«Ар-намысымды ақшаға айырбастаған емеспін»

149
2
004

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Осыдан бірер ай бұрын біз «Әкім мырза, елдің алдында бір ақтарылайықшы!» деген тақырыппен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Исабекұлына кездесуге ұсыныс жасап мақала жазғанбыз. Мақсатымыз туындап отырған сұраққа жауап алу болатын. Алайда, оған нақтылы жауап болмады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов мырза осы мақалаға байланысты бізге өзі қол қойып, жауап хат жолдады. Мақаланы оқыған немесе оқымағанын өзі білер, бірақ жауап хат басқа тақырыптың аясында жазылған болатын. Тақырыбы бөлек жауап болған соң біз оны сол күйі жылы жауып қоя салдық.

Уақыт өте келе ешкімнен қайран болмайтынына көзіміз анық жеткеннен кейін, әкіммен жүздесудің жолын өзіміз іздей бастадық. Аталмыш мақала жарық көргеннен кейін іле-шала «Отырар» телеарнасының «Анығын айтсақ…» бағдарламасының жүргізушісі Зәуре Оралбаева ханым мені 10 минуттық хабарға арнайы шақырды. Көкейіндегі сауал осы мақаланың қандай оймен, нендей ниетпен жазылғандығын білу екен. Осы хабарда өзімнің ой-ниетімнің қандай мақсатқа орайластырылғанын ашық айттым.  Мақаланың жеке мүдде үшін емес, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап іздеу мақсатында жазылғандығын жеткіздім. Әкіммен әңгімелесуге соншама ауадай қажеттілік менде болмағандығын да жасырғым келмейді.
Санап көрсек, «Уақыт» жарық көрген екі жарым жыл ішінде облыс әкімінің кадр саясаты бағытындағы жұмыстарына байланысты 41 мақала жарық көріпті. Бірақ, олардың бәрі дерлік жауапсыз қалып жатты. Бұл менің облыс әкімімен кездесуге деген құмарлығымды одан әрі арттыра түсті.
Жалпы, осы жылдар ішінде ел алдында жүрген танымал азаматтармен араласып, саясат, қоғам жайлы пікір алмасып жаттым. Олардың көбісі облыс әкімінің жұмысына оң бағасын беріп жатты. Жуырда заң ғылымдарының докторы, саясаттанушы Қайрат Балабиев біздің газетке «Асқардың асулары» атты мақаласын берді. Әңгіме арасында ағалық назын да білдірді. Облыс әкімін сынай беретінімізді құптамайтынын жеткізді. «Білуімше, Асқар Исабекұлы баспасөзден және оның өкілдерінен қашқақтайтын азаматтар санатынан емес. Оңтүстік секілді көлемі шағындау болғанмен, жұмысы толағай облысты басқару оңай деймісің?! Уақыт таба алмай жатқан болар.
Облыс басшысымен кездесуге сонша құмартыпсың, кезі келгенде ойлағаның іске асады, Талғат шырағым. Менің пайымым алдамаса Асекең салиқалы, сауатты, көргені көп адам. Оның кадр саясатындағы кейбір олқылықтарын ғана есепке алып, сонымен тұжырым жасау қателік болады. Елді басқаруға келген бес жылға тарта мерзім ішінде ол кісінің атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Соңғы келгенінде Елбасы халықпен жүздесу барысында әзіл болса да «…мен әр келген сайын елдің арасында «Президент облыс әкімін алып кетеді екен» деген сөз тарайды. Әкетпеймін. Сіздердің әкімдеріңіз қыруар шаруаны жасап жатыр, оның істейтін тірлігі әлі де аз емес» деді. Мұны Елбасының А.Мырзахметовке берген бағасы, алғысы деп қабылдауымыз керек. Кезі келгенде ол кісінің өзіңе ақтарыла әңгіме айтатынына сенімдімін» деген еді.
Облыс әкімімен кездессем деген ойдан аздап күдер үзе бастағам, Қайрекеңнің осы бір сөзі мені қайта қамшылай түсті. Жастығым, бәлкім балалығым шығар, мен әкіммен кездесуді кәдімгідей армандадым және қалай да ол кісімен жолығуым керек деп шештім. Сөйтіп, әкіммен жүздесуге шындап кірістім. Осы облыста өздерін «азулы» санайтын айпарадай басылым басшылары бар, солар үнемі облыс әкімінің өздерін қабылдамағандығын жазып, басылым беттерінде реніштерін ашық білдіріп жатады. Асқар Исабекұлы туралы «Уақытта» бақандай 41 сын мақала жазыппыз, ендеше ол бізді мүлде қабылдамайтын болар деген күдіктің болғанын да несіне жасырайық?! Бойда күдік те болды, жүрексіну де  болды.
Әрине, әкім – Елбасының ішкі және сыртқы саясатын аймақтарда жүзеге асырып отырған үлкен тұлға. Кей-кейде осынша шаруаға әкімнің қалай уақыт табатынына қайран қалып жататынымыз да өтірік емес. Әрине, біреудің сыртынан ғайбат сөз айту күнә. Бірақ, біз тек қана халық және өзіміз көріп жүрген шындықты  жеткізуді мақсат тұттық. Әкім де – адам, ол да – пенде, қым-қуыт тірліктен қолы тимей, көп шаруаның бір жағынан кемшін кетіп жатқанын  байқамай қалуы да мүмкін ғой. Осыны ойлаған кезде өзіміздің ол кісіні «жамандағанымыз» үшін іштей ұялып та жүрдік. Кейбір әріптестеріміз біреуді сынағанын мақтаныш көріп жатады, бірақ өз басым ондай пиғылдан  ада едім. Көкейде күдік, қорқыныш, жүрексіну бар болғанмен, алған бетімнен қайтқым келмеді.
Соңғы  мәрте талпыныс жасап көрмекке бекіндім. Ол кісінің ұялы телефонына «Асқар аға, сізге айтар маңызды әңгімем бар еді. Жақын күндерде мүмкіндігіңіз болса, мені қабылдай аласыз ба?» деген хабарлама жібердім. Арадан он минут өткенде ұялы телефоныма ол кісіден «Дүйсенбіде жауабын айтамын» деген жауап келді. Білдей бір облыс әкімі хабарламама жауап жазбаса да ренжуге қақым жоқ еді, кәдімгідей қуанып қалдым. Мұның рас-өтірігіне сене алмай біраз отырдым.  Көңілдегі көп күдік біршама сейілгендей болды. Арада аптаға жетпейтін уақыт өтті. Бейсенбі күні  кештетіп ертеңгі газетті дайындап жатқанбыз, кешкі алтылар шамасында облыс әкімінің көмекшісі Асқар Мырзахметовтің мені жеке қабылдауға күтіп отырғандығын, сағат жетіге дейін шұғыл түрде жетуім қажеттігін жеткізді. Көптен күткен кездесуге осылай қол жеткіздік.
Облыс әкімінің хабарламамды елеп, жауап бергені, сонан соң кездесуге мүмкіндік жасаған қарапайымдылығы, расы керек, мені қатты қайран қалдырды. Бұл әрекет оның бойындағы тектілікті көрсеткендей болды. Содан болар кездесуге нық сеніммен, көңілдегі кейбір жағымсыз пікірлерді сырып тастап бардым.
Асқар ағамыз  орнынан тұрып қарсы алды. Кейбіреулер секілді шіренген жоқ, кісілік танытқан жоқ, жайдары жүзбен, шуақты көңілмен қарсы алды. Қарама-қарсы жайғастық. Жағдай сұрастық. Ресми түрде өзімді, қызметімді таныстырдым. Келген мақсатымды, жүздесуге соншалықты неге құмбыл болғанымды қысқаша ғана жеткіздім. Обалы не керек, ол кісі өзі жайлы жазылған сын мақалалар жөнінде еске алып, ескі жараның аузын тырнаған жоқ. Ара-тұра менің сауалдарыма жауап бере отырып, әңгімені өрбітіп отырды. Жүзінде шаршағандық бар. Әңгімені даусын көтермей, баяу ғана айтады екен. Ешқандай фотоаппарат, диктофон секілді құралдарды пайдаланғаным жоқ. Бар ынта-назарым ол кісінің әңгімесінде болды. Айтылған жайларды ұмытып қалмауға тырыстым.
Асқар Исабекұлы әңгімені ә дегеннен біздің көкейіміздегіні дөп басқандай, кадр саясатындағы арнаға салды. Басшылықта жүрген біраз азаматтың қызметтен жағымсыз жағдайда кеткені, жауапкершіліктерінің қаралып жатқандығы жөнінде ренішті көңіл-күймен жай ғана, қарапайым сөзбен біраз жәйттерге тоқтады. Жамандаған жоқ, керек болса олардың оңды жұмыстарының да болғанын тілге тией кетті.
— Б.Әлиев қадағалаған басқармалар өздерін ғана емес, бізді де, облысты да ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Мұны мен өкінішпен айтып отырмын. Бұл секілді келеңсіз жәйттер маған да оңай тиген жоқ. Жұмысқа байланысты қатал болғаныммен де ешкімді жамандыққа қимаймын. Сонымен бірге, ол азаматтардың өздеріне жүктелген салаларын дамытуға қосқан үлестерін де жоққа шығарғым келмейді. Айталық, құрылысқа байланысты талапқа жауап бермейтін жүздеген лицензиялардың қайтарылуы, жобалық-сметалық құжаттардың оңтайландырылуы, сол сияқты басқа да жұмыстардың атқарылғандығы. Бірақ, заң бұзушылыққа жол берілсе, әрине жауапқа тартылу керек.
Әңгіме кадр саясатынан басталғаннан кейін, тақырыпты жалғастырып, келесі сұрақты қойдым: «Асқар Исабекұлы, кей ортада әңгіме осы кадр төңірегінде өрбігенде «Мырзахметов кадр саясатын бизнеске айналдырып жіберді» деген пікірлер айтылып қалады. Кім кімнің аузына қақпақ бола алады дейсіз? Осының астарында қаншалықты шындық бар?»
—Кадр саясатын айтатын болсақ, онда алдымен мынаған көңіл аударыңыз. Әкім болған сәттің алғашқы күндерінде жаппай бұрынғы кадрларды бір мезетте ауыстыру болған жоқ. Керісінше, барлық қала, аудан әкімдеріне, басқа да лауазым иелеріне мынаны айттым: “Мен үшін бәрібір. Ең бастысы – қолыңнан жұмыс келсе болғаны”. Сөйтіп, үш-төрт ай барлық аудан, қала әкімдерінің жұмысына қарадым. Сол сияқты басқармаларға да осындай талап қойылды. Бұл бір. Екіншіден, ауысқанның өзінде де сырттан шұбырған ешкім жоқ. Керісінше, көбіне сол жердің азаматтары тағайындалды, тағайындалып жатыр. Тағы бір айта алатын жерім – оларды жүзге, руға, жерлестікке бөлген жоқпын. Сіз айтып отырған Б.Әлиев те, басқарма басшылары да менен бұрын сол жерде істеп жүрген азаматтар болатын. Егер де шын мәнінде кадр саясатын бизнеске айналдырмақ түгіл бір адам ақшаға тағайындалса, ел сол заматта-ақ білген болар еді. Бұл белгілі Шымкент емес пе – осында түшкірсең, басқа қалада “Cау бол” дейді. Сондықтан, құдайшылығы болатын адам болса жоғарыда айтқанымды жоққа шығармайды. Ал, Сізде немесе басқаларда өсек сөзден бөлек осындай айыптау фактілері болатын болса, маған беріңіздер, мен міндетті түрде сотқа беремін. Өйткені,  осы күнге дейін тағайындалған бір де бір адам маған мұндай айып таға алмайды. Арым таза.
Иә, Асекеңнің “белгілі Шымкент” дегенімен келіспеу қиын. Айтылған сөздің шындыққа жанасып отырғанына мен өз басым күмәндана алмадым.
Ойға тағы бір сауалдың сұлбасы оралды. «Бір басқармаға айналдырған екі-үш жылдың ішінде үш-төрт басшы бірінен кейін бірі тағайындалып жатады. Мұны қалай түсіндірер едіңіз? Жалпы сіз кадрды қалай таңдайсыз, жеке өзіңіз  таңдайсыз ба, әлде біреулердің ұсынысы әсер ете ме? Кадр тұрақсыздығының себебін қайдан іздейміз? Осы жөнінде бір ақпейіл көңілмен айтып берсеңіз».
— Бұл сұрағыңызды алдыңғы сұраққа жауап ретінде айтуға болады. Яғни, кадрлардың жиі ауысуы олардың алдында ешқандай “тәуелділіктің” жоқтығын дәлелдейді. Егер олар парамен жұмысқа тұрған болса “Мен берерімді бердім, енді неге жұмыстан кетуім керек?”  демей ме? Жұмысты өз деңгейінде жүзеге асыра алмаған кадр жұмыстан кетуі керек. Асықпайтын заман болса – мүмкін басқаша қарауға болар ма еді? Өңір үлкен, уақыт жоқ, жұмыс көп. Бұл – бүгінгі күннің талабы.
Дегенмен де, бүгінде әкімдіктің құрылымдары осыдан үш-төрт жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда ширады. Оның дәлелі – облыста атқарылып жатқан жұмыстың ауқымы мен бүгінгі қол жеткізіп отырған жетістіктері. Бәрін айтпай-ақ қояйын. Бір ғана мысал: Оңтүстік Қазақстан облысы үкіметтің ресми бағасына сәйкес үш жыл қатарынан даму қарқыны жоғары бірден-бір облыс атанды. Көптеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өңірлер арасында алдыңғы қатарда. Сондықтан, ең бастысы, әңгіме кімнің қанша ауысқандығында емес, жеткен жетістікте. Халыққа маңыздысы осы.
—Асқар Исабекұлы, бізді БАҚ-қа байланысты жағдай мазалайды. Соңғы жылдары Шымкентте ерінбегеннің бәрі сізді сынайды, бұл жақтан шығатын ондаған газет әр санында сізді бір түйреп өтпесе, бастары ауыратын жағдайға жетті. Осы жазбаларға сенсек, облыста осы кемшіліктердің кең етек жаюына сіз ғана кінәлі көрінесіз. Кейбірі тіпті сіздің арыңызға тиетін сөздер жазып жатады. Бұған сіз намыстанбайсыз ба?
— Талғат, мен мұны білмей отыр дейсің бе?! Жалған мәлімет арқылы, жеке немесе белгілі бір топтардың мүддесінде немесе тендерді ала алмағандар немесе басқа бір мақсатта тапсырыс бойынша «тегіс жерден тау тұрғызып» жатқан басылымдарға уақытты жоғалтқым да келмейді. Ит үреді, керуен көшеді. Мақсаты шын мәнінде елдің мүддесі болса, пиар жасамай келсін, әкімдік олармен кездесуге дайын. Иә, дұрыс айтасың, кейінгі кезде көптеген басылымдар шектен шығып барады. Қазір бұл жұмыс қолға алынды, заң жүзінде шара көріле бастады. Ал, газетпен айтысудан немесе газет арқылы тапсырыс беріп отырғандармен айтысудан береке таппайсың. Одан ешкім ұтпайды. Ұтатын  – тек газет.
Біраз ойланып отырып сөзін жалғастырды. — Мен өзім Құдай деген адаммын. Сондықтан бүгін болмаса ертең бәрімізден де жауап алынады. Біреуге жамандық ойласаң, жасасаң бәрі алдыңнан шығады.  «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген сөз бекер айтылмаған.
Атқарылған жұмыстың бағасына келетін болсақ, ең бастысы – ел мен Елбасының бағасы. Елбасының облысқа келген сайын көрсетіп отырған қолдауы мен айтып жүрген пікірін білесіздер. Ал, қарапайым халықтың, зиялы қауымның пікірі маған белгілі, олардың беріп отырған оң бағасы мен қолдаулары үшін алғысымды айтқым келеді.
Тағы бір айтарым, әрбір журналист “қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса” демей, жарияланғалы отырған мәліметін өзінің ар-ұятының елегінен өткізіп, елдің бірлігін ойлап, облыстың да абыройын ескерсе деймін. Әңгіме менде емес, бүгін мен әкім, ертең басқа әкім. Ал, республикадағы өз орны бар Оңтүстік Қазақстан облысы мен оның миллиондаған тұрғындарының маңыздылығы артпаса өзгермейді. Міне, осыны ойлану керек.
— Бірде бір цифрды айтпадыңыз. Бір жағынан ол үшін рахмет! Біздің мақсат қойылған сұрақтарға шынайы ойынызды білу ғана еді. Дегенмен де, бес жылға жуық әкім болғаныңызда басты көрсеткіш ретінде нені айтар едіңіз?
— Цифрлар аз айтылып жатқан жоқ, оның үстіне атқарылып жатқан жұмыстарды көпшілік біледі деп ойлаймын. “Көрмес түйені де көрмес” деген. Басты көрсеткіш ретінде мынаны айтқан болар едім: 2009 жылы мен әкім болып келгенде облыстың жалпы өңірлік өнімі 731 млрд. теңге болcа, 2012 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1,8 трлн. теңгені құрап отыр. Яғни 4 жылда 1 трлн. теңгеге өсіп отыр.
— Соңғы сұрақ. Өмірлік ұстанымыңыз?
— Екі ұлы адамның айтқандары көңілге қонымды. Абайдың: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың еңбегіңмен екі жақтап». Екіншісі, Әмір Темірдің қанатты сөзі: “Күш – әділдікте”.
Бір сағаттық әңгіме көзді-ашып жұмғанша өте шықты. Таспаға жазылған ешнәрсеміз болмады. Керек десеңіз қолыма ақ қағаз бен қалам алып, бір ауыз сөз де түртпеппін. Әкімнің баяу да байыппен айтылған әңгімесін, ой-пікірлерін санама ғана сақтадым. Сыртта менен кейін де әкімнің алдына маңызды мәселелермен келіп тұрған қаншама басшылардың бар екендігін көңіліммен пайымдадым. Ешқандай ресми цифрларсыз, ешқандай әсірелеусіз айтылған әңгіме менің жадымда ұзақ сақталатынына сендім. Бір кезде өзіміз «Әкім мырза, елдің алдында бір ақтарылайықшы!» деген мақаламызға жауапты сол бейсенбі күні кешке алғандай болдым. Әкімнің шаршаңқы жүзі, әңгіме барысында аңғарылып қалған ішкі өкпе-назы, реніші ол кісіні бізге тек әкім емес, елжанды азамат етіп көрсетті. Біз жылы жүзбен қайырластық. Көңілдегі жұбаныш сол, көптің көңілін көптен бері күпті етіп жүрген төрт-бес сұраққа облыс басшысының тікелей өзінен жауап алдық. Бойдағы тебіреніс, көтеріңкі көңіл күй сырттағы қою қараңғылықтың өзін нұрландырып жібергендей көрінді. Облыс әкімімен дидарласуымыздың алды осы болды және алдағы уақытта да талай кездесетінімізге бек сенімдімін.
ТҮЙІН:
«Сабақты ине сәтімен» деген, бұл әңгіменің сәті осы күні түсіпті. Бірақ, көңіл түкпірінде айтылмаған қаншама сөз қалды, сауал қалды. Қанша мықты дегенмен, жалғыз ағаш орман емес. Оған айналасындағылары демеу жасап отыруы заңды құбылыс. Айналасындағылары демекші, облыс әкімімен кездесу бізге оңайға түскен жоқ, кедергілер, кедергі жасаушылар көп болды.  Билік пен баспасөздің арасына көпір болатын азаматтар болашақта осы жағына терең мән беріп, қажет болса облыс басшысын БАҚ өкілдерімен жүздестіруге мүмкіндік тудырып отырса, түсініспеушілік пен жалған айыптаулар болмас еді. «Көпір» болудың бар жауапкершілігін тек баспасөз хатшылығына артылса, онда бұл қателік болғаны. Ескерер, еске алар нәрселер аз емес. Тек соны жауапкершілікпен үйлестіре алғанға не жетсін?!

Талғат БАЛТАБАЕВ