«Бұл сынақ – Ар таразысының өлшемі болса екен деймін»
Ел Президенті өзінің биылғы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында: «Маңызды мәселе – құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жаңарту және олардың бүкіл жеке құрамын аттестаттаудан өткізу міндетін қоямын» деп атап көрсеткен болатын. Міне, енді сол міндетті бағдарламаны жүзеге асырар сәт туып, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қызметтен тыс аттестациялауды өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Республика аумағында ішкі істер департаменттерінде, қаржы полициясы мен төтенше жағдайлар департаментінде аттетациялау комиссияларының құрамы жасақталынып, олар алда атқарылар жауапты шараға байланысты дайындық жұмыстарын жүргізуде. Біздің тілшіміз аттестаттаудан өткізу жұмысының жай-жапсарын тереңірек білу мақсатында білікті заңгер, Республиканың прокуратура саласында көп жылдар басшылық қызметте болған заң ғылымдарының докторы Қайрат Рақымұлы Балабиевпен пікірлесіп, көкейдегі сауалдарды қойған еді. Төменде соны жариялап отырмыз.
― Жарлықта белгілі болғанындай аттестаттау жұмысы үш кезеңде жүргізілмек. Сіздің ойыңызша неліктен мұндай бөліктерге бөлінді деп ойлайсыз? Маман ретінде осының себептері мен салдарларын саралап берсеңіз, құрметті Қайрат Рақымұлы.
― Ел өмірінде, құқық қорғау органдарының қызметінде құқық тәртібі мен азаматтарымыздың нақтылы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ерекше маңызға ие екендігі белгілі. Тәуелсіздігіміздің өткен жиырма жылы ішінде жауапкершілігі аса жоғары бұл саланың жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында аз жұмыс атқарылған жоқ. Көптеген қордаланған мәселелер Мемлекет басшысының басты назарында болып, ол кісінің тікелей бастамасымен және басшылығымен жүзеге асырылып келеді. Тікелей осының арқасында бұрынғы қай кездегімен салыстырып қарар болсақ көптеген ілгерілеушілікке қол жетті. Оның ең бастыларын санамалап айтар болсақ – құқықтық құрылым оңтайландырды, жүйелі сабақтастық айқындалды, базалар уақыт талабына сай жаңартылды. Мұнымен қатар функцияларға шектеулер қойылды, соның нәтижиесінде олардың бірін-бірі қайталаушылығы жойылды, соңғы кездерде қылмыстық саясат айтарлықтай ізгілендірілді. Осы аз мерзім ішінде қол жеткізілген нәтижелі жұмыстарға мемлекет тарапынан қажетті қаржы бөлінді. Өйткені, мұның барлығы еліміздің құқық қорғау органдарының бүгінгі жаңа бейнесін қалыптастыру мен ертеңгі істеріне лайықталып қаланып жатқан нақты негіздер деп толыққанды деп баға беруге болады.
Сіздің сауалыңызда айтылғандай, расында да кезектен тыс аттестаттауды жүзеге асыру жөніндегі маңызды және міндет ауқымы үлкен бүткіл жұмыстарды жүйелі іске асыруды үш сатыда өткізіп, оны жыл аяғына дейін аяқтау көзделіп отыр. Мамыр және маусым айларында жоғары аттестациялық комиссияның аттестаттауына жататын деңгейдегі қызметкерлер сынақтан өткізіледі. Оларға негізінен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары, ведомстволар мен аумақтық бөлімдерінің басшылары, олардың орынбасарлары, құқықтық білім беретін жоғары оқу орындарының басшылары және орталық аттестациялық комиссияларға кандидаттар жатады. Одан кейінгі маусым мен тамыз айларына белгіленген екінші кезеңде негізінен орталық аттестациялық комиссиялардың аттестаттауына жататын қызметкерлердің біліктілгі мен кәсіптік іскерліктері сарапқа салынады. Олардың тізбесін тиісті құқық қорғау органдарының басшысы белгілейді. Бір айта кетерлігі осы екінші сатыдағылардың қатарында өңірлік аттестациялық комиссияларға кандидаттар да бар. Соңғы саты мусым мен қараша айларына белгіленіп отыр. Бұл сатыдағы сынақтың сындарлы санапынан өтетіндер – аумақтық органдардың жеке құрамдары. Мұның бұлайша деңгей-деңгейге бөлінуі олардың қызметтік лауазымдарына байланысты белгіленіп отырғандығы айтпаса да белгілі. Ал аттестаттаудың басты көздеген мақсатына келер болсақ – сала қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін және олардың бүгінгі заман талаптарына сәйкестігін анықтау, әрі жеке басының сапасы төмен, біліктілігі уақыт тезіне лайық емес қызметкерлерден құқық қорғау органданын толығымен тазарту болып табылады.
― Қайреке, cіз аттестаттаудың кезеңі мен мақсаты жөнінде мағлұмат бердіңіз, ал енді қандай да болмасын сынақ алу кезінде оның ережелері бекітілетіні белгілі. Енді осының қалыптасқан қағидасы турасында да айта кетсеңіз.
― Әрине, мұның барлығы Президент Жарлығының аясында жан-жақты қамтылған. Жоғары аттестациялық комиссия туралы Ереже, Аттестаттауды өткізу ережесі бекітілген. Мұнымен ғана шектелмей аттестаттауды өткізу турасындағы ережелер, қағидалар және түрлі әдістемелік нұсқаулықтар, сынақ жүргізуге лайықталған арнайы ақпараттар туралы сұрақ формалары әзірленген. Үш кезеңге бөлінген мен, сынақ алу мерзімі салалық кәсіп қызметкерлеріне дайындалуға және оның қорытындысына баға беруге толығымен жеткілікті деп ойлаймын. Себебі – аттестация алу жолдары мен жүйелері әртарапты сараланған, қажетті мүмкіндіктер молынан қарастырылған. Егер жекелеген аттестат тапсырушының қалыптасқан біліктілігі, саяси жоғары деңгейі, терең білімі бір-бірімен үйлесін тауып жатса, онда еш қиындықсыз, қорқынышсыз сыннан сапалы баға алуына болады деген пікір білдіре аламын. Ал, бұл үйлесімділіктердің бірі жетіспейтін болса, онда әркімнің кінәні өзгеден емес, өзінен іздегені жөн.
― Қайрат Рақымұлы, осы жерде сіздің соңғы айтқан ойларыңызды, пікірлеріңізді сәл толықтыру үшін ойға оралған тағы бір сауалды ортаға салғалы отырмыз. Нақтылы шындыққа қаншалықты қабысатындығын қайдам, кейбіреулер ұшқарылау болса да айтып жүргендей бұл таразылау «көңілден шықпағандарды шетке шығару», немесе « бұл шын мәніндегі бүкіл құқықтық қуатын өмірге лайық қайта арттыру» деген қос бағалауды Сіз қалай таразылай едіңіз?
― «Адамнан жасырғанды – Құдайдан жасыра алмайсың» деген сөз бар. Оның айқындығы рас. Біз кейде қоғамдағы болып жатқан қолайсыз тірліктерде жасырып-жабуға бейім тұрамыз. Мүмкін бұл құқық қорғау органдарына рейтингтік көрсеткіштер үшін қажет болар? Бірақ «Ауруын жасырғанды – өлім әшкере етеді» дегенді де санамыздан сырып тастағанымыз жараспайды. Несін жасырамыз көп ретте қоғам құқық тәртібін сақтау органдарын күш көрсету институттары ретінде қабылдайды. Профилактикалық шаралар әркез олардың жұмысындағы екінші кезеңде қалып жататындығы жасырын емес. Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай құқық қорғау органдары сыбайластық аясындағы жемқорлыққа соңғы кездері көп бейімділік танытып келеді. Жалпы жұртқа жария болған мына бір фактіге назар аударсақ, онда көңілімізге кірбің ұялайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі істер органдарында құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлық аса жоғары деңгейге жетіп, мемлекеттік құрылымдар арасында ең төменгі нәтижеге ие болып отыр. Атап айтар болсақ, жыл ішінде ішкі істер органының қызметкерлерінің 379 құқық бұзушылық жағдайлары тіркелген. Осы саланың түрлі лауазымдағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекеттеріне байланысты, түрлі баптар бойынша 246 іс қозғалыпты. Еліміз бойынша алып қарағанда бұл жағдайлар мемлекеттік қызметшілердің үстінен қозғалған жалпы қылмыстық істердің 14 пайызын құрайды. Мен заңгер ретінде ғана емес, елдің жай бір азаматы ретінде мұндай орын алған оқулықтарға басымды шайқамай, құр қарап отыра алмай, өзімнің өкінішімді білдіремін. Міне, аттестация қорытындысы қоғамның қара дағына айналған осындай жағдайларға өзінің орынды бағасын беріп, аттестаттауды «көзбояушылық» науқанына айналдырмай, әділеттіктің салтанат құруына қол жеткізуі тиіс деп ойлаймын және солай боларына үлкен сеніммен қараймын. «Көңілден шықпағандарды шетке қақпайлау» дегенге біріншіден комиссия мүшелерінің ар-ұяты сарапшы болса, екіншіден әр қызметкер өзінің заңды құқын зиялы түрде қорғауды ұмытпағаны жөн. Ең бастысы олардың өз деңгейінің қаншалықты деңгейде екендігіне деген ішкі сенімі, нық нысанасы, берік байламы болуы тиіс. Бұл жерде «қосақ арасында» кетушілікке жол беру – заңдылықты аяққа таптау деген сөз. Ендігі бір «бүкіл құқықтық саланың қуатын өмірге лайық арттыру» деген бағалаудың болуы – осы санақ алудың ұстанар ең басты қағидасына айналуы тиіс. Біз жоғарыда аттестаттаудың мақсаты жөнінде айтып өттік қой. Міне сол мақсат бүкіл ел өңірінде биік талаптардың деңгейінде толығымен жүзеге асса, онда біздің қоғамда жаңарған, қуатты құқықтық армия жаңа бағытпен, жаңа міндеттерді жүзеге асырады. Өз басым осы ойымызға оралған екі ойдың соңғысы өзінің көздеген мүддесіне, діттеген ойына жетеді деп риясыз сене аламын.
― Балабиев мырза, сіз ширек ғасырға таяу заң саласында еңбек еттіңіз. Жай адамдарға қарағанда оның ұңғыл-шұңғылы өзіңізге әлімсақтан белгілі. Мектептен бастау алатын осындай сынақтар кезінде аз ба, көп пе, әйтеуір «жең ұшынан жалғасқан» кейбір кереғар келеңсіздіктердің орын алып қалып жататындығы жасырын емес. Дәл осы алдағы аттестаттау кезеңінде осындай көңілге кірбің ұялатар тірліктер болмайды деген сенімді көңіліңізге нық ұялата аласыз ба?
― Енді (күліп алды) бұл өзі әрі таныс, әрі тансық сұрақ болды ғой. Мен аттестат тапсырушылардың да, аттестат алушылардың да (әзірге ондай ұсыныс болып тұрған жоқ) қатарында болмағандықтан, оған нақтылы бір пайымды нүкте қояр пікір білдіргенім артықтау болар. Дегенмен өз ойымды жалпы айтып өткендігімді де ешкім сөкет көре қоймас. Мектепте өтетін, қазір қалыпты жағдайға айналған ҰБТ-ның төңірегінде де жыл сайын әйтеуір бір шулыған нәрсе болып жатады. Ал мынау оған қарағанда аса ауқымды сынақ. Бұл жерде «тақтаның алдында» шәкірт емес, өмірдің үлкен өткелімен өткен жеке жауапкершілігі бар, біреулерге нұсқау жасайтын, басшылық ететін байсалды қалыптағы азаматтар тұрғандығы белгілі. Бірақ, қазір кей жағдайда өзінің теріс бағасын алып жатқан «жағымсыз әрекеттерге» қарап, оны ой елегінен өткізер болсақ «жең ұшынан жалғасудың» жағымсыз әрекеттері мүлдем болмайды дегенге тағы да жүз пайыз сене алмайсың. Кейде «бір қарын майды бір құмалақ шірітедінің» кері келіп жатады. Көпшілік болғаннан кейін, әрі пенде деген атымыз бар, аяқтың оқыстан емес, «қу құлқынның» қамымен емес, теріс басылып кететін жағдайлары болатындығын да естен шығармауымыз керек. Десе де оны әр азаматтың азаматтық арының таразысының тезіне қалдырғанымыз абзал болар.
― Президент Жарлығына сәйкес құқық қорғау органдарының бүкіл жеке құрамын аттестаттаудан өткізуге 110 мыңнан астам қызметкер тартылмақ деп жоспарлануда. Бұл ауқымды іс, оның аясында атқарылар қаншама жұмыстар, жүзеге асырар жүгі ауыр міндеттер тұрғандығы белгілі, әрі бұл еліміздің тарихындағы тұңғыш рет қолға алынып отырған сынақ екендігін бәріміз де білеміз. Осындай кең ауқымды науқандық кезеңді өткізуге біздің ішкі тәжірбиеміз осалдық етпейді?
― Мен ілкі сәттен-ақ жоқ деген бір ауыз сөзбен жауап бергім келіп отыр. Себебі тарихта осыған дейін дәл осы саланы сынақтан өткізу көп елдерде жүзеге асырылған. Оның ортақ тәжірбиесі бар. Менімше, бізді де сол сараланған тәжірбиелер негізгі нысанаға алынуы тиіс. Өзіңіз білетін, сырттай болса да таныс осындай жағдайлардың бір қатарын атап өткеннің сіздің сауалыңызға орай артықтығы болмас. Шегарамыз шектесіп жатқан, жетпіс жылдан астам бір шаңырақтың астында, бір заңның аясында ғұмыр кешкен Ресей елінде осыдан екі жыл бұрын құқық қорғау жүйесінде терең реформалау жұмысы басталып та қойған. Ол негізінен «Полиция туралы» деп аталатын Федералдық заңның аясында іске асырылуда. Өткен жылдың ішінде екі айды қамтитын осындай кезектен тыс өткізілген аттестаттаудың қорытындысы бойынша Ресей Федерециясының ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің 22 пайызы аттестаттау қорытындысы бойынша 22 пайызы өздерінің атқарып жүрген жұмыстарына лайық емес деп танылды. Яғни, менің жеке пікірімше мұндай «үлкен тазалау» орыс елінде шынайы шындықпен өткендігін өзі-ақ дәлелдеп тұрған секілді. Осының нәтижесінде бұл мемлекетте кадрлық құрам қысқарғанмен, оның сапалы жағдайы анағұрлым жақсарды деп пайымдауға болады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің бір қатарында осы ресейлік тәжіриби қазіргі таңда қолға алынып жатқандығынан хабардармыз. Ұлыбритания елінде де 2010 жылы заң саласын оңтайландыру мақсатында бір жаңа заң қабылданды. Ол – «Әлеуметтік жауапкершілік және полицияны реформалау туралы» деп аталады. Оның қорытындысы Англиядағы полиция қызметкерлерінің жан-жақты сапалық құрамының көптеген елдерге қарағанда мейлінше жақсы деңгейде екендігін көрсетті. Онда қысқарғандардың пайыздық көрсеткіші 3,2-ні құрады. Мінекей, осындай тәжірбиелер біздің жас мемлекетіміздің сарапшылық жұмысында қатысты жүйелеріне байланысты негізге алынуы тиіс деп ойлаймын. Бұған қосымша өзінің жеке бір пікірімді де айта кеткенім орынсыз болмас. Біз қанша жас мемлекетпіз дегенмен, КСРО-ның құрамында болған 70 жылдан астам мерзімнің үйреткені аз болған жоқ. Қазіргі басшылық лауазымда отырған қызметкерлердің көпшілігі дерлік сол дәуірдің мектебінен өткен, сабағын алған, іскерлік тәжірибиесінің дәмін татқандар. Сондықтан оларға алдын ала болжам жасап, «осалдардың» қатарына қосқанымыз қиянат болар. Бәрін де сол жауапты кезеңнің қорытындысының түпкі нәтижиесіне қарап бағалайтын күн де алыс қалған жоқ. Соны күтейік…
― Кадр – бар мәселенің негізгі шешуші факторы. Қазіргі құқық қорғау органында ара-тұра болса да «ауыз орнына мұрнын көрсететіндердің» кездесіп қалатындығына ешкім шүбә келтірмейді. Сондайлардың барлығын және «қосақ арасында» «жатпағандықтан» «орақпен орылып» кеткендердің орнын толтыратын біздің ішкі резервіміз бар ма?
― Әрине жұмыстың жүйелі жүруі, қылмыстың ашылуы, азаматтардың құқының заң аясында қорғалуы – кадрлардың сауаттылығына, білгірлігіне, жауапкершілігіне, ал ең бастысы азаматтық биік тұлғасына байланысты. Осы қажеттіліктер мен қасиеттер бірін-бірі толықтырып тұрар болса, онда заңның бұзылуы, азаматтардың құқының аяққа тапталуы, сыбайлас жемқорлық деген секілді келеңсіздіктер көп орын алмаған болар еді. Өкінішке орай, біздің ішкі істер саласы осы талаптарды орындауға келгенде ақсап жатады. «Жаман кадр» бірден қалыптаспайды, ол ілгерілеу барысында мысқалдап болсын өзінің бойына жағымсыз қасиеттерді жинайды. Осыдан барып олар өзін қоғамның және адамдардың «жауы» етіп алады, сенімнен шығады, саланың атына кір келтіреді. Жаңағы сіздің «қорқынышыңыздың» бәріміз қорқа қоятындай жөні жоқ. Елімізде ондаған заңгер мамандығын беретін жоғарғы оқу орындары бар. Оған арнайы полиция, қауіпсіздік, кеден органдары саласы бойынша білім беретін орта арнаулы оқу орындарын қосыңыз. Жыл сайын жүздеген емес мыңдаған жаңа лек саланың қатарын жиырма жылдан бері толықтырып келеді. Бір қуантарлығы, туа бітті осы құқық саласына тек құмар емес, бейім тұратын жастар кадрлардың құрамын толықтыруда. Сондықтан да, «орақпен орылғандардың» орны олқы тартып, ойсырап қалмайды.
Қалтасында дипломы бар мамандарды қазір алыстан іздеудің қажеті жоқ, олар қазір қаланы қойғанда, ауылдың өзінде басқа кәсіппен жұмыс істеп жүр. Резервпен жұмыс істегенде, оларды да сынақтан өткізіп, елеп, екшеп барып қатарға тарту керек.
― Елімізде тәуелсіздікпен бірге «өсіп шыққан» кеден ісі саласының атына да аса жағымды емес әңгіме аз айтылмайды. Комитеттің жұмысына өзіңіз де араласып көрдіңіз. Оның бүгіні мен келешегі жайлы айтарыңыз бар ма?
― Құқық қорғаудың қызметкерлеріне қойылатын заң шеңберіндегі талап ортақ. Олардың да өзінің міндетіне орай атқарар жұмыстарының бағыт-бағдары бар. Тек бұл салада шегара аясында болғандықтан адалдық, Отанға деген ұят сезімін өздерінің ұстанар басты қағидасы етіп алғандығын ең дұрыс жол деп есептеймін.
― Қайреке, сұхбат барысында риясыз пікір, ашық әңгіме, адал пейілділік білдіргендігіңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сіз бен біздің атымыздан алдағы күндері сынақтың сындарлы «көпірінен өтетіндерге» сәттілік тілегеніміз дұрыс болар.
― Иә, мұныңызға мен де толығымен қосыламын. Өзіңізге де рахмет!
Сұхбаттасқан Талғат ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.