ЕЛІМІЗДЕ МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕРЛЕРДЕ ОРЫН АЛАДЫ

166
0

«Бүгінгі күнге дейін мал ұрлығы орта санаттағы қылмыс болып есептелген. Енді елімізде мал ұрлығы ауыр санаттағы қылмысқа жатқызылады. Соған сәйкес мал ұрлығымен айналысқандар  7 жылдан бастап 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.  Төрт түлік  байлықтың белгісі емес, ол тірліктің белгісі. Күн көрістің көзі. Қазақ «дала малды асырайды, ал мал елді асырайды» деген. Сондықтан да малды ұрлау ауылдағы халықтың тірлігіне балта шабу болып тұр. Мал ұрлығы қазіргі таңда жүйелі кәсіпке айналған қылмыс болып кетті. Тіпті ондай қылмысқа қамқоршылық жасайтын мемлекеттік қызметшілердің де болуы ықтимал. Жоғарыда мал ұрлығымен құрықталғандарға  заң 7 жылдан 12 жылға бас бостандығынан айыруды көздеп отырғанын айттық. Егер айыпталушы кінәсін мойындап, жәбірленушіге залал көлемінің орнын толтырып, жасаған әрекетіне шынайы өкінетін болса тиісті орган осы мән-жайларды негізге ала отырып, оның жаза көлемін төмендетуге мүмкіндік туғызады».

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Қазақстан ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында мал ұрлығына қатысты көтерілген мәселеге осылай деп пікір білдірді.

Өз кезегінде ток-шоу жүргізушісі Нартай Аралбайұлы «Қазақстанда халықтың 42 пайызы ауылда шоғырланған. Ондағы халықтың көпшілігінің күні төрт түлікке қараған. Өкінішке орай, ауыл халқының қорадағы малы барымташылардың жеңіл асына айналып кеткені жасырын емес. Мәселен, өткен жылдың  11 айында елімізде мал ұрлығына қатысты 3400 дерек тіркелген. Тіркелген қылмыстар бойынша 1400-ден астам күдікті үсталған. 200-ден астам қылмыстық топ әшкере болған. Ал 2018 жылы 5636 мал ұрлығы тіркелген. Оның тек 43 пайызы ғана ашылған. Ашылмай жатқандары көп. Оған не себеп?» деген сұрақты ортаға салады.

Қадағалаушы орган өкілі Марат Ахметжанов алдағы уақытта тіркелген қылмыстардың ашылу көрсеткіші арта түсетінін нық сеніммен айта келе, «Ішкі істер органының негізгі көрсеткіші ауыр қылмыстарды ашу, тергеумен сараланады. Мал ұрлығы  ауыр қылмыс болған соң оған тәжірибесі толысқан тергеуші мен жедел уәкіл қосылады.  Іс бақылауға алынып, оны дер кезінде ашуға мамандар бар күшін салады»,-деді.

Сонымен қатар, бағдарламаға шақырылған ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітов осындай қылмыстардың ашылу көрсеткішінің төмен болуына адамдардың құқық қорғау органына  дер кезінде арызданбауы да кері әсерін тигізетінін айтты. Өз сөзінде ол «Орын алған қылмыстар кезінде адамдар малды өздері іздеумен айналысады. Арада үш, бес, жеті кейде тіпті, бір ай өткенде ғана келіп арыз түсіретін  фактілер болып жатады. Ол қиындықтарға соқтырады»,- деді.

Сондай-ақ, құзырлы орган өкілі мал ұрлығының 70 пайызы жайылым жерлерде жүзеге асатынын мәлімдеді.

uakit.kz