«Кентауды жарқын болашақ күтіп тұр»

326
0
IMG_0323

Бақытбек БАЙСАЛОВ, ОҚО Кентау қаласының әкімі:

Әр қаланың өз тағдыры, тарихы бар. Ал, Кентаудың тарихы қала картаға түспей тұрып-ақ басталған. Кентау, аты айтып тұрғандай, кенді қала. Жер асты байлығы мол, қазыналы өңір. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі тамсанып, “Қаратау тәжі” деп атап кеткен Кентау кезінде Қазақстан ғана емес, Кеңес одағы көлеміндегі үлгілі қалалардың қатарында болған.  Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен сонау бір қиын жылдары Кентаудан жұрт үдере көшіп, қаланың тіршілігі тоқтап қалғандай еді. Алайда, бүгінде ол моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша республикадағы 27 моноқаланың тізіміне енген Оңтүстік Қазақстандағы жалғыз шағын қала.  Өндірісті Кентаудың бүгінгі тіршілігі қандай, мұны Кентау қаласының әкімі Бақытбек Байсаловтың өзінен білгенді жөн көрдік.

– Кентау – моноқалалар тізіміне ілінген оңтүстіктегі жалғыз қала.  «Моноқалалар бағдарламасы» аясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Аталмыш бағдарлама бойынша қаланы дамытуға 4 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Мұнда 2015 жылға дейінгі кешенді бағдарлама жасалып, ол  4 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Мұндағы басты мақсат — қала экономикасын өркендетіп, халықты жұмыспен қамту.
Кентаудың басына өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бар сынағы түсті: өндіріс орындары жабылып, жұрт жаппай жұмыстан қысқарды. Жұрт сырттан жұмыс іздеуге мәжбүр болды. Осының нәтижесі ғой, бүгінде алты мыңнан аса тұрғын вахталық тәсілмен басқа аймақтарда жұмыс істеп жүр. Ал, моноқалаларды дамыту бағдарламасы жергілікті кәсіпорындарда өз мамандарын жұмыспен қамту мәселесін шешуі керек.
Аталмыш бағдарлама шеңберінде биыл кешенді даму жоспары қабылданып, республикалық бюджеттен 2013-2015 жылдарға 4 млрд. 223 млн. теңге бөліну көзделген. Тиісті қаржылар кезең-кезеңімен қаланың  бірінші кезектегі мәселелері —  абаттандыру, көгалдандыру, көше жолдарын жөндеу жұмыстарын орындауға жұмсалуда.
Мәселен, биылғы жылы көпқабатты үйлердің аулаларына 30 ойын алаңшасы, 2 кешенді спорттық балалар ойын алаңшасы орнатылды. Қаланың Ясауи, Қонаев даңғылдарында  гүлзарлар жасалып, саяжолдар салынды. Қазір бұл қос аллея қала халқының бір мезгіл демалып, серігіп қайтатын серуендеу аймағына айналған.
2012-2015 жылдардың әр жылына  211 млн. теңгеден бөлініп, бірінші кезектегі қаланы жайластыру мақсатында 9 түрлі  жұмыс атқарылды, қаржы  толық игерілу үстінде.
Оның ішінде, былтыр 20, биыл 30 балалар ойын алаңшасы, 2 кешенді балалар спорт алаңшалары, «Жасыл аймақ», ирригация жүйесін жүргізу,  15 көшені жарықтандыру,  қаланы заңсыз тасталған қоқыстан тазарту, 5 көшені ағымдағы жөндеу сияқты жұмыстар бар.
2013 жылға жылу жүйелерін қайта құруға – 100 млн. теңге,  кәсіпкерлік жобаларды субсидиялауға  – 68 млн. теңге,  өндіріс саласындағы үздік кәсіпкерлік жобаларға гранттар беруге – 12,0 млн. теңге бөлінген. Бұл бойынша 6 кәсіпкер грант ұтып алды.
Алдағы уақытта биыл басталған өтпелі құрылыстарды сапалы аяқтап, халықты қыстан жауратпай алып шығу міндеті  тұр. Ендеше, Кентауды жарқын болашақ күтіп тұр деуге әбден болады.
– Қыс демекші, Кентаудан қыс сайын жылу маусымында проблема шығады да тұрады. Ал, биыл Кентау қысқа дайын ба?
– 2013-2014 жылдың жылу мерзіміне дайындау жөнінде штаб құрылып, атқарылатын іс-шаралар кестесі  бекітілген.
Жылу орталығынан жылытылатын 324 көпқабатты үй, білім беру саласында – 41, денсаулық сақтау саласында  — 14 мекеме, жеке секторда – 1708 жекеменшік үй бар. Барлығына сумен шаю және сығымдау жұмыстары толық жүргізілген. Ал, сұйық отынмен жылытылатын 6 мекемеге көмір мен сұйық отын толық жеткізілді. Қазіргі таңда  «Кентау-Сервис» жылу орталығы  жылу беруге сақадай сай отыр. Қазіргі таңда 6 қазандық пен 2 турбогенераторға және қосалқы жабдықтарға 100% жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық негізгі және қосалқы қондырғылар соңғы сынақтан өткізілді. Ең жоғары суықта 4 қазандық қосылып, екеуі резервте тұратын болады.
Отын мәселесінде қазір стансада  494,1 тонна мазут бар. Облыстық бюджеттен  148,0 млн. теңге қаржы бөлініп, жеңілдетілген бағамен  1 тоннасын 6190 теңгеден  23 мың  880 тонна көмір әкелінеді. Қазір келісімшарт бойынша тасымалданып жатыр. (Мердігер – «Алтын Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі). Бүгінде қоймаға жеткізілген көмір – 15 мың тонна. Көмір кесте бойынша 30 қазанға дейін толық жеткізілуі тиіс.
– «Судың да сұрауы бар» деген қазақ, айтпағымыз, мемлекет қазынасынан Кентауға бөлініп жатқан әр тиынның есебі болуы керек. Қаланың кірісі қандай, шығысы қандай?
– Қалада жалпы өнімнің көлемі 2013 жылдың 9 айында 15 млрд. 300,0 млн. теңгеге жетіп, 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 млрд теңгеге артық өндірілді, бұл 107,2 пайызды құрап отыр. 2012 жылы жалпы өнім көлемі 14 млрд. 270,0 млн. теңге болған.
9 ай қорытындысы бойынша қалалық бюджеттің кіріс бөлігі жоспардағы 4 млрд. 879,0 млн. теңгенің орнына 5 млрд. теңгеге, яғни 101,1% орындалды.
Жеке табыстың (кірістердің) орындалуы 110,6%-ды құрады. Бюджеттің кіріс бөлігінің барлық түсім көздері орындалады. Облыстық бюджеттен трансферттер мен субвенцияларға жоспарланған 4 395,0 млн. теңге толығымен орындалды.
– Кентау – өндірісті, өнеркәсіпті қала.  Әу баста бұл қала Оңтүстік Қазақстанның өнеркәсіп орталығы болады деп жоспарланған болатын. Кентау бүгінде бұл үдеден шығып отыр ма?
– Қалада машина құрылысы мен кен-байыту өндірісі дамыған. Кентау қаласының кәсіпорындарында экскаватор, трансформатор, трансформаторлық жабдықтар, резинатехникалық өнімдер, полиэтиленді құбырлар, трикотажды өнімдер өндіріліп, жол бұрушы бағыттар қайта-қалпына келтіріледі. Кентау қаласының өнеркәсібін мыналар ұсынады: «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Экскаватор» АҚ, «Южполиметалл» өнеркәсіп корпорациясы» АҚ, жол бұрушы  бағыттар зауыты, «Кентауликвидрудник» РМК, «ШалкияЦинк ЛТД» ЖШС, «Эластополимет» ЖАҚ секілді өндіріс орындары бар.
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары 11 млрд 860,0 млн. теңгенің өнімін өндіріп, бұл көрсеткіш 2012 жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда 105 пайызды құрады,  Мәселен, былтыр осы кезеңде 10 млрд. 233,0 млн. теңгенің өнімі өндірілген болатын.
Атап өтерлігі, Кентауда қазір осындай өндірістік  кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық біртіндеп азайып келеді. Мәселен, биыл бес кәсіпорын жанынан 186 жаңа жұмыс орны ашылды. «Кентау трансформатор зауыты» АҚ – 58 жұмыс орны,  «Экскаватор» АҚ-да – 21, «Береке» ЖШС – 65 жұмыс орны, «Алекс Минерал» ЖШС – 11, «Кентау Сервис» МКК-де – 31 жаңа жұмыс орны ашылды.
– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл салада қандай жұмыстар жасалып жатыр?  
– 2013 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің жалпы көлемі қолданыстағы бағамен 1 млрд. 435,0 млн.теңгені немесе өткен жылдың осы  кезеңімен салыстырғанда 100,2% -ды құрады.
Жылыжай салу бойынша 2 гектарға тапсырма берілген, бұл толығымен орындалды. 250 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын ендіру жоспарланса, бұл тәсіл 252 гектар жерге енгізіліп, тапсырма 100 пайызға орындалды.
«Сыбаға»  бағдарламасы бойынша жалпы құны 22,5  млн. теңге қаржыға 115 бас ірі қара мал алынып, тапсырма 115%  орындалды. Және, қала аумағында сиымдылығы 180 басқа арналған 2  ірі қара мал бордақылау алаңы ашылды.
Жоспар бойынша алдағы уақытта мал шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексін 107 пайызға жеткізу көзделген.
– Нарықтың заңы сол, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетпей, экономика дамымайды. Мұны ел Президенті үнемі еске салып отырады. Өндірісті қаланың тұрғындары жеке кәсіпкерлікті қаншалықты меңгеріпті?
– Биылғы жылы шағын кәсіпкерлік  субъектілерінің саны 2855 бірлікті құрады, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 2816.
Шағын бизнес саласында 3491 адам жұмыспен қамтылған. Шағын бизнес субъектілерінің өндірген өнімдері мен жасаған қызметтерінің сомасы  — 1 млрд. 247,0 млн. теңге болып, 2012 жылмен салыстырғанда 108 пайызды құрап отыр.
Есепті кезеңде салық төлемдері 154,2 млн. теңгені құрап, ал 2012 жылы (142,8 млн. теңге)   108,0 пайызға орындалды.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің құрамына жыл қорытындысы бойынша 18 тұлға тіркеліп, бүгінгі таңға  99 жаңа жұмыс орны ашылды.                                                                                                                                                   – Жаңа ғана бірнеше кәсіпорынның жаңа жұмыс орындарын ашқанын айтып қалдыңыз, ендеше, Кентауда қазір жұмыссыз адам қалмаған болар?
– Жоқ, олай емес. Бізде жұмыссыздар әлі көп, бірақ, былтырғыдан әлдеқайда азайды.  Жұмыс іздеп есепке тіркелгендер саны — 1477 адам.  Ал, былтырғы 9 айда олардың саны 2611 еді. Ал, ресми тіркелген жұмыссыздар — 761 адам болса, былтырғы жылдың осы кезеңінде  – 1104 адам болған. Осыдан тұрақты жұмысқа орналасқандар саны – 354 адам.  2012 жылдың 9 айында 543 адам болған.
Есепке тіркелген 16-29 жас аралығындағы жастардан тұрақты жұмыспен қамтылғаны – 164 адам.
Биыл өнеркәсіп орындарында 186, жаңадан ашылған 18 кәсіпкерлік субъектіде 99 жаңа жұмыс орны ашылды.  2012 жылы тіркелген 1104 жұмыссыздың —  695-і жұмысқа жайластырылған болса, биылғы  тіркелген 761 жұмыссыздың  9 айда  354-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, жұмыс іздеп тіркелген 264 жас бар болатын, одан  164 жас тұрақты жұмысқа жайласты.
Ал «Дипломмен –ауылға» бағдарламасы бойынша 5 жас  маман ( білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары ) ауылдарға жіберілді. Бұдан бөлек, ауылға баруға тілек білдірушілер көп, алайда оларды мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға қаржы қажет.
Негізі, жоспар бойынша жұмыссыздықты  2020 жылға дейін 5,0 пайызға төмендетуіміз керек.
– Бүгінде қай қала, ауыл болмасын құрылыс қарқынды жұріп жатыр. Кентау қайбір жылдары тозып кетіп еді, қазір бұл салада қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ағымдағы жылы  бюджеттік даму бағдарламалары бойынша  республикалық және жергілікті бюджет қаржылары есебінен  2 млрд. 523,0 млн. теңгеге төмендегі нысандардың құрылысы және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде:
Мәселен, білім саласы бойынша қаланың Я.Ромах көшесіндегі 1200 орындық орта мектеп құрылысы (2012-2014жж.); Қарнақ ауылындағы 300 орындық Қарнақ мектебінің құрылысы (2013-2014жж.); Хантағы және Қарнақ ауылындағы 140 орындық 2 балабақшаның құрылысы (2013-2014 жж.) жүріп жатыр.
– Бүгінде Қазақстан индустрияны дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр. Қалалар тұрмақ, аудандардың өзінде индустриялық аймақтар ашылып жатыр. Бұл бағытта Кентауда нендей жұмыстар істеліп жатыр?
– Кентауда да бұл мақсатқа 41 гектар жер бөлінген.  Бүгінде  жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, ОҚО Бизнесі Өңірлік үйлестіру кеңесіне ұсынылды. Подстанса құрылысын бастауға мердігер анықталған.
Қазіргі  таңда 5 жоба ұсынылды, жобалар іске қосылған жағдайда тағы да 134 адамға жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
– Мемлекеттік даму саясатының өзегі – білім саласы. Елбасының білім саласын ерекше назарда ұстап, тікелей өз қамқорлығына алуы осының айғағы. Сондай-ақ, Елбасының әлеуметтік жаңғыртудың біртұтас моделін жасап, жүзеге асыруға арналған мақаласындағы 20 тапсырманың үштен бірінің білім мен ғылым саласына қатысты екені мәлім. Бұл тапсырмалардың орындалуы қалай?
– Міне, бұл тапсырмаларды Кентау қаласының қалалық білім беру бөлімі жылдан-жылға табысты орындап, ел дамуының ХХІ ғасырдағы стратегиялық өсу нүктесіне айналған білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген шараларды жүзеге асыруда.
Кентау қаласындағы «Білім туралы» Заң мен бағдарламаларды жүзеге асырып отырған 41 білім мекемесі, оның ішінде 23 жалпы білім беретін мектеп, 15 мектепке дейінгі, 3  мектептен тыс мекемелер және облыстық 3 мектеп өткен оқу жылын табысты аяқтап, жаңа оқу жылының міндеттеріне кірісіп кеткен.
Табысты деп отырған себебіміз, Елбасы орта білім жүйесіндегі оқу-тәрбие процесін түбегейлі өзгертуге ерекше көңіл бөліп отыр, себебі, қазіргі уақыт талабы – білімді ұрпақ.
– 2012-2013 оқу жылында Кентау қаласы бойынша 798 мектеп бітірушінің 466-сы (88%) ҰБТ-ға қатысуға тілек білдіріп, нәтижеде көрсеткішіміз көңіл қуантарлықтай болды. Атап айтқанда, республика бойынша жалпы  74,6 балл болса, кентаулық түлектердің жалпы орта балы – 89 балл болды.
Қатысқан оқушылардан 130 оқушы 100 балдан жоғары иеленді, олар — №3 «Дарын» мектеп-интернаты мен  Қазақ-түрік лицейі. Ал 52 «Алтын белгі» үміткерінің 25-і  өз білімдерін (48 %) дәлелдеп шықты. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Себебі, біздің қаламызда 4 мектепте ҰБТ-ға дайындау орталығы ашылған.
Қазіргі уақыт талабы – білімді ұрпақ, сондықтан да орта білім жүйесіндегі оқу-тәрбие процесін түбегейлі өзгертуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өткен оқу жылында « е-Iearning» жүйесіне 4 мектеп қосылса, 2013 жылы  тағы 4 мектеп — №1, 5, 19, М. Қашқари мектептері қосылып жатыр.
Үйде оқитын оқушыларға 20 компьютерге 10987,0 мың теңге бөлініп, алынды.
Мектептің жүрегі – мұғалім, білікті ұстаз. Сондықтан ең маңызды міндеттердің бірі – педагог мәртебесін көтеру. Қаланың білім мекемелерінде 1501 педагог еңбек етіп жүр. Оның 1394-і жоғары білімді, арнаулы орта білімді, жоғары санатты мамандар – 400, 443-і бірінші, 385-і екінші санатты ұстаздар. Олардың 235-і  мұғалімдердің білімін жетілдіру курсынан өтсе,  34 мұғалім  «Өрлеу»  білім жетілдіру бағдарламасының 1,2,3-ші деңгейлі 3 айлық курсынан өтіп, сертификат алды. Жалпы қазіргі таңда 269 мұғалім білім жетілдіру курсынан өткен.
Педагог кәсібінің қоғамдағы мәртебесін жүйелі арттыру мақсатында биылғы оқу жылында қалалық білім беру бөлімінің арнайы интерактивті  сайты ашылып, «Мұғалімдердің даңқ галереясы» ережесі  бекітілді. Қазір жұмыс басталды, бұған тек үздік ұстаздар ғана енеді.
Қазанның бірінші аптасындағы мұғалімдер күніне орай, қалалық білім бөлімі басшысының бұйрығымен арнайы онкүндік жарияланып, «Үздік мұғалімдер балы» өткізілді.  2013 жылға жергілікті бюджеттен  қалалық білім беру бөліміне — 2763632,0 мың теңге қаралды, ал ұстаздардың жалақысынан бөлек, жалпыға міндетті білім беру қорына 55199,0 мың теңге бөлініп,  796 оқушы ыстық тамақпен қамтылса, 262 облыс көлеміндегі лагерлерде демалды.  Жалпы мектеп жанындағы және туристік демалыстарды қосқанда 70162 (75%)  оқушы жазғы сауықтыру лагерімен қамтылды. Оқушыларды тасымалдау мәселесі де тұрақты жолға қойылған.
«Мектепке жол» акциясы бойынша күнкөрісі төмен немесе  асыраушысынан айырылған,  және көпбалалы отбасылардың 592 баласына (42%)  киім-кешек, оқу құрал-жабдықтары, т.б. көмек көрсетілді.
Үкіметтің №1080 қаулысы бойынша «Мектепке сүт» бағдарламасын орындау мақсатында бастауыш сыныптағы жағдайы төмен отбасылардың 3 237 оқушысы күніне 200 грамм сүт беріліп тұрады. Бұл тапсырманы Қазақстан бойынша Астана, Алматы қалаларынан кейінгі бірінші орындаған – осы Кентау қаласы.  Және жалпыға міндетті білім беру қорына бөлінген 22 млн. теңгені игеруде де 2,9 пайызға жеткізіп, міндет облыста алдыңғы қатарда орындалып отыр.
Ал енді «Балапан» бағдарламасы да абыроймен орындалды (65 пайыз). «Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» бүкіл білім беру жүйесін түбегейлі жаңартып, дүниежүзілік дейгейдегі 12 жылдық білім беруге көшудің ең бірінші талабы – мекемелердің оқу-материалдық базасының жағдайын жасартып, нығайту.
Бұл бойынша жергілікті бюджеттен 67 млн., облыстық бюджеттен 27 млн.  теңге бөлініп, «Көктем» балабақшасы мен «Оқушылар үйі» күрделі жөндеуден өткізілді. Хантағы және Қарнақ ауылдарынан 140 орындық екі балабақша салынып жатыр.
Бұған қоса 1200 орындық бір мектеп, 300 орындық бір мектеп келесі оқу жылына пайдалануға берілмек.
Бұл  2013 жылы  72 пайызға орындалып, кезек күтіп тұрған 4874 баланың 3511-і қамтылды.  Балабақша саны  6-дан 15-ке көбейді, 7 шағын орталық бар.   Қазір екі ауылда 140 орындық 2 балабақша салынып жатыр.  2020 жылға дейін 99 пайызға жету көзделген.
Жаңа оқу жылындағы жаңалығымыз № 1, 14, 19 мектептер жаңа атаумен, яғни мектеп-гимназия, мектеп-лицей мәртебесімен бастаса, биыл бірінші рет 10-11 сыныптарда бейіндік оқытудың жаңа тәсілін енгізіп отырмыз.  Оның нәтижесін көретін уақыт та алыс емес деп ойдамыз.
– Бақытбек Шорабайұлы, қым-қуыт тірлік арасынан «Уақыт» газеті үшін уақыт қиып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан
Венера Қабылбекова