Қаржы полицейлері – қырағылық сапында

480
0

Базарбай Айтбаев

Маусымның алтысы – Қаржы полицейлерінің кәсіби төл мерекесі. Осыдан 18 жыл бұрын Президент Жарлығымен құрылған қаржы полициясы содан бергі уақытта еліміздегі сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмысқа қарсы аяусыз күрес жүргізіп келеді. Талай көлеңкелі қылмыстың бетін ашып, лауазымдық қызметтеріне қарамастан парақор шенеуніктерді әшкереледі. Мемлекеттің байлығын көздің қарашығындай сақтауда сала қызметкерлеріне жүктелер жүк салмақты әрі жауапты екені даусыз.

Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) 2012 жылдың тек бірінші тоқсанында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 245 фактіні анықтап, мемлекеттің 463 миллион теңге қаржысының талан-таражға түсуіне жол бермеді. Департамент басшысы болып Серікбай Ерімбетов келгелі сала қызметкерлері жұмысты ширатып, мемлекет қаржысына қол сұғушыларға аяусыз соққы беруді бастаған-ды. Сондықтан болар, қаржы полицейлері өздерінің биылғы кәсіби мерекелеріне үлкен дайындықпен ғана емес, толағай табыстарымен де келіп отырғанын аңғардық. Мұны салтанатты жиында ОҚО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, 3-ші  сыныпты дәрежедегі заңгер Серікбай Ерімбетов жан-жақты атап өтіп, департамент қызметкерлерін мерекелерімен қызу құттықтады және ерен еңбектері үшін Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.  Алғаш болып ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Р.Түсіпбековтың бұйрығы оқылды. Онда ОҚО ЭҚЖСЖҚКД-нің сыбайлас жемқорлық қылмыстың алдын алу, ашу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы, қаржы полициясының подполковнигі Базарбай Айтбаевты ІІІ дәрежелі «Ерен еңбегі» медалімен марапаттау жөнінде екен. Енді Базарбай Айтбаев жөнінде қысқаша мәлімет бере кетейік.
Базарбай Мамадиярұлы 1968 жылы ОҚО, Сайрам ауданы, Мәдени ауылында туылған. Мектепті үздік аттестатпен, жоғары милиция қызметкерлерін даярлайтын мектепті қызыл дипломмен аяқтаған ол алғашқы еңбек жолын ішкі істер саласында бастады. Өзінің қызметтік міндетін жетік білетін жас маман тез арада көзге түсті, жоғары басшылық тарапынан оның білімі мен біліктілігіне лайықты баға беріліп жатты. Қаржы полициясы құрылған алғашқы жылдардан бастап осы салада абыройлы еңбек етуде.  Шені қаржы полициясының подполковнигі дәрежесіне дейін көтерілген Базарбай Айтбаев Ақсу аймақаралық қаржы полициясы бастығының орынбасары болып тұрған тұста сыбайласқан ондаған ірі қылмыстық топтарды құрықтады. Қызмет бабымен Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Сарыағаш аудандарында еңбек еткен жылдары Базарбай Айтбаевтың тікелей басқаруымен қаншама сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикалық қылмыстың жолы кесілді. Еселі еңбегіне алған лайықты бағасы сол болар, департаментке қызметке шақырғанда оған зор сенім артылуымен қатар, оның тәжірбиесіне де сүйенді. Бұл жауапкершілік пен өзіне білдірілген сенімді Базарбай Айтбаев жете түсінді әрі үдеден шыға білді. Соның дәлеліндей, осынау салтанатты жиында кеудесіне жоғары награданы тағуы да тектен-тек емес. Бұл — оған берілген лайықты баға, көрсетілген құрмет.
ОҚО әкімінің міндетін атқарушы Берік Оспанов, облыстың прокуроры Берік Құлтасов, «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Мелдеханов қаржы полицейлерін мерекелерімен құттықтай келе, өз қызметтеріне адалдық танытып, абыройлы еңбек етіп жүрген қызметкерлерді марапаттап, алдағы еңбектеріне табыстар тіледі. Салтанатты жиынның соңы өнер иелерінің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.
«Уақыт» газетінің оқырмандары атынан қаржы полициясы қызметкерлерін біз де мерекелерімен құттықтап, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілейміз.

Е. ТҰРАПБЕКҰЛЫ.