5 мың түп ағаш отырғызылды

173
0

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Шатқал» бағдарламасы аясында қаладағы салынып жатқан екінші саябаққа 5 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

«Самал» шатқалы деп атау берілген саябақ 38 гектар аумақты құрайды. Оның ұзындығы 1750 метр болып келеді. Қараусыз қалған сай-салаларды абаттандырып, көгалдандыру мақсатында 15 мыңнан астам — үйеңкі, емен, шаған, шынар, қарағаш, сексеуіл, қараған, жылауық тал мен арша, қарағай калифорниялық терек егілетін болады.
Еліміздегі тұңғыш жоба болып саналатын бағдарламаның жай-жапсарына тоқталған өңір басшысы игі іске баршаны бір кісідей қатысып, қаланы жасыл желекке айналдыруға өз үлестерін қосуға шақырды.
«Аталған бағдарлама бойынша алдағы уақытта Шымкент шаһарының аймағындағы шатқалдарды көгалдандыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы аумағы 16 мың 800 гектарды халық демалатын орындарына айналдырумыз керек. Биыл Шымкентте көлемі 100 гектарға жуық 5 сай-саланы демалыс кешеніне айналдырамыз.

Тұрғындарының саны миллионға жуықтаған облыс орталығының экологиялық ахуалын жақсартып, жасыл қалаға айналдыруға тиіспіз » деді Жансейіт Қансейітұлы.
Саябаққа келушілер ашық аспан астындағы амфитеатрларда түрлі ұйымдастырылған мәдени кештерді тамашалайды. Одан бөлек балалар алаңшасы, шахмат пен дойбы алаңы, веложолдар мен спорттық жаттығуға арналған орын мен полиция бөлімшесі салынып ел игілігіне беріледі.
Бұл бағдарламаның басты мақсаты — қараусыз қалған шатқалдарды халық демалатын саябаққа айналдыру. Бұл әдіспен салынған саябақтарды әлемнің өркениеті дамыған елдері табиғи ландшафты сақталған деп жоғары бағалап, сүйікті демалыс аймақтарының біріне айналдырған.

Айта кетейік, шаһардағы бос жатқан сай-салаларды көгалдандырып, абаттандыру жұмыстарына демеушілер мен ерікті мекеме ұйымдары да тартылып жатқанын еске саламыз. Мәселен, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ұжымы жасыл желек қатарын дамыту жұмыстарына өз үлестерін қосу мақсатында 5 гектар жерді көгалдандыруға ниет білдіріп отыр.
Эколог ғалымдардың мәлімдеуінше желтоқсан-ақпан айларында егілген жасыл желектер табиғаттың түрлі жағдайларына – ыстық пен суыққа төтеп беріп, төзімді болуға септігін тигізеді.
Өткен аптада биылға жоспарланған 5 шатқалдың алғашқысына сенбілік ұйымдастырылып, «Шымсая» атауы берілген саябақта бір күнде мыңнан астам көшет егілген болатын.