжігітпен бірлесіп 40 күн ел араладық. Жалпы ұзақтығы қазақ даласының 15мың шақырымын басып өттік. Өз көзімізбен халықтың тұрмыс-тіршілігін көріп қайттық. Маған мұндай ой жайдан-жай келген жоқ. 1983 жылы әкем ажырасқаннан кейін оны жұмыстан шығарды. Сол жылы әкеме өте ауыр жыл болды. Әкем Темірхан Бектібаев деген досы, менімен жасты ұлы Абзалды ертіп алып бәріміз бірге «Волгаға» мініп туған жеріміз Павлодар облысы Баянауылға барған едік. Сол кезде бала көңілімде ел аралау туралы арман қалып еді. Сол арманыма өткен жазда қол жеткіздім.
— Қазақстанның болашағын қалай елестетесіз? Қоғамның дамуы үшін қандай шаруалар атқарғыңыз келеді.
— Елімізге ұлттық қазақ тілді жаңа оппозициялық ұйым керек. Қазіргі уақытта осы кеңістіктің орнын толтыру үшін жұмыс жасап жатырмыз. Қазір қоғамдық ұйым құру үшін құжаттарын тіркеу, заңдық мәртебесін реттеу үшін мәселелерімен айналысып жатырмыз. Сол ұйым арқылы халық үшін тағы да үлкен істер жасағымыз келеді. Сонымен қатар ұйымның көмегімен ел аралап, халықпен тығыз жұмыс жасауға машықтанып, тәжірибие жинасақ, болашақта ұлттық бағытта жұмыс жасауымызды тоқтатпаймыз? Кез-келген адам елдің дамуы үшін жауапты екенін, ол сенім еліне деген сүйіспеншілікпен келетінін ұмытпауы керек.
— Жаңаөзен оқиғасы қаншалықты бағасын алды? Болашақта сол оқиға туралы Қазақстанда не шетелде үлкен жиындар өткізу қажеттілігі қаншалықты деп ойлайсыз?
— Жаңаөзен халқымыздың қасіреті. Ол туралы дөңгелек үстелдерден бастап түрлі жиындарға қатысып азаматтық позициямызды көрсетіп жүрміз. 2012 жылдың өзінде Жаңаөзенге 6 рет барып қайттым. Сол жақтағы біраз қазақ бауырларымызға қолымнан келгенше қаржылай көмек көрсетіп кетемін. Мұнымен қоса Жанболат Мамай мен Инга Иманбай құрған көмек көрсету шотына да біраз қаржы аудардым. Ең бастысы Жаңаөзен тақырыбында біз ақпараттық салада жеңдік. Жағдайды басынан шешуге құлықсыз болған Қазақстанның билігінің бет-бейнесі әлемге айқын білінді. Осы кезеңде байқағаным халқымыздың бір-біріне деген ынтымағының өте төмен деңгейде екеніне көзім жетті. Егер халықта ынтымақ болмаса халық өледі. Қазақстанда қазақтар ұлт құраушы — мемлекет құрушы халық екенін түсінбей елде береке болмайды.
— Қазақ халқы өздерінің ұлт құраушы халық екенін жете түсінулері үшін бойларында қандай қасиеті болып, нендей әрекеттер жасауы керек деп ойлайсыз?
— «Әр қазақ менің жалғызым» деген қағидамен өмір сүрулері керек. Одан кейін ұлтшыл болулары керек. Сонымен қатар билікте ұлтжанды азамат отыру керек. Осы билік ауысқаннан кейін ұлтшылдар билікке келуі керек. Дегенмен елімізде ұлтшылдардың материалдық жағдайы әлсіз. Мұндай жағдаймен билікке келу қиын. Неде болса билікке бір кланның келері сөзсіз.
— Сол «Шаңырақ» оқиғасын жылдан-жылға асқақтап бара жатқан И.Тасмағамбетовтің өмірбаянына қарадақ түсіру үшін үлкен билік арнайы ұйымдастырды деп ойламайсыз ба?
— Ол да мүмкін. Бірақ мен бұл туралы ашып ештеңе айта алмаймын. Себебі, мен ол кезде саясатта болған жоқпын.
— Өмірлік ұстанымдарыңыз бен достарыңыз туралы, кімдермен жақын араласатындығыз туралы айтып берсеңіз.
— Өмірдегі ең жақын досым әйелім. 17 жылдан бері бір-бірімізді түсініп, екі бала тәрбиелеп, тату-тәтті өмір сүріп келе жатырмыз. Мектеп жасынан бірге өскен достарым туралы айтатын болсам, мен мектепті орыс тілінде бітірдім, кейіннен Польшада поляк тілінде оқыдым. Дегенмен бойымдағы халқыма деген махаббатымның арқасында қазақ тілін тез үйреніп, отбасымызда, достарыммен тек қана қазақ тілінде қарым-қатынас жасаймын. Достарымның бәрі менің ұлттық саясатта жүргенімді біледі. Олардың көбісі орыс тілді болғанымен барлығы балаларын қазақ мектебіне берген. Осы жағына қарап тұрсаңыз қазақ тілі болашақта кең қанат жаятынына сенемін.
Достың ішінде де дос бар. Кейінгі жылдары мен қазақтың таланты журналисті Қасым Аманжолмен өте жақын рухани дос болдым. Қасымға ризамын. Оның қазақ әдебиеті мен тарих саласындағы білімдарлығы мені әр кезеңде тәнті етеді.
— Досыңыз Қасым Аманжол туралы ел ішінде неше түрлі әңгімелер бар. Бірі Қасымды М.Әбілязевтің адамы десе, екіншілері биліктің Әбілязевқа жіберген адамы деседі.
— Алысқа бармай-ақ қояйық. Мен туралы да мұндай әңгімелер естігенмін. Қасымның да менің де халықтың алдында арымыз таза. Мұндай әңгімелерді бізді көре алмайтын, бізді мұқалтқысы келетін адамдардың шығарып жүр. Оларға қашанғы айтар дейсіз? Біздің халық үшін жасаған жұмыстарымыздың жемісін көргенде әлгілердің үні өшері сөзсіз.
Қасым өте білімді азамат. Жаңаөзен оқиғасынан бір күн бұрын Қасым Аманжолдың «Назарбаев өз халқына оқ ата ма?» деген бағдарламасы бұрын соңды айтылмаған ащы шындықты айта білуімен ерекшеленді. Бұған қоса оның «К+» арнасындағы әрбір бағдарламасы билікке үлкен соққы болып отырды. Осыдан кейін оны биліктің адам деп көріңіз? Ұлтымыздың болашағы үшін Әбілязов сияқты орысшыл, орыстардың ығында кететін оппозицияның халыққа берер пайдасы жоқ. Мен Қасымға сенемін. Саясатта сенімді серігің болмаса жұмыс істеу қиын.
— Оқырмандарымыздың басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болғандықтан, осы өңір туралы не айтасыз.
— Шымкент тұрғындары өте еңбекқор адамдар. Сөздің мәнін түсініп, астарлы әзіл айтқанды жақсы көретін өңір. Шешем Айсұлу осы өлкенің қызы. Сондықтан біз Шымкентке жиі барып тұрамыз. Табиғатының керемет болуына байланысты облыс тұрғындарының көңілі де сондай ашық-жарқын, қонақ күтуді той өткізуді жақсы көретін мейірман, қонақжай облыс. Ол жақта да ұлттың қамын ойлайтын, елдің болашағына алаңдайтын азаматтар жетерлік. Мен Шымкентті басқа қалалардан тым артық қояйын деп отырған жоқпын. «Әр қазақ менің жалғызым» сондықтан да Қазақстанның әрбір аймағы мен үшін ерекше ыстық.
Сұхбаттасқан: Еркінбек СЕРІКБАЙ,
Алматы.
Сіз не дейсіз?
Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ,
қоғам қайраткері:
– Мен Мұқтар Тайжанмен 2012 ж. жазда бүкіл Қазақстанды 40 күн бойы бірге жүріп аралаған адамның бірімін (Тобымызда белгілі журналист – Өмірзақ Ақжігіт және жүргізуші бала болды). Мұхтар экспедицияның қаржылық демеушісі, әрі жетекшісі еді. Сонда байқағаным: Мұхтар өте жомарт, ақкөңіл, жаны ашығыш жан екен. Талай рет жол–жөнекей кездесіп қалған тұрмысы төмен жандарға ақшалай да көмек берді.
Сонда ол осыны ақшасының көптігінен жасаған жоқ. Ол бай да емес. Оның бұлай істеген себебі – қиналған әрбір қазақты көргенде оның жүрегі ауырады. Солардың мұң–зарын есітіп, мына кең дүниеге симай кететін. Арлы–берлі жүріп, екі қолының жұдырығын түйіп жоғары көтеріп тұрып «Ай, дүние–ай» деп, ішкі запыран күйігін шығарып алатын.
Бірде шілденің ми қайнатқан қатты ыстық кезінде, Маңғыстаудың қырық–шұрық жолының бойында сусын сатып отырған әйел кісінің қасына тоқтадық. Қарасақ, немере емес, шөбере сүйетін жасқа жеткен қарт ана екен. Жағдай сұрап едік, ол кісі «Е шырақтарым, несін сұрайсыңдар… Қырық жасымнан асқанда көрген, әлі отызға толмаған жалғыз ұлым бар еді, былтырғы болған Жаңаөзен оқиғасында оққа ұшты. Мен үшін өмірдің мағынасы жойылып, баламның соңынан «О дүниеге» кетпек болдым, бірақ содан қалған бұғанасы қатпаған төрт немерем «жібермеді». Солар аштан өлмесін деп осында отырмын. Шешелері нәпақы табам деп Алматы асқан. Ол тиын–тебен жібергенше нанын тауып берейін, қазір өлсемде» дегені. Бәріміз абыржып қалдық. Мұхтар, әдетінше арлы–берлі жүрді де, екі жұдырығын түйіп, қолдарын жоғары көтеріп тұрып «Ай, дүние–ай» деп, айқайлап жіберді. Қарасам екі көзінде мөлтілдеген жас тұр.
Қарт апаның зарын тыңдап, көңілін аулап, біраз тұрдық. Қоштасарда Мұхтар қалтасынан жүз мың теңге алды да апаның алақанына салды. Апа мұндайды күтпеген еді. Қатты абдырап қалды. Шынында да бұл заманда құлақ есітіп, қөз көрмеген біреу келіп жүз мың теңге бере ме?!
Берді! Мұхтар берді!
Сіз не дейсіз?
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Қазақта, «Ата көрген оқ жағар…» – деген керемет сөз бар. Қазақтың елдігі, ұлттық мүдделері, ана тілі туралы өзінің орамды ойларын іркілмей айтып, азаматтық болмысын көрсеткен Болатхан Тайжан қазақтың марқасқа жігіттерінің бірі еді. Сондай тұлғалы азаматтың тәрбиесін көріп, өнегесімен жетілген Мұхтар Болатханұлы әкесінің ұлағатты жолын жалғастырып, өзінің менін қалыптастырды. Кезінде Болатхан Тайжан «Мемлекеттік тіл барлық мемлекеттік органдарда қолданылсын, соны ең алғаш болып өзі қызмет атқаратын ҚР Сыртқы істер министрлігінен бастайық» деп бастама көтерген. Ол ұсынысы орыс тілді билікке мүлде ұнамай, бірінші Қ.Тоқаевтың, сол арқылы Н.Назарбаевтың сынына ілікті. Міне, біздің елде мемлекеттік тілді дамытайық деген азаматтар қызметтен кетіріліп, биліктен шеттетілетінінің тағы бір айғағы.
Мұхтар жас болғанына қарамай талай іс-шараларда топ бастап өзінің келбетін көрсетіп келе жатқаны мені өте қатты қуантады. Өзім экономика саласын терең білмесем де оның осы тақырыптағы сұхбаттары мен мақалаларын оқып риза болып отырамын. Бірде Мұхтармен жеке жолығып қалып, оған: «Сенің саясатпен айналысуыңа әлі ерте емес пе? Тағы бес алты жыл алдыңғы қатарға шықпай жүре тұрғаның жақсы болар ма еді» – дегенімде ол: «Әр нәрсенің өз уақыты бар. Қазір біз саясатпен айналысып, халықтың жағдайын жақсартуға күш салыспасақ, кешігіп қалуымыз мүмкін» – деді. Іштей Ақ жол тіледім. Қазірде қай уақытта болмасын, ұлт жолында жүрген Мұхтар Тайжан сықылды нар тұлғалы азаматтардың бәріне сәт сапар тілеп, жолдары ашық болсын деп отырамын.