«Жақсы көрші — төрің, Жаман көрші — көрің»

334
0

DSC00293

ОҚО  Прокурорының назарына!

Жаныңдағы көрші алыстағы ағайыннан артық болып кетеді. Мұны өмірдің өзі дәлелдеген. Туыс атадан берілсе, көрші Алладан жіберіледі. Ал, көршісі шақырғанда бір жеңін киіп, екінші жеңін кимей баратын қазақ қоңсысы үшін намазын бұзуға дейін барған. Сондықтан да қазақ қашан да көршімен татулыққа ерекше мән берген. Алайда, көрші туралы бүгінгі түсінік басқа. Лажы болса көршісін көрге тыққысы келетіндер көбейіп кеткен сыңайлы. Бұған редакцияға келген мына шағым дәлел.

Құндыз Исақованың отбасымен  бірге Шымкенттегі Дулати көшесі, 38/2 үйде тұрып келе жатқанына отыз жылдан асыпты. 2004 жылы олар өздеріне тиесілі жер учаскесі аумағынан жаңа үй салып, былтырға дейін тып-тыныш өмір сүріп жатады. Былтырға дейін дегеніміз тегін емес. Былтыр наурыз айында Құндыз апайдың жеріне көрші жерге, дәлірегі Желтоқсан және Дулати көшелерінің қиылысындағы үйдің орнынан жаңа бір ғимараттың құрылысы басталады. Құрылыс орнында алдымен тереңдігі алты метрдей  қазандық (котлован) қазылады. Қазандықты қазғанда да көршілердің шекарасына дейін тақап қазып тастайды.  Осының кесірінен Құндыз апайдың жерінің шекарасына салынған үйінің іргетасы мен қабырғалары сөгіліп, жарылып, сарайы мен моншасы қирайды. Қирағанда да сол қазандықтың ішіне құлайды ғой. Арғы шеттегі бір көршінің әжетханасы мен үйін қоршаған дуалы түгелімен қирап түседі. Атап өтерлігі, қазандық қазу барысында ауыр техникалар қолданылған. Құндыз апайдың қолында сол кезде түсірілген суреттер де, бейнежазба да бар.
Сөйтіп, жаңа көршінің кесірінен байырғы тұрғындар апатты жағдайға тап болады. Көршілерді табан астында абыржытып қойған  жаңа көрші Н.С.Ким деген азаматша болып шығады. Құндыз апайдың көршісімен араздығы осыдан басталыпты. Көршілер алдымен Ким ханымға қанша рет жай сөзбен айтады, болмаған соң тиісті орындарға жүгіреді. Құрылыс нормативтерін сақтамаған көршіге өздері тоқтам сала алмаған соң, тиісті орындардан көмек сұрайды.
ҚР  Құрылыс нормалары мен ереже-лерінің 3.01-01-2002* Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық мекендерді жайғасымдау және салу туралы нормативінің  2-бөлімі 2.12-тармағына сәйкес, тұрғын үй мен қоғамдық ғимарат, сонымен қатар өндірістік кәсіпорындардың ара қашықтығы күн сәулесінің және жарықтың түсуіне қарай, сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай есептелінуі тиіс екен. Мұнда биіктігі 2-3 қабатты тұрғын үй ғимараттарының ұзын  жақтарының арасынан кем дегенде 15 метр, ал 4 қабаттан биік болса ең кемі 20 метр, ал ғимараттардың ұзын жағы мен бүйірінде  терезесі бар тұрғын бөлмелер бар болса, екі үйдің арасынан ең кемі 10 метр жер қалдырылуы керектігі де көрсетілген. Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы С.Кенжалин былтыр 17 мамыр  күні апайға осындай нормативтің бар екенін көрсетіп, хат жіберіпті. Ал, ОҚО бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті басшысының міндетін атқарушының орынбасары Ә.Әбдіқадіров Құндыз Исақоваға ҚР Құрылыс нормалары мен ережелерінің 3.01-01-2008  нормативінің 7-тармағы 7.4-бөлігін негізге алып, «үй аралық шекарадан тұрғын үйге дейін 3 метр, ал шаруашылық құрылыс үшін 1 метр деп көрсетілген» деп жазыпты биыл 22 сәуір күні жіберген хатында. Бір мәселе бойынша екі маман екі түрлі жауап берген.
Көршілердің шағымданып жан-жаққа жүгіре бастағанын білген соң, оларды азапқа салып қойғаны үшін кешірім сұраудың орнына, Ким ханым да қарсы әрекетке көшіпті. Жердің нақты шекарасын анықтап беру үшін ол ОҚО еншілес мемлекеттік кәсіпорны жерге орналастыру ҒӨО Шымкент қалалық жер-кадастр филиалына  жүгінеді. Бұл мекемеден жерге  орналастырушы инженер И.Полатов келіп, жерді өлшеп, Құндыз Исақованың мұның жеріне 1,5 метр кіріп кеткенін анықтапты. Филиал басшысы А.Әбдіқұлов қол қойған 16.05.2012 күнгі №4874 хатта осылай көрсетілген. Ал, қазір осы шекараға кіріп кеткен 1,5 метр жерде Құндыз апайдың үйі, сарайы мен моншасы тұр. Осыны анықтап алған соң Ким ханым керісінше Құндыз апайдың өзін сотқа сүйрей бастайды. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты» дегендей, енді Құндыз апайдың басы дауға қалады.
Қарадай қарап, басы дауға шатылған Құндыз Исақова да жерінің шекарасын анықтату үшін «Геотон» ЖШС-ге топотүсірілім жасатады. Осыған сәйкес, керісінше, Кимнің өзі бұлардың жеріне екі метрдей кіріп кеткен болып шығады. Құндыз апай кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін анықтату үшін бұдан бөлек «ЖерҒОО» РМК ОҚО филиалының Шымкент қалалық бөлімшесіне де сұрау салады, былтырғы 24 қазан күні берілген хатта Дулати көшесі, 38/2 үйдің жерінің өз орнында орналасқандығы көрсетілген. Мұны жерге орналастырушы инженер Р.Бекмұратов жүргізеді. Жер телімі біреу, ал жерге орналастырушы екі инженер екі түрлі анықтаған. Міне, осындай дүниелер дауды одан әрі өршітіп жіберген.
Бұл жер телімі тұрғын үйімен қоса Құндыз апайға 1983 жылы берілген екен. «Жер телімі сол кезде қоршалған және содан беріде оны орнынан қозғалтқан емеспіз» дейді апайдың өзі. 1990 жылы Дзержинский аудандық халық депутаттары кеңесінің шешімімен осы жер теліміне салынған үй апайдың атына бекітіліп беріліпті. Құжаттары түгел.
Бір қызығы, бұл Ким ханымның жерінің шекарасын анықтау үшін жасатқан алғашқы әрекеті емес екен. Мәселен, 2010 жылдың 26 желтоқсанында ол Шымкент қаласының Жер қатынастары бөліміне өзі сатып алған үйдің аумағын анықтау үшін сұрау салады, аталмыш бөлім берген хатта схема және геобазаға сәйкес бұл жердің өз орнында тұрғаны айтылған.
Дауды шешу үшін апай ОҚО бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментіне (ГАСК) де жүгінеді. Департамент мамандары Желтоқсан және Дулати көшлерінің қиылысынан Ким ханым салып жатқан  «Кеңсе, дәмхана, мейрамхана және ойын-сауық кешенінің» құрылысының заңдылығын тексереді. Бұл жерде не болып жатқанын тіпті аталмыш департамент басшысы Қ.Жамашевтің өзі де келіп көріпті. Сөйтіп, департамент маманы норматив талаптары бұзылғанын анықтайды және акт түзіп, қаулы шығарады. ОҚО бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің 12.06.2012 жылғы №219 қаулысына сәйкес Кимнің ойын-сауық кешенінің құрылысын  жүргізіп жатқан «Югстройпроект» ЖШС-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалып, 100 АЕК айыппұл салынады. Аталмыш мекеменің директоры В.Д.Беспаловаға 30 АЕК (№220 қаулы)мөлшерде айыппұл салынады. Ал, мердігер және жеке кәсіпкер Хан Геннадийге 50 АЕК (№221 қаулы) мөлшерінде айыппұл салынып, лицензиясының күші екі айға тоқтатылады. Бұл туралы департаменттің Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Н.Архабаевқа және зардап шегуші көршілерге  жіберілген 22.06.2012  жылғы №4947/01 санды хатында анық  көрсетілген.
Іс насырға шауып кеткен соң Ким ханым «СымбатСтройПроект» ЖШС-ге тапсырыс беріп, Дулати көшесі, 38/2 үйдің тұрғын жайы мен қосалқы шаруашылық нысандарына (Құндыз Исақованың үйі) және Желтоқсан көшесі, 59 үйдің қоршауы мен құрылысына қаншалықты зақым келгенін анықтау үшін техникалық тексерту жасатады. Аталмыш мекеме сараптамадан соң Ким ханымға жоба жасап, «Қазандық түбінен тұрғын үйдің іргетасына дейінгі ортаны нығыздап толтырып беруді (тромбовка), көрсетілген жобаға сәйкес тұрғын үйдің қабырғасына (Құндыз апайдың үйіне. Ред.) швеллерлі (металл бағана) тығын орнату» туралы қорытынды жасайды. Сондай-ақ, қорытындыда тығын орнатылған қабырға мен құрылыс нысаны арасындағы қуыстарды қол жұмысымен нығыздап толтыру, жобаға сәйкес тұрғын үйді қайта қалпына келтіру керек делінген. Өз үйіне мұндай сараптаманы  Құндыз апай да «Конструктор-80» ЖШС-ге жасатады. Үйдің күнгей жағындағы (Ким ханымның құрылысы жүріп жатқан жақ. Ред.) іргетастың, қабырғасының жарылғанын мұндағы мамандар да растайды. Сөйтіп, Құндыз Исақова «Сараптық-консультациялық бағалау кәсіпорны» ЖШС-ге жүгініп, келген шығынның бағасын анықтатады. Қираған сарай мен монша 271 мың теңгені, ал, тұрғын үйге келген зақым 1 165 000 теңгені құрайды. Осы арада Ким ханым былтыр 9 тамыз күні Құндыз Исақоваға қолхат беріп, 15 қыркүйекке дейін моншасы мен сарайын қалпына келтіріп беретінін жазған. Және сөзінде тұрып, монша мен сарай тұрғызып береді. Алайда, тұрғын үйдің жайына келгенде үнсіз қалады. Көп ұзамай сараптама орталықтарының қорытындысына сәйкес үйдің түбіне топырақ үйеді де, оны талапқа сәйкес нығыздамай қоя салады.
Бұдан кейін Ким ханымның құқын «Демеу» тұтынушылар құқын қорғау ҚМ қорғауға кіріседі. Сотқа шағым тастап, Құндыз апайдың қосалқы шаруашылықтарының бұзылуын, жауапкерден 250 мың теңге өндіріп беруін талап етеді. Істі қараған әл-Фараби аудандық сотының судьясы талапкердің арызын қараусыз қалдыру туралы шешім қабылдайды. Тұрғын үйдің қабырғасы күн санап сөгіліп, қауіп төне бастаған соң Құндыз апай да Кимнен үйін қалпына келтіріп беруді талап етіп, сотқа жүгінеді. Алайда, сотта жауапкер Құндыз апайдың үйін апатты жағдайға жеткізген өзі емес, зілзала деп кінәсін мойындамайды. Тіпті тиісті орындардан осындай анықтама да ұсынады.
Не керек, содан бері екі көрші әлі ымыраға келе алмай жүр. Қазірше осы жер дауына нүкте қойылар түрі жоқ. Ким бастапқы үш қабаттық жобасын өзгертіп, енін кішірейткенмен, бір қабат қосып, төрт қабаттық ғимаратты көтеріп тастады. Ал, Құндыз апайдың сараптама орталықтарының талабын орындап, үйін қалпына келтіріп бергенше құрылысты тоқтату туралы талабына құлақ асқан жан жоқ. Қазір үйінің іргетасы  шыдас бермей, үй қабырғасы бұрынғыдан бетер жарылып, қауіпті жағдайға түскен.
«Жақсы көршің — төрің, жаман көрші — көрің» дегенді біз ойлап тапқан жоқпыз, бабаларымыз айтып кеткен. Құндыз апайымыздың көршісінің қандай екенінде, әрине, шаруамыз жоқ. Тек мұндай мәселеде әділдік салтанат құрса деген тілек қана біздікі.

Г.БАТЫРБЕКҚЫЗЫ