Латын қарпіне өтуге дайынбыз ба?

310
0

Қазақстанның латын қарпіне көшу мәселесі егемендік алғалы ауық-ауық көтеріліп келеді.  Бұрынғы Түркі тектес Өзбекстан, Әзербайжан республикалары латын қарпіне өткенде, біздегілер елеңдесіп қалғандары рас. Латынға бір күнде өте алмайтынымыз тағы белгілі. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2050» Стратегиялық бағдарламасында Қазақстан латын қарпіне 2025 жылы өту керектігін жарияланғалы бұл мәселе қоғамда қызу талқылана бастады. Қазақ ұлты мен тілінің жанашыры М.Шаханов бастаған қазақ зиялы қауымы «Латын әліпбиіне көшуге қарсымыз» деп Үндеу жазып, үкіметке жолдады. Президентіміз Н.Назарбаевтың латын  әліпбиіне өту керектігін қолдаушылар саны  да аз емес екені байқалады. Қолдаушылардың өзі латынға өту мерзіміне келгенде бірнеше топқа бөлінуде. Латынға «өтпейміз», «өтеміз» дейтіндердің де өз дәлелдері, пікірлері бар. Қолдайтын, қолдамайтындарды кінәлауға болмайды. Әркімнің пікір айтуға құқы бар.

Түбінде бір ортақ пікірге келетінімізге сенеміз. Демократия мәдениетінің бір белгісі, басқаның да пікір айтуға құқы бар екенін құрметтеу. Түпкі нәтижеде нақты, дәлелді пікірлердің жиынтығы болып есептелетінін ұмытпайық. Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы қоғамдық бірлестігі  ұлтымыздың белгілі, зиялы, көзі ашық  азаматтарымен  Шымкентте латын әліпбиіне өтуге қатысты пікір-сайыс клубының отырысын өткізді. ОҚО қазақ ұлтының ұйыған ортасы болғандықтан, латын әліпбиіне өтуді  талқылап, пікір қоспауға тағы болмайды. Отырыста мәселе латын қарпіне өту, өтпеу туралы қаулы, шешім қабылдау емес, азаматтардың пікірін ортаға салып, болашақ бағдарымызды жобалау.
Отырысқа облысымыздың белгілі ақын-жазушылары, ғылым доқторы мен кандидаттары, үкіметтік емес ұйым мен партия мүшелері қатысты. Олар не дейді, тыңдап көрелік!
Шаруа Пірмат, ОҚО «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:
— Мен латын қарпіне өтуді қолдаймын. Оның бір себебі, Ресей ықпалынан шығу мүмкіндігі туады. Ресейдің рухани, эволюциялық жетістігінен қашу емес. Пушкин, Лермонтов, Чехов т.б белгілі  ақын-жазушыларының рухани еңбектерін пайдаланып, оқуымыз керек. Латын қарпіне өту- әлемдегі түрік халықтарын жақындастырады. Латынға өтуді 2025 жылға дейін созбай, ертерек өтсек те болады. Өзбекстан 1993 жылы латын қарпіне өткенде, облысымыздағы өзбек мектептерін латын қарпінде оқыту үшін, екі мұғалімді Өзбекстанға жібердік. Сол екі мұғалім семинар өткізіп, барлық мұғалімдерді латын қарпінде оқытуды аз уақытта үйретті. Тек жоғарыдан ынта, нұсқау болса, өту қиын емес.
Бекман Ысқақ, филология ғылымының кандидаты:
— Қазақ ұлты төрт альфавитті басынан кешірді. Орхан-енисей жазуынан кейін араб алфавитіне көштік. А.Байтұрсынов 1912 жылы араб алфавитін оңайлатып, төте жазуды үйретті. 1929 жылы латын қарпіне өттік. Орта Азия республикаларын 1940 жылдары қайтадан кириллицаға өткізді. Латын қарпіне өткенде не ұтамыз? Иран, Қытайдағы қазақтарымыз араб қарпінде оқиды. Латынға өтсек, шетелдегі қазақтарымыз бар, бәріміздің басымыз бірігеді. әлемдегі түркі халқы беделге ие болады. Латын қарпі ғылымның тілі, өту барысында қиналмаймыз. Қысқасы, Кеңестік идеологиядан құтыламыз. Өтетін болған соң, ұзатпай өткеніміз дұрыс.
Есенәлі Омар, философия ғылымының докторы:
— Латын қарпіне көшу – халқымыздың рухани- мәдениетінің дамуына көшу, әлемдік техниканы меңгеру. Халық екіге бөлінеді деп қорықпау керек. Қазақты көгертпей жүрген кім? Қазақтың өзі. Қорқытып, қорқып жүргендер өзінің қамын ойлайтын,  ат төбеліндей биліктегілер. Сылтау іздеп, әртүрлі астар іздеп, неге жеттік? Әлемде 34 түркі тілді ел бар. Бәріміз жақындасамыз. Сананы өзгертетін де таңба. Ол қаріп!
Момбек Әбдәкімұлы, жазушы:
— Латын қарпіне көшуге әлі нақты жоспар, бағдарлама құра алмай келеміз. Әзір латынға өту қазақ тілін құрту. Әзірге дейінгі жиналған қазақтың мол рухани дүниелерінен айырылу. Латын қарпіне өткен соң әзіргі кітаптарды кім аударады, кім оқиды? Қазақстанның 70 пайызы қазақша сөйлемейтін, жазбайтындар. Олар кім болады? Көшкесін 1992 жылы латынға бірден өтуіміз керек еді. Мен де қарсы емеспін, бірақ кемінде 20-30 жылсыз өтуге болмайды.
Пернеев Ерназар:
— Менің ойымша, келер жылы латынға өту керек. Неге 2025 жылға дейін созамыз?  Бірақ, бөле-жармай, барлық ұлт латын қарпінде оқу керек. Қазір барлық тұтыну заттары, коммунальдық төлемдер қымбаттауда. Осыған байланысты, билік латын қарпіне өтуді қозғап, халықтың назарын басқа жақка аудару болуы да мүмкін. Әлеуметтік жағдаймыз түзелсе, латын қарпіне өту қиын мәселе емес.
Рауан Нармаханқызы,Филология ғылымының кандидаты:
— Бізде латын қарпіне өтуге дайындық жоқ емес, бар. Президентіміз Н.Назарбаев 2006жылы Ұлттық Ассамблеяның алтыншы сьезінде латын қарпіне көшу туралы айтқан. А.Байтұрсынов атындағы институтта латын қарпіне өтудің бес нұсқасы дайындалған болатын. Әлемнің 80 пайызы латын қарпін қолданады. Ол дегеніңіз, әлемдік қатынас тілі. Түбі бір түркі халықтарының мәдени-рухани  дүниелерін жақындастыру. Қазақ латын қарпінен 1941 жылы 20 күнде кирилицаға өтті. Екіге жарылмауымыз керек. Мұндағы кейбір пікір білдірушілер әзіргі кітаптар аударылмай қалатынын айтуда. Аударылады. Баласұғани, Қожа-Ахмет Иассауидың т.б орхан-енисей қарпінде жазылған кітаптарын аударып, оқып жүрміз ғой. Кейін де ұлтымыздың құнды кітаптары, дүниелері аударылады.  Оқу жүйелерін дайындап, тезірек көшуге әрекет жасау керек. Уақыт алтын.
Ботабекова Айшат, №90 мектеп мұғалімі:
— Пікірлеріңізге қарағанда, бәріңіз латын қарпіне көшуге қарсы емессіздер. Айта бергеннен алға жылжымаймыз. Осылай бас қосып, латын қарпіне өтетін уақытты белгілеуге болады. Біздер қолымыздан келген бар мүмкіншілігімізбен жәрдем береміз. Қара аспанды суға алдырмай, қаншалықты өтуді жылдамдатсақ, жеңіске де тез жетеміз.
Сәрсенбек Сахабат,жазушы:
— Латынға өтуге дайындық қажет. Асығуға болмайды. Қазақ-қырғыздарды латын қарпіне өткізу алдында Н.Төреқұловты Москваға 1922 жылы шақырып, дайындықтан өткізген. Ақыл-ойымызды бір жүйеге келтіруіміз керек. Бізде көркем әдебиет тілі жоқ. әлі де Мәскеуге алаңдаймыз. Дайындық балабақша, мектептен басталуы керек.
Жанысбек Өтеген, «Азат» партиясы:
— Меніңше, әзіргі билік тұрғанда латынға өте алмаймыз. Билік ауысқанда өтуіміз мүмкін. Тезірек өту үшін билікті ауыстыра аламыз ба? Билік сайлауда ауысады. Мұғалімдер сайлауды қалай өткізеді? Кімдерге қызмет жасайды? Қазақ намысшыл халық дейміз. Қайда намыс?
Гүлфара Хамидқызы, мұғалім:
— Жанысбек ағай, сіз мұғалімдердің намысына тидіңіз. Өз бала-шағамызды қойып, елдің баласын оқытамыз. Сайлау, басқа қоғамдық жұмыс болсын, ертелі-кеш мұғалімдер жүрсе де еңбектері еленбейді.  Ел билеген ағалар сөйтсе, мұғалімдер қайда барамыз? Қандай жағдай болса да, әйелдердің айтқаны болады. Біз қазақ ұлтының болашағын ойлауымыз керек. Аудармашы, мамандар бар ма? 20 жылдан бері қазақ тілі мәселесі шешілді ме? Мектепте орыс, ағылшын тілдері екіге бөліп оқытылады. Қазақ тілі неге олай емес? Асығыс жасамайық, бірақ Қазақстандағы азаматтардың бәрі латын харпіне өтуі керек.
Сабырбек Ташықұлы:
–  Қарындасым дұрыс айтады. Не болса да батылдық қазақтың ерлерінен емес, әйелдерінен шығады.
ОҚПУ оқытушысы Н.Жармұханбетов:
— Ұлт татулығы, бірлігі жайында мәселе емес екенін ескеруіміз қажет. Тіл — үлкен саяси мәселе. Тіл ел, ұлт тағдырына байланысты болғандықтан халықтық референдум өткізу керек.
Латын қарпіне өту туралы отырыс өте тартысты өтті. Латынға өту туралы референдум өткізсе, сайлаудың әділ өтпеуіне байланысты референдум нәтижесіде бұрмаланады деген күдік айтушылар болды. Кездесуде  ұлтының мүддесін ойлайтын ел ағаларының, азаматтарының, қыздарымыздың барлары көңілге қуаныш орнатты. Кездесуге қатысушылар латын қарпіне қатысты мәселе болса, тағы  кездесіп, пікір алмасуға  келісті.

Жарқынбек СЕЙТІНБЕТҰЛЫ,
 «Ұлт тағдыры» ҚБ төраға орынбасары.