МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ – ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КЕПІЛІ

342
0

Бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Роза Жәукімова медициналық сақтандыруды енгізу мәселелерін түсіндіру жұмыстары туралы баспасөз жиынын өткізді. Онда басшы орынбасары Қазақстанның барлық өңірлерінде республиканың медициналық қызметкерлері арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (әрі қарай — МӘМС) жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндіру бойынша кең көлемді акция басталғанын еске салды.
Медициналық қызметкерлермен кездесу – ҚР ДСӘДМ-нің биыл өткізетін кең көлемді ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының алғашқы кезеңі болмақ. Әрі қарай МӘМС жүйесінің қағидалары, медициналық сақтандыруды енгізу кезеңдері мен оның ұтымды жақтары туралы тұрғындар мен жұмыс берушілерге түсіндіретін болады.
«Мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Ал жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады. Десе де, мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (әрі қарай — ТМККК) әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді», — деді Роза Түзелбайқызы.
Р.Жәукімова азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетінін ескертті. Сонымен бірге, МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетінін де атап өтті.
Айта кету керек, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісім шарт негізіне жүзеге асырылады.
Сарапшылардың болжамы бойынша, МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсетіні, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғары санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. МӘМС адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі