Шымқаланы шырқау шыңға Ғабидолла көтермек

187
0

Шымкенттің билігін ҚР Президенті әкімшілігінен келген Ғабидолла Әбдірахымов қолға алғалы бері үш айға тарта уақыт өтті. Бұл анау айтқандай үлкен мерзім болмағанмен, басшының өзін танытуына алғашқы мүмкіндіктерді беретін мезгіл. Осы уақыт ішінде Ғабидолла Рахметтоллаұлы елдің көз алдында електен өтетін ірілі-уақты біраз жұмыс істегеніне көпшілік куә болды.

Елдің еңсесі биік үшінші қаласының қатарына өткелі отырған Шымкенттің шырайының келісуі, мәртебесінің артуы сол шаһарды басқарған азаматтың қай деңгейде жұмыс істегеніне тікелей байланысты. Ол кісінің тыным таппайтындығын, жиналысын автобустың ішінде өткізе салып, сұрағы мен жауабын қатар, қатал талап ететіндігінен ел хабардар болып үлгерді. Өзінің жаңа қызметтегі 100 күнге жақындаған мерзімінің қарсаңында Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму концепсиясын облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың депутаттарының алдында жайып салды. Бес жылға арналған, ауқымы аса үлкен бағдарлама жүзеге асып кетсе, басқа қалалар Шымкентті шырқау шыңынан көретін болады. 600 миллиард теңге көлеміндегі қаржыны талап ететін бұл кешенді бағдарлама тұрғындардың бүкіл мәселесін шешіп ғана қоймай, әлеуметтік түйткілдерді жетілдіру, инфрақұрлым жүйелерін өркендету, бизнеске қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аудармақ. Оған қажетті шығын тек бюджеттің қалтасынан ғана емес, инвесторлардың есебінен де жұмсалмақ.
Осындай алып бағдарлама ортаға салынып, Ғ.Әбдірахымов бір сағат бойына оның ұңғылы мен шұңғылын жан-жақты талдап, өз басшысы мен халық қалаулыларына егжей-тегжейлі түсіндірді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық келешек келбеті жиналғандарды таңдандырғанмен, қала әкіміне сұрақ қоюшылар да табылды. Мәслихат депутаттарының бірінің бүгінгідей әлемді қамтыған дағдарыс кезінде қаржы табу қиынға соғатындығын айтқан сауалына Ғабидолла мырзаның жауабы дап-даяр тұр екен. «Мен кішкентай бала емеспін ғой. Тұжырымдамадағы жобаларды жүзеге асыруға 600 миллиард теңгеге жуық қаржы керек. Алдағы уақытта қаланың жылдық бюджеті 150 миллиард теңге болады деп есептесек, бес жылда жүзеге асыруға болады. Оған қоса инвесторлар бар. Концепсияда айтылғандар ертегі емес» деп батыл жауап қайтарды. Әзірге барлығы қағаз жүзінде қатып тұрған секілді. Осы концепсияны естіген кезде есімізге сегіз жыл бұрынғы бір ескі, жүзеге аспай, арман күйінде қалған жоба түсті.
2007 жылдың қысында Оңтүстіктің экс-әкімі Өмірзақ Шөкеев пен елдің сол кездегі (әрі бүгінгі таңдағы да) Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Шымкенттегі ең үлкен Әл-Фараби алаңына жаңадан соғылатын «Шымкент-Плаза» құрылыс комплексінің іргесінің алғашқы тасын салтанатты түрде қалаған болатын. Заманауи комплексі екі бірдей 15 қабатты бизнес орталықпен, тұрғын үй секторы және облыс әкімдігінің жаңа ғимаратымен қаланың салтанатын арттыратындығы айқындалған еді. Тіптен американдық айтулы сәулет компаниясы осы кешеннің бүкіл нобайын жасап, сызбасын сызып, алаңға солардың барлығын іліп, шымкенттіктерді таныстырғанын көп адам әлі ұмыта қойған жоқ. Тіптен құрылысқа кететін қаржының көлемі доллармен есептеліп қойған болатын. «Шымкент -Плаза» комплексі Шымқаланың басқа құрылыс нысандарынан мүлдем ерекшеленіп, жаңа сәулет жобаларының ішіндегі ең үздігі болуы жалпақ елге жария болды. Осы кешеннің су жүйесі, электр қуаты, жылыту жүйелері өз алдына дербес жасалынып, ең соңғы үлгідегі инфрақұрылымда фитнес орталығы секілді нәрселердің болатындығына көпшілік кәдімгідей сенді. Оның пайдалануға берілу мерзімі бар болғаны екі жыл ғана еді. Сол қиялдағы жобалар іске аспаған күйінде алты айдан кейін Ө.Шөкеевпен бірге қағаз қалпында Астана асып кетті.
Бұл облыс әкімі қызметін атқарған азаматтың қолында мол мүмкіндігі, үлкен билігі болып тұрғанда жасаған жобасы еді. Дәл бүгін осы ағасының алып ойлары облысты емес, қаланы басқарып тұрған Ғабидолла мырзаның қаперіне ғайыптан тайып, қайдан келді екен? Ел бас жібінен айырылған теңгеге жарымай, АҚШ-тың шу асауға айналған кезде аптықпай, асығыстыққа жол бермей, Шымкенттің жаңадан қосылған қырық ауылын көркейтіп, көшелерін бүтіндеп, көгілдір отын жағып, жетімді сүйеп, жесірге қол ұшын беріп, төрт құбыласын түгендегеннен кейін ғана, сауық-сайран салатын орын дайындауға болмас па еді?! «Ораза, намаз тоқтықта…» деген сәлдеге байланысты, аштық пен тоқтыққа қарайлата айтқан әңгімені тамағы тоқтар кейде ұмытып кететін секілді…
Әкімнің ойлаған ойы, көздеген мақсаты игілікті іс. Жақсы бастама. Қала көркейсе, жұрттың қызығы таусылмаса екен деген ішкі ниеті адал шығар. Бірақ сол ортаға кімдер барады, төрт-бес қарадомалағына қара нан мен қара суды қайдан табамын деген жан өмір бақи аяғын аттап баса қоймас. Осыны да ақылдың таразысына салып, бір безбендеп көрейікші. Қалғаны бола жатар.

Алмас ТЕМІРБЕК.