Мектеп директоры Медиа-Форумда не бітіріп жүр?

11Сізден өтінеріміз, біздің аудандағы, қала берді ауыл мектебі директоры тарапынан орын алып жатқан сорақылықтарды одан әрмен бетімен жібермей, дер кезінде тосқауыл қоюға, оқиғаны жан-жақты, әділ тексеріп, әділ шешім қабылдауға шақырамыз. 3 жылдан бері сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға әрекеттенген ісімізден нәтиже болмай, бір – біріне сілтеген шенеуніктерден шаршадық, Қазақстанның тең құқылы азаматы бола тұра, күштілердің әлсіздерге жасаған әлімжеттігінен түңілдік. Өзіңіз пәрмен беріп, мәселеге айрықша назар аудармасаңыз, онда Елбасының тікелей жемқорлықпен күрес жүргізуге бағытталған стратегиясы біз үшін күмәнді болып қалары анық.

Біздің ауылдан салынуы тиіс жаңа мектептің құрылысы ауыл тұрғындарының толық келісімінсіз, желдің өтіне, қырдың басына, мазараттың жанына, мүлдем қолайсыз аймаққа салынуына мектеп директорынан бастап, ауыл, аудан әкімі, білім бөлімі мен құрылыс мекемелері неге соншалықты мүдделі болып, жанталасып бағуда? Себебі, мектеп түсетін аймақта бірде – бір инфрақұрылым жоқ. Ортада өзен болғандықтан көпір салынып, электр желісі, телефон жүйесі тартылуы керек, ауызсу мұнарасы қажет, екі аралыққа жол салу мәселесі тағы бар. Қысқасы, ескі мектептің орны тарлық етеді деген желеумен ауыл сыртынан салынуы тиіс мектепке қыруар қаржы бөлінері анық. Мұның астарында мол қаржыдан «қарпып» қалу ниеті жатқан жоқ па деген күдігіміз бар. Оған дәлел, өткен есеп беру жиынында ауыл әкімі елдің алдында «жаңа мектептің құрылысы басталып, бүгінге дейін 20 миллион теңгесі игерілді» деген сөзінен секем алдық. Бар- жоғы тауықтың күркесіндей, төбесі де жабылмаған, ескі күйдірілген кірпіштен қаланған құрқылтайдың ұясындай баспанаға 20 миллион теңге кетті деуі ешбір қисынға келмейді. Жалдамалы жұмысшылар нағыз мамандар да емес, Өзбекстаннан келген келімсектер мен ауылда бос жүрген бозбалалар. Олардың да жалақыларын жарытып төлемеген соң біртіндеп жұмыстан кетіп жатыр.
Біз бұл жөнінде өзіңізге хабардар етіп, көмек сұрағанымызда, Сіз бұл істі қарауды Түркістан аймағы бойынша ауданаралық қаржы полициясына тапсырған едіңіз. Алайда, басқарма қызметкері Нұрымбетов Нұрбол  тексерісті  біржақты  жүргізіп, қылмыс құрамы жоқ деп тапты. Тексерушілер істі шын мәнінде жете зерттеп, зерделегенде жіптің ұшын ұстауларына болар еді, алайда олай болған жоқ. Аймақаралық басқарма бастығы Жүнісов Мамытбек арнайы қызметкері арқылы біздерді Түркістан қаласына тез арада шақыртып, жердің шалғайлығына қарамастан барғанымызда, бар – жоғы айтқан сөзі, екі жақтың келісімге келулеріне ұсыныс жасады.Сонымен қатар, Жүнісов Мамытбек ауылға келе тұра, шағымданушы жақпен кездесіп, пікірлеспей, қарсы тараптың айтқан уәждеріне «қанағаттанушылық» білдірген, яғни, арыз – шағым бір жақты тексерілген.
Мектеп директоры егер шынымен  де ұрпақ мәселесіне бас қатырып, келешекті ойлай білсе, ауыл тұрғындарын екіге бөліп, бір – бірлеріне алауыздық тудырмаған болар еді. Құрылыстың сапасы мен уақытылы жүргізілуіне бірден бір кепілді тұлға болып саналатын мектеп директоры болса сәуір айының 24 – 26 – ы күндері Астана қаласындағы Еуразиялық Медиа – форумда жүрді. Журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ол Астанаға не үшін, кімнің арқасында барғаны бізге белгісіз. Әйтсе де, оқу жылының соңында «қыдырып» жүрген мектеп директорының жұмыста болмаса да, толық еңбекақы алатыны белгілі.
Сізден сұранарымыз, 3 жылдан бері даудан басы ашылмай келе жатқан осы мектепке қатысты іске нүкте қойып, мәселені өзіңіздің жеке назарыңызға алсаңыз екен? Бұл әрекетіңіз болашақ еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін керек екенін ұмытпағайсыз. Бір – біріне сілтеуден, бюрократизмнен шаршадық. Әйтсе де,   әділдік үшін шырылдай беретініміз де анық.

Бір топ ауыл тұрғындары атынан: Г.ҮСІПБЕКОВА,
Бәйдібек ауданы, Сарыбұлақ ауылы.