ҚР Президенті Н.Назарбаевқа Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы, «Қайнар» шаруа қожалығының басқарушысы Қ.Маймақовтан АШЫҚ ХАТ

«Қайнар» шаруа қожалығы Сіздің жеке кәсіпкерлікті дамыту жайлы экономикалық саясатыңызды қолдап ОҚО, Түлкібас ауданы, Келте Машат ауыл округінде өз қаражатымызға (150 млн. теңге көлемінде) 2015 жылы қазан айына дейін 3 мал қора мен малшы үйін тұрғыздық. Бүгінгі таңда 100 жылқы, 310 ірі қара өсіріп, күніне 500 литр сүт өткізіп 10 адамға жұмыс орнын ашып, аяғымыздан енді қаз тұрып, біршама тірлік жасап келеміз. Биыл 30 тонна ет өткіздік.

Келесі жылы мал санын көбейтіп, мал бордақылау көлемін ұлғайтып, тағы 10 адамға жұмыс орнын аша отырып, алдағы жылға әр күнге 2 тонна сүт, жылына 100 тонна ет өткізуді жоспарлап отырмыз.
«Қайнар» шаруа қожалығы өзінің жеке меншік жерінде, өз қаражатымен, ешкімге кедергі жасамай сапалы евростандартпен мал қора салса да, ОҚО мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қ.Жамашев бізді қудалап, әкімшілік айыппұл салу жолымен бізді қорқытып отыр. Оның мұндағы мақсаты Елбасымыздың бағдарламасына қарсы шығу ма, әлде басқа көздегені бар ма? Ол өзіне болмаса, өзгеге түсініксіз.

Қ.Жамашевтың заңсыз әрекеттері жайлы мен бұрынғы облыс әкімі Б.Атамқұлов мырзаға, ОҚО кәсіпкерлер палатасына, Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық прокуратурасына арыздандым. Алайда олардан ешқандай да жауап ала алмадым.
Қ.Жамашев өзінің қызметкері Н.Тастанбековты Келте Машат ауыл округінде орналасқан біздің жаңадан соққан мал қорамызға бармай, сырттай жалған құжаттар толтыруға мәжбүрлеп үш қорамыздың әр қайсысына 50 АЕК-тен, сырттай барлығы-318150 теңге айыппұл салды. Қ.Жамашевтың 29.08.2016 жылғы бізді 08.09.2016 жылға шақыру қағазын өзіміз тек 18 қыркйүек 2016 жылы алдық. Себебі олар хатты біздің атымызға 07.09.2016 жылы ғана жолдаған.
21.09.2016 жылы «Қайнар» шаруа қожалығы қызметкерлері жиналыс өткізіп, 2016 жылдың 01 қаңтарынан бастап мал қора құрылысын ешкім тексеріп келмегендігі жайлы хаттама да түздік. Қораларды тексеру жайлы актіге қол қойған куәгер (понятой) М.Ахметов мал қораға бармағандықтарын көрсетті. Аудио жазуы бар. Ал Н. Тастанбеков мырза сотта «мал қора сырты сыланған, шатыры черепица» деп жауап беріпті. Бірақ мал қора шлакоблоктан салынған, сыланбаған, төбесі профнастил.
Біз қорғаушы жалдап Қ.Жамашевтың 3 қаулысына талап арызбен Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына шағымдандық. Судья М.Оңласов біздің арызымызды 26.10.2016 жылы өндірісіне қабылдап, бізді шақырмай, істерді қарау кестесіне енгізбей 5 күн ішінде, яғни 01 қараша 2016 жылы Қ.Жамашевтың қызметкерлерінің қатысуында қарап, біздің арызымызды қанағаттандырусыз қалдырды.
Әкімшілік сотының сырттай қараған заңсыз қаулысын бұзу үшін еліміздің Бас прокурорына өтініш хат жолдадық.

Судья М.И.Оңласовтың іс қарау тәртібін бұзғандығы жайлы ҚР Жоғарғы соты төрағасына жеке арыздандық. Жоғарғы Соттан әділдік күтеміз.
26.10.2016 жылы бір топ кәсіпкерлер ОҚО кәсіпкерлер палатасында Қ.Жамашевтың заңсыз әрекеттері жайлы брифинг те өткіздік. ҚР Бас прокуроры Ж.Асанов мырзаның «облыс прокурорының жеке рұқсатынсыз бір де бір жеке кәсіпкер заңсыз тексерілмесін» деген нұсқауына да Қ.Жамашев мырза пысқырып та қарамайтын секілді.

Қ.Жамашев пен оның қызметкері Н.Архабаевтың бізге сырттай айып салуы, соттың да бізді шақырмай сырттай қаулы шығаруы бізге түсініксіз
ОҚО МСҚББ-ы басшысы Қ.Жамашевтың қорқытуымен ұштасқан заңсыз қудалауына тосқауыл жасау үшін еліміздің Ұлт Көшбасшысы, Ата-Заң–Конституциямыздың қорғаны Сізге ашық хат жолдауға мәжбүр болып отырмыз.

Ашық хатқа мына құжаттар қоса тіркілді:
1. Қ.Жамашевтың хатының көшірмесі.
2. 07.09.2016 жылғы почта түбіртегі.
3. Қайнар шаруа қожалығының тексеру жайлы хаттамасы.
4. ОҚО әкімшілігіне арыз қабылданғандығы жайлы талон.
5. Облыстық кәсіпкерлер палатасына жазылған арыз көшірмесі.
6. Әкімшілік сотына шағым көшірмесі.
7. Әкімшілік сотының судьясы М.Оңласовтың сот істерін қарау кестесі.
8. Жоғарғы сот төрағасына арыз көшірмесі, почта түбіртегі.
9. Қораның фотосуреті.

Қадырбек МАЙМАҚОВ,
«Қайнар» шаруа қожалығының басқарушысы.

ПІКІР ЖАЗУ