ҚАЗАҚ БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ ЕГЕР…
Тәуелсіздік алған заманнан бері ширек ғасыр уақыт өтті, осы уақыт аралығында қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне, яғни ғылым, техника, ресми құжаттама салаларында мемлекет және қоғамға қызмет көрсете алатын деңгейге көтеру мәселесінде көптеген жұмыстар атқарылды. Бірақ осы мәселедегі тартыншақтық, ынжықтық қатты көзге түседі. Әрине, үш жүз жыл бөтен мәдениеттің астына түсіп бодандықта болудың барлық салдары бар болғаны жиырма бес жылда ел жүрегінен, санасынан, дүниетанымынан, өмірден шығып кетеді деу қиындау.
Бірақ осы аргументті ескергеннің өзінде осы мәселеде, әсіресе терминдер ойлап тауып, іске қосатын сферада жұмыс істеуші азаматтардың ой–санасындағы үркектік, жайбасарлық, ретсіздік, қисынсыздық жанды ауыртады. Мысалы, двигатель сөзін қазақшаға аударуда біздікілер орыс тілінің қысқа арқанынан ұрсаң да босағысы келмейді. Двигать – қозғауы, яғни, двигательді қозғағыш, қозғатушы деп аудару керек деп екі-үш сөзбен ауқымды барынша тарылтады. Расында, аудару деген не? Заттың не құбылыстың не үшін, қай мақсатта пайдаланылатынын зерттеп, одан сол затты немесе құбылысты қазақ тілі нормаларымен қалай атаса, қазаққа түсінікті болады – міне, ой осы төңіректе өрбу керек. Осындай тәртіппен зерттеу жүрсе, онда әр затты немесе құбылысты қазақшаға аударуда мүмкіндіктер ауқымы күрт артады. Мысалы, мен ойланбай тұрып-ақ двигатель сөзіне «тарту» деген мағынада «тартқы» сөзін, двигатель үлкен жүкті өз күшімен сүйреп, жылжытады ғой деген мағынада «сүйреткі» деген сөз ұсынар едім. Басып айтар едім- оңды-солды бәрін қазақшаға аударудың тілімізге, ұлтымыздың дамуына үлкен зиян алып келеді деп. Рухымызда «құлдық комплекс» бар екенін паш етіп отырамыз. Мысалы «микро», «декор», «телефон», «мотор», «вирус» сияқты, Оңтүстік Африканың оңтүстік нүктесіндегі киім киюді білмейтін негрлерден бастап солтүстік Американың солтүстігі–Канаданың Квебегіндегі маңғаз ағылшын-француздарға дейін бірдей айтатын ортақ сөздерді аударып «масқара» болмасақ екен. Мысалы, микро ауданды мөлтекаудан деп шығайық тығырықтан. Ал енді сол сөзден шыққан микроб сөзін қайтеміз?
Егер осылай әсірешілдік, ақылсыздықпен кете барсақ, дүниеден изоляция болып, қазақ ұлтының рухы артта қалып, санасы мешеу боп қалатыны анық қой. Кардиологияны, стоматологияны аударған жұртқа ренжімей қарай алмайсыз. Біз дүниеден бөлек емеспіз. Осы төрткүл дүниеде Алла жаратқан ұлттардың біріміз, ешкімнен артық емес шығармыз, бірақ кем де емеспіз, құрамдас бөлгіміз. Бізді кетті деп, орыс «деньги» сөзін, «казан», «есаул», «хорунжий», «алтын» сөзін, және басқа да мыңдаған қазақтан алған сөзін өзгертіп жатқан жоқ қой. Айырма – оларда құлдық комплекс жоқ, бізде бар. Керек сөзді алуға ұялмау керек. Аударғанда еркін стильді пайдалану керек.
Әсіресе, фамилияны қазақшалауда қатты кешігіп жатырмыз. Ұлттың ұлт екенін, басқалардан бөлек, ерекше екенін көрсетіп, айшықтап тұруда фамилияның жөні бөлек. Мысалы, фамилиясы Григорян болса, ол азаматтың армян ұлтынан екені дүниеге белгілі. Ал Сванидзені ешкім қазақ немесе орыс дей алмайды. Ол тек қана грузин болуы мүмкін деп ойлаймыз. Олар, орыстың қол астында жүрген кезінің өзінде өз фамилия тәртібін сақтап қала алды. Біздер орыстан құтылып, азаттық алып, өз мемлекетімізді құрсақ та, оған жиырма бес жыл өтсе де, — бөтеннің фамилясымен жүрміз. Намысы бар адамға бұдан артық масқара, бұдан артық қорлық жоқ. Бүтіндей ұлт болып біз осы қорлыққа мақтанышпен шыдап жүрміз. Тек қана ілуде бір, ұлт арманымен, ұлт мүддесімен, «ұлттық намыспен» «ауырған» адамдар ғана орыстың фамилиядағы шыауынан өз білгенінше құтылып жатады – бірақ бұл істе ұлт болып шешкен бірізділік, ортақ, бірыңғай қалып, бірыңғай тәртіп жоқ. Біреу маңдайымызға «құл» деп печать қойып бергендей шылау — -ов пен евті алып тастап, ағылшын тәртібімен фамилиясын орыстың мәдени бұғауынан шығара салады. Біреу Асылжантегі дегендей, «тегі»–ні қосады. Біреулер тіпті «-келіні» деген қосымшаны да қосып жүр. Шынтуайтында, бұл үлкен де қиын тірлік болып есептелмейді. Бұл бар болғаны біздің еркімізге байланысты тірлік. Өз алдымызға ел болғымыз келе ме? Көптің бірі болмай, өз алдымызға Ту тігіп, ерекшеленгіміз келе ме? Маңдайымызға шыжғырып басқан «тавро», «таңба», «құлдық белгі» болып тұрған фамилиямыздағы «–ов» пен «–евтен» неге арылғымыз келмейді? Бізге өзі орыстардан азаттық алу керек пе еді? Қазақ болғымыз келіп пе еді? Қазақтың ұлттық ерекшеліктерін сағынып па едік, сол ерекшеліктерді Дүниенің Қазақстан деп аталатын бір бөлігінде өмір заңы етіп, бала шағамызды сол бөлікте тәрбиелегіміз келіп пе еді? Егер рас болса, неге күні бүгінге дейін заңдарымыз европа мен орыстың заңдарының копиясы? Неге мемлекеттік құрылысымыз бөтендікі? Неге тіліміз бен діліміз қорлықта? Неге тіпті фамилиямызды да қазақшалағымыз келмейді? Бүгіндер мүлдем қойыртпақ болды – аты-жөнімізді орыстың «ФИО» ретімен жазамыз. Сонымен, «-овты» алып тастағандар қырғын ыңғайсыздыққа ұшырайды. Себебі, «-овты» алып тастаған соң ағылшын тәртібіне автомат көшіп жатқан аты-жөн «ФИО» ретімен алдымен аты, кейін тегі жазылады. Бірінші сөз аты болып есептеледі. Бірақ орыстың «ФИО»- сымен жазылған соң, алдымен тегін жазамыз. Одан қалың жұрт қай сөздің аты, қай сөздің тегі екенін білмей әлек. Осыған қарап, біз өзі құл болудан шаршамаған екенбіз ау, онда осы азаттықтың аласапыранда байқамай алып қойғанбыз- ау деген көңілге тыныштық бермейді. Орыстың Иванова Нина дегені нені білдіреді? Бар болғаны Иванның Нинасы деген мағына. Юрьев день – Юрийдің күні. Иванов Петр – Иванның Петрі. Біз де жақсы ма, жаман ба бірыңғай тәртіп жасап, ұлттық ерекшелігімізді айшықтап тұрсақ, алдымен патриоттық сезім күшейер еді, азаматтық жауапкершілік артар еді. Мысалы, бүгінгі тегі деген қосымша, ұлы деген қосымша бар. Мен жақында әлеуметтік желіден мынадай ұсыныс оқып, көңіліме ұнап еді. Соны ұсынғалы отырмын. Ерлер өз тегіне «-ұл» деген қосымшаны қосады. Мысалы, Ерлан Садырұл, Бақыт Ахметжанұл, Арман Ералыұл. Ер затына фамилияны осылай таңдасақ, екпінді «-ұлға» емес, «-ұлдың» алдындағы буынға қойсақ, әдемі, сазды, рухты фамилиялар пайда болар еді. Сөйтсе білгіштер дереу «-ұл» емес, «- ұлы» деп жазу керек, бұл қазақ тілінің заңдарына сай келмейді, ертең бүкіл дүние бізге күледі — деп бас салыпты. Расында ешкімнің бізді сынауға хақысы жоқ, күлуге де. Біз өз алдымызға өмір сүріп жатырмыз, азатпыз, қалай шешсек, солай болады. Расында, ешкім бізді зерттеп, мына қазақтар мынадай шешім қабылдапты деп, күлмейді де. Себебі біз өзімізден басқа ешкімге қажет емеспіз.
Бізге мұндайды ойлатып тұрған – құлдық комплекс. Құдайға шүкір, жиырма бес жыл болды, бәрі дерлік өз қолымызда. Басқаларға бәріне рұқсат беріп, өзімізге келгенде түрлі далбасаны айтып, дамуымызды тежеп артқа тарту – патриотизм емес. Мысалы, орыстарда «предохранитель» деген сөз бар. «Предварительно охраняющий» – толық мағынасы. Неге толық жазбайсың, бұл дұрыс емес деп оларға кім айтып жатыр? Самовар деген сөз бар. «Сам варит» деген сөз. Бірақ қай қазақ немесе орыс самовар емес, «самварит» деп атаңдар деп жатыр? Орыстар бізсіз, біздің пікірімізді күтпей ақ әлгі затты «самовар» деп атауды шешті, біздер құп алдық, самаурын деп қабылдадық. Неге біз де солай шеше алмаймыз? Қыздардың фамилиясы туралы. Фамилия адам баласының әйел затына қатысты екенін білдіріп тұру керек. Әйтпесе, бүгінгі «Ә. Тұрдыбек» дегеннің ұл немесе қыз екенін кім және қалай ажыратып береді? Әйгерім Тұрдыбек пе, Әлихан Тұрдыбек пе? Егер осында «Ә. Тұрдыбектен» немесе «Ә. Тұрдыбекқыз», немесе «Ә. Тұрдыбекұл» деп тұрса, проблем болар ма еді? Әрине, жоқ. Мәселе ұл-қызды ажыратуда ғана емес. Бастысы — Сабырұлдар мен Арманұлдар, Мұхтарұлдар мен Байдуллаұлдардың, Ерханқыздар мен Садыққыздардың түрікмен, өзбек, қырғыз емес, Қазақ Заты екенін дүние жүзі біліп отыратын еді. Егер ұлттың қажеті жоқ, орысқа түгелімен берілген, ата-бабаның аңсаған «азаттығын» «далбаса» дейтін «мәңгүрт» болсақ, онда жай басқа. Егер Қазақ болғымыз келсе, осы мәселені бүкіл қазақтық дискуссияға салсақ деймін.
Мұхтар МҰХАМБЕТЖАН,
саясаткер.