Барды игере алмаған Байсаловқа не дерсің?

435
0

articleБіз таяудағы нөмірімізде «Кентауда көп мәселелер шиеленісіп жатыр» деген тақырыппен аңдатпа ретінде Кентау қаласы мен оның әкімі Бахытбек Байсалов жөнінде бір ірі әңгіменің құлағын «қылтитып» қойғанбыз. Ол-өршіген қылмысқа қатысты жәйттерді саралауға бағытталған еді. Соған байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде Кентауға қатысты бұдан да маңыздырақ, мемлекеттік деңгейдегі тағы бір жайсыздау жағдаяттың «жағымсыз шеті» көрініп қалды. «Бақсам бақа екен» демекші, біздің қозғайын деп жүрген бірінші мәселеміз екіншісінің қасында әшейін «пішту» болып қалғалы тұр.  Баяндағыш басымыз енді сол екінші өзекті мәселеге байланысты біраз нәрсені бағамдап көрелік.

Осы біздің Президентіміз «тыныш жүрмейді». Елде жоқ, ешкімнің ойына келмеген тосын идеяларды топ дегізіп ортаға тастай салады. Бәрі – елдің қамы, ертеңнің қамы. Біреу көзіңді керіп тұрып, қолымен нұсқап, құлағыңа ақылын құйып, істер ісіңді, жүрер жолыңды шұқып көрсетіп отырса да оны орындамайтындар бар екен. Орындауға өресі жетпей ме, әлде немқұрайдылықтың салдарынан өн бойын маңғаздық пен марғаулық басып кеткен бе, әйтеуір істе дегенді істемейді, орында дегенді орындамайды, сөйте тұра өзі бір қиыннан қиыстырып жол тауып, жаңа нәрсені тағы бастамайды. Біздің осы теңеулеріміз Кентау қаласының әкімі Б.Байсаловқа тікелей қатысты болып отыр.
Президент  былтыр еліміздегі шағын қалаларды (моно) дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын енгізіп, Үкімет соған байланысты атқарылар алып істердің ұңғыл-шұңғылын тізбелеп, қазынадан бағдарламаға жүйелі түрде жүргізуге қыруар қаржы қарастырды. Саусақпен санарлық сондай қалалардың қатарына Оңтүстік өңірінен бағы шауып Кентау ғана ілінді. Осы қаржылар арқылы моно қалалардың абаттандырылуы, жарық, жылу, ауызсу, газдандыру жүйелерін жаңартып, көшелерді ретке келтіру секілді мәселелерді түбегейлі шешу қарастырылған болатын. Дәл осындай алып бағдарлама көрші алпауыт ел Ресейде де жасалынған. Олардың 300 моно қаласына бар бөлінген қаржы 7 миллиард болса, бізде бір жылға 34 миллиард теңге жұмсау жоспарланған. Егер осы қаржы әр шағын қалада өз орнын тауып, тиісті салалар бойынша жұмсалынар болса, онда әр қала тоқсан пайызға қайта жаңарады.
Міне, біздің Елбасының бұл ісі дүниенің төрт бұрышындағы талай ел дағдарыстың дауылына төтеп бере алмай, дал-дұлдары шығып, не істерін білмей өзгелерге алақан жаятын жағдайға барып отырғанда, осыншама қаржы бөліп, елдің ертеңін, халқының болашағын ойлайтын нағыз азамат екендігіне толық айғақ бола алады. Біздің Кентауымыз сол жоспарды қаланың игілігі үшін жүзеге асыруға келгенде самарқау қалып ұстанып, серпілейін демейді. Елдің бірінші вице-министрі Бақытжан Сағынтаев, Экономикалық даму және сауда министрлігі Өңірлерді дамыту комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин, ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов дәл осы Кентаудың енжар тірлігіне, еңсе түсіретін жайбасарлығына реніштерін айтып үлгерді.  Ескерту жасады. Жартастан жаңғырық шығады, ал кентаулықтарға айтылған ескертулер бір тасада, ескерусіз қалып жатады.  Моно қалаларға байланысты түзілген бағдарламаның аясындағы тірлік Кентауыңызда «қаймағы бұзылмаған» қалпында тұр. Бөлінген миллиардтар жөнінде есеп бергенде Б.Байсаловтың не айтатынын, қандай уәжді көлденең тартатындығын оның өзі біледі.
Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған бұл мәселеге облыс әкімінің өзі есеп беретінін ескерсек, Асқар Исабекұлы Кентаудың әкімінің есебін қашан, қалай тыңдап, қандай баға берер екен деп ойланасың. Бүгінге дейін салалық басшылар жұмысты жолға қоя алмаған, қоюға шамасы келмей жүрген әкімқараларға әзірше тек ескерту берумен шектеліп келеді. Ескерту-түпсіз мұхит емес, күндердің күнінде ол да таусылады. Сонда биліктің биігіндегілердің алдында Б.Байсалов «құтылып кететін» бір уәж айтар ма екен? Оның «құпиясын»  облыс әкімі А.Мырзахметов білсе керек. Біздің енді сол айтылар уәжді «белгісіз құпияны» күткеніміз дұрыс шығар. Белбеуіне қыстырған қолақпандай шоқпарын көтере алмай жүрген Кентаудың әкіміне «реальный» бағаны беретін уақыт ба-а-яғыда өтіп кеткен секілді.
Редакциядан: Алғы күндері біз жоспарлаған бірінші мәселе зерттеліп, беріле жатар. Одан да мәні зоры кентаулықтардың әлеуеті қандай, әлеуметтік  жағдайлары  қанағаттанарлық па, жалпы ахуалдары қай деңгейде екенін бір екшеу талдау, саралау болып жоспарда тұр. 17 метрлік  тудың жай-жапсарын айтуды да ұмытпақ емеспіз.

М.ТАЛҒАТҰЛЫ