Қайынатасын қанға бөктірген бұрынғы күйеубала 14 жылға сотталды.

461
0

Бахадыр Саймасаев Төлеби ауданының тумасы. Жасы 41-де. Әйелі С. Саймасаевамен 2011 жылы заңды тұрғыда ажырасқан. 3 қыз, 2 ұл әкелерімен емес, аналарымен болуды қалап,барлығы Бәйдібек ауданында тұратын С. Саймасаеваның ата-анасының үйінде тұрып жатады. Жалғыз өзі жын ұрған адамдай еліріп, елезіген Бахадыр биылғы жылдың ақпан айында қолына қосауыз мылтық ұстап, балаларын алып кетпекке түнгі сағат 2-ге таяу уақытта Бәйдібек ауданына көлік жалдап жетеді.

Бұл кезде бұрынғы әйелі  С. Саймасаева өзінің асырауындағы баларымен бірге әкесі Ұласбек Егеновтің меншігіндегі шағын үйде ұйықтап жатқан болатын.Есіктің ілулі екенін білген Бахадыр бұзып кіріп, шырт ұйқыда жатқан балаларын мылтықпен түртіп оятып, шапшаң киінулерін ескертеді. Бұрын да әкелерінен өлердей қорқатын ұл-қыздары бұл жолы суық қарумен келген әкелерінің түрінен де, ниетінен де қатты қорқады. Осы арлықта үлкен қызы Алтынай ұялы телефон арқылы атасын шақырған. Арада шамалы уақыт өткенде үйге енген қайынатасы Ұласбектің. «Ей, бұл жерде неге жүрсін?» деп, Бахадырге ұмтылғанда бұрынғы күйеу бала алдын ала қолындағы оқтаулы мылтықпен қайынатасының қақ жүрегін көздеп, шүріппені  басып салады. Не болғанын жөнді түсіне алмаған күйі құлаған Ұласбек Егенов оқиға орнында көз жұмды. Аталарының көз алдарында қанға бөгіп, қайтыс болғанынан сұмдық қорыққан кәмелеттік жасқа толмаған балалардың үрейінде шек жоқ еді. Ал бұл кезде қолын қанға малыған Бахадыр келген көлігімен кері қайтқан.
Жуырда осы қылмыстық істі қараған ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бахадыр Саймасаевты ҚР ҚК-нің 251-бабының 1-бөлігімен, 96-бабының 2- бөлігінің «д» тармағымен және 145- бабының 2- бөлімімен кінәлі деп тауып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.  Жазасын түзеу колониясының қатаң режимінде өтейтін болады.

Райымхан ЗАППАРОВ,
ОҚО қылмыстық істер
жөніндегі мамандырылған
ауданаралық сотының
төрағасы.