КЕДЕН БЕКЕТТЕРІНДЕ КӨЛЕҢКЕЛІ ТАБЫСТЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында заңсыз сауданың жолы кесілді. Нәтижесінде 1 ай көлемінде 64 миллион теңгенің заңсыз тауары тәркіленді. Аталған жәйт бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалған.

Бұл туралы облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдейді.

Көлеңкелі табыс таппақшы болғандардың жолына сала мамандары қалай бөгет жасады?

Кезекті тексеру шарасы кезінде   мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері «Сарыағаш» стансасында магистралды теміржол вагонынан жеңіл автокөліктерге арналған 954 дана шинаны анықтаған. Олардың нарықтағы жалпы құны 34 млн. теңгеден астам қаржыны  құрайды. Бірақ өтімді өнімнің кедендік құжаттары болмаған.

Дәл осындай жолмен  ведомство қызметкерлері 30 млн. теңгенің тауарын кеден бекеттерінен алып өту әрекетінің жолын кескен. Бұл жолы вагонға тиелген 12,5 мың тонна халықтық тұтыну тауарлары тәркіленген. Атап айтқанда, жүк автокөліктеріне арналған 40 шина, 220 дана электронды сорғы, 40 резеңке камера, тігін машиналарына арналған 36 дана электронды моторлар, 10 975 дана жарықтандырғыш құрылғы және 47 400 дана тоқыма бұйымдар болған.

Тауарларын декларациядан өткізбеген кәсіпкерлер ісі бойынша жиналған материалдар қылмыстық іс қозғау үшін Түркістан облысының Экономикалық тергеу департаментіне өткізілгенін айта кетейік.

Сонымен қатар салықшылар «Қапланбек» кеден бекетінде де бірқатар заңбұзушылықтың жолын кесті. Атап айтқанда Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасының аумағына 6 тоннадан астам өнімді заңсыз алып өтпек болған бірнеше әрекетті әшкере етті.

Яғни, анықталған азаматтар кеден бекетінен өту кезінде өздерінің жүк көліктерін бос деп көрсеткен. Алайда кедендік тексеру кезінде ведомство қызметкерлері ауыр жүк көліктерінен рәсімдеуден өтпеген азық-түлік пен әртүрлі заттарды тапқан.
Атап айтқанда,  137 қорапқа қапталған 2710 келі құрт, 10 қапқа салынған 300 келі көк шай және 16 қап балалар мен әйелдер және ерлер киімдері болған. Сондай-ақ, кейіннен тағы бір ел тұрғыны Өзбекстаннан Қазақстанға салмағы 2055 келі 137 қорап құрт пен 250 келі көк шай тәрізді рәсімделмеген тауарларды алып өтпек болған. Алайда оның бұл әрекеті сәтсіз аяқталған.

Және де мамыр айының ортасында Қазақстан азаматтары көрші республикадан 608 келі кәуап таяқшаларын заңсыз алып шықпақ болған. Бұл Тауар кедендік рәсімдеуден өтпеген, сондықтан шекарадан өту кезінде тәркіленген.

Сонымен қатар, тағы бір дерек, бос деп көрсетілген жүк көліктерінің бірінен МКД қызметкерлері 62,7 келі киім тапты. Бұл жүк те шекарадан заңсыз өту кезінде ұсталды. Шекара арқылы тауарларды заңсыз алып өту деректері бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кедендік шекара арқылы тауарларды заңсыз алып өткені және ел экономикасының ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіргені үшін жауапкершілік бар екендігін ескертеді.
Соңғы кездері кеден бекеттеріндегі заңсыздықтар ашық айтылып келеді. Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың ақпан айында Түркістан облыстық прокуратурасы Сарыағаш қаласында өткізілген Үйлестіру кеңесінде кеден бекеттерінде өтіп жатқан жүк көліктерінің сапасыз тексерілетінін сын тезіне алған болатын. Өз кезегінде қадағалаушы орган өкілдері Өзбекстаннан қиыршық тас алып өтетін жүргізушілер Қазақстаннан жүк көліктеріне  қайта жабдықталған бактары арқылы 1000-1500 литрге дейінгі жанар-жағармай  құйып  алып, пайда тауып жүргенін мәлімдеген.

uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ