«Қайрат» – Еуропа чемпионы!

335
1

Қазақ спортшылары әлемді таңқалдыруды жалғастыруда. Қысқы спортта Деннис Тен мен Деннис Кузиннің тамаша жеңістерінен кейін «Астана арландары» боксшылары дүниежүзілік бокс сериясының ақтық сынына шықты. Ал, 28-сәуірде Алматының «Қайрат» футзал командасы УЕФА кубогінің иегері атанды! Иә, сіз қағыс естіген жоқсыз, Қазақстанның футзал клубы 50-ден астам мүшесі бар Еуропа құрлығының ең үздігі!

   Өткен аптада Грузияда футзалдан УЕФА кубогінің финалдық кезеңі өткені белгілі. «Кәрі құрлықтың» ең үздік төрт командасы бақ сынаған сында алматылықтар алдымен Испанияның «Барселонасын» 5:4 есебімен ұтты. Ал, финалда Ресейдің атақты «Динамосын» 4:3 есебімен жеңді. Ақтық сындағы тартысты бәсекеде қазақстандық клубтың Лео Сантана, Фумаса, Игито сынды бразилиялық легионерлері мергендік танытса, бір голды мәскеуліктердің қақпашысы Попов өз қақпасына өзі соғып алды. Осылайша, аса шиеленісті әрі тартысты кездесуде алматылықтар жеңіске жетті. Әлем жұртшылығы көз тіккен салтанатты шарада Еуропа футбол одағы қауымдастығының өкілдері «Қайрат» командасының капитаны, қазақтың қарадомалақ баласы Дінмұхаммед Сүлейменовке жеңімпаз кубогін тапсырды. Көк туды жамылып, «Қазақстан!», «Қайрат» деп ұрандаған отандық жанкүйерлер Тбилиси қаласын дүбірге бөлеп, сән-салтанат құрды. «Қайраттың» футзалдағы таңғажайып табысы еліміздегі волейбол, баскетбол, футбол, хоккей командаларына да жұғысты болғай!

Ғабит САПАРБЕКОВ.