«МЕНІ КРЕСЛОМЕН ЕШКІМ ҚОРҚЫТА АЛМАЙДЫ …»

483
0

Уақыт өткен сайын қоғамдағы тез өзгермелі үрдістер бізді нарықтық заман талаптарына барынша бейімдей түсуде. Тәуелсіздік жылдарындағы алуан реформаларды айтпағанның өзінде білім жүйесіндегі соңғы күрт өзгерістер осының дәлелі болса керек.

ҰБТ жүйесін өзгеше бағытта өзгерту, мектепті бескүндік жұмыс аптасына көшіру, бірінші сынып оқушыларын жаңа әдістемелік технологиямен оқыту, үштілділікті енгізу сияқты жаңалықтар, шынын айту керек, қоғамды, ата-аналарды, тіпті ұстаздар қауымының өзін кәдімгідей дүр сілкіндіріп, демін іштерінен алғызып қойды.

Осындай қарбалас сәтте Мақтарал аудандық білім бөліміне басшылыққа Л.Қойлыбаев деген азамат келді. Іске кірісе сала оның сыбайлас жемқорлықпен бел шеше күресіп кетуі, талайларды ойландырып тастады. Тұрғындар арасында ол туралы әр түрлі мазмұндағы гу-гу әңгіме өріс алып кетті. Көптің аузына ешкім қақпақ бола алмайтыны белгілі. Оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталған шақта оның қызметттік бағыт-бағдарына жан-жақты үңіліп, оқырманға толымды да шынайы мәлімет жеткізу үшін онымен ұшырасуға асықтық.

Ол мұғалімдердің тамыз кеңесінде «Қазір қоғамда білім мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлықтың көріністері туралы теріс пікір қалыптасқан. Оның кейде шындыққа жанасатыны да өтірік емес» — депті. Сол айда ол 6300 мұғаліммен жүздесіп олардың пікірлерін жинақтапты, сыбайлас жемқорлықпен күресуге шақырыпты. Патриотизмге шақырады. «Патриотизм қолына найза алып қанды шайқасқа шығу емес қой, бүгінгі таңда жемқорлықпен күресу-нағыз патриоттық іс» дейді ол кісі. Алдымен мектептердегі бақылау мен басшылыққа назар аударады. Мұғалімдерге, директордың орынбасарларына аудандық білім бөліміне сабылып келе беруіне тиым салады. Бекітілген, тиісті берілетін есептерді мектепте отырып электронды жүйемен ғана тапсыруды міндеттейді. Осыдан кейін мектептерге барып басшылардың сабаққа кіру есебін алып отыратын болған. Аудандық білім бөліміне, әкімшілікке шақырылмаса, қолы бос болса, мектепте жүрсе де осы шаруаны жолға қоя алмай жүргендерді еске алып ,өкініш білдіріп, бір тоқтады.

Соңғы 12 жылда 17 мектептің бірде-бір рет «Алтын белгі» алмағаны белгілі. Осы орайда ол күн сайын бөлімдегі жұмысы басталғанша және аяқталған соң аталмыш мектептерге шығып тұратынын тілге тиек етті. Әрине, мұндай тексерулер бір үлкен мәселенің бетін ашпайды, бірақ жұмысқа деген ынта –жігерді, құлшынысты, өндіріс ырғағының сақталуы мен ұйымдастырылуынан мол хабар береді. Көрсеткіштері төмен 30 мектепті есепке алып отырмын. Оларды білім көтеру курсынан өткендер қауымдастығы мүшелеріне бөліп бердім. Осы қызметкерлердің жол кіресіне ақша бөлуді қарастырып жатқан жайт бар. Алла қаласа, алдағы ақпан айында шешіліп қалатын сияқты.Оларға сол жердегі педұжым мүшелерін сілкіндіру, жігерлендіру, білімдерін жетілдіруді басты міндет етіп тапсырамын.
Жаңартылған білім беру үрдісіне көшу мұғалімдерге деген талапты күшейте түсіп отыр. Осындай жағдайда кейбір мұғалімдердің білім деңгейіне күдіктене қарау ел арасында орын алған, әсіресе жоғары оқу орындарын сырттан оқып бітіргендер туралы пікірлер біржақты емес.

Қолында заңды дипломы тұрғанда біз оларға ештеңе дей алмаймыз. Тек өзін өзі жетілдірсін. Елбасымыз айтқандай адам өмір бойы оқу керек. Оқысын, үйренсін, сілкінсін. «Кешегі жазған өлеңім, бүгін өзіме ұнап тұрса, онда мен жақсы ақын емес екенмін» деген екен бір ғұлама. Сол айтпақшы әркім өзіне сын көзбен қарап үйрену керек, олай болмағанда кез келген сәтте жағаға шығып қаласыз. Нарықтық өмірдің талабы осылай.
Мектеп директорларын қызметке ашық конкурс арқылы тағайындауды іске асырып жатырмыз. Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етіп, әдістемелік кабинет қызметкерлері, заңгерлер, билік өкілдері қатысуда.

Ал қатардағы мұғалімді жұмысқа қабылдау директордың құзырындағы мәселе, соған қарамай бұл жерде де жариялылық орын алғаны жөн. Әдістемелік бірлестік мүшелерінің пікірлері ескерілуі керек. Өзім мектепте директор болып жүргенімде жаңадан мұғалім қабылдамайтын едім, сонан туысқандарым да маған өкпелі болды. Уақытша немесе біржола кеткен адамның жүктемесін істеп жүргендерге бөліп беретін едім. Енді олар жан-тәнімен іске жаңаша кірісетінін көз көрді. Көптеген мектептерде мұғалімдердің апталық сабақ жүктемелері заңды талапқа сай болмай жатқан жағдайда директорлардың осы тәсілді ұстағаны жөн болмақ.

Мектептен, сыныптан тыс шараларды өткізгенде жаттандылыққа, бірізділікке салынып кетіп, білім алуға кедергі келтіріп жататыны тәжірибеде жиі кездесетінін алға тартқанымызда, ол кісі ойын төмендегідей өрбітті. «Мектептен, сыныптан тыс шараларсыз болмайды. Әр әрекеттің көздеген нысанасы болады. Бұл шаралардың тәрбиелік маңызын арттыра отырып оны білім сапасын арттыруға пайдалануымыз, ұштастыруымыз қажет. Мысалы, көңілді тапқырлар клубына (КВН) «3» деген бағасы барлар да алғашқыда қатыса береді де, келесі сатыларға бағасын, білімін көтермесе қатыстырмайтын механизм жасаймыз. Мектеп оқушылары арасында аудандық ақындар айтысын өткізіп жатырмыз. 60 адамнан тұратын оркестр құрудамыз. Мұндағы нысанамыз – тұлғаны жан-жақты тәрбиелеу, әрі сол арқылы сапалы білімге қол жеткізу. Жақсы мұғалім мектептің жүрегі екенін айтып кеткен ұлы Ыбырай Алтынсарин: «Тамаша жақсы педагогика қүралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды» депті сол кезде үкіметке жазған баяндамасында… Олай болса бізге бүгінгі таңда, ұрпақты ғана емес, қоғамды тәрбиелейтін жан-жақты дамыған мәдениетті ұстаздар керек».

Осы жерде біз Лесхан Мырзаханұлының аудан орталығында драма театрдың болуын ерекше мүмкіндік деп санайтынын бөліп айтқымыз келді. Мұғалімдермен театрда кездеспек, спектакль алдыннан 20 минут сөйлемек, жақсылап дем алып серпілген соң, «Театр мәдениеті деген не?» тақырыбына шағын шығарма жазуды ұсынбақшы.

Сондай-ақ, ол көктемгі каникул күндерінде оқушы өміріне арналған бір көркем дүние қойылса, оның кейіпкерлері болып мектеп оқушылары кәсіби актерлермен бірге ойнаса деп армандайтын болып шықты.
Несі бар, білім берудің Қазақстандық басты бағыты – тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін дамыту болып отырған талапқа тамаша үйлесіп тұрған идея екен деп түйдік.
Лесхан Қойлыбаев осы қызметке келгелі бері аудан, облыс әкімдері ауысты. Бұл жағдай оған қандай да бір дәрежеде әсері болған, болмағандығын сұрадық.

Лекең көп ойланбастан былай деді: «Асыл дініміз Исламда намаз оқыған кісі әр намазын соңғы рет оқып тұрғандай жауапкершілікпен беріле оқу керектігі жайында талап бар екен, сол сияқты адам таңертең жұмысқа келгенде осы қызметке өмірінде бірінші рет келіп тұрғандай сезімде болғаны жөн. Мен бойыма осы мінезді әбден қалыптастырып алғанмын. Мектепте мұғалім, оқу ісі бойынша орынбасар, директор лауазымдарында болдым. Сарыағаш аудандық білім бөлімінде, облыстық білім басқармасында, Білім және Ғылым Министрлігінде жауапты қызметтер атқардым. Қайда жүрсемде әлгі мінезімнен бір танған емеспін. Алған бағытым, идеям билікпен үйлеспеген жағдайда дереу арызымды жазып шығып кететінмін. Мектеп директоры кезінде солай болды. Кейін өздері қайта шақырған сәттерде болды. Міне, осылай. Таққа ешқашан талпынбаймын. Мені ешкім кресломен қорқыта алмайды… —Әп, бәрекелді! Жемқорлардың жылы-жылы сөзіне алданып қалма, айналайын!,- деп қоштастық.

Сайлау ҚҰЛЖАНҰЛЫ,
Мақтарал ауданы.